Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: Біз өте салғырт, бойкүйез ұлтпыз

Қазақтың бет-бейнесі қандай болуы керек?

Шындығы сол, өзбек десең ала шапанды, тақиялы адам елестейді, қырғыз десең айрықалпақты, түркімен десең сеңсең бөрік киген жан көз алдымызға келе қалады. Ал, қазақты осындай өзгеше түрде елестету қиын. Тым мәдениеттеніп, еуропашалап кеттік. Тек бір тойларда ғана қазақы шапан, камзол кигендерді көруге болады. Бірақ ол жалпы ұлттың бет-бейнесін бере алмасы хаһ. Не істеу керек? Демек, фундаметалды қазақтың бейнесін жасау үшін, бұл жерде этнографтар жұмыс істегені дұрыс-ау. Мәселен, Индияда қыздар мен келіншектердің бәрі дерлік сари киеді, яғни дәстүрлі киімін киіп күнделікті күн кешеді. Оңтүстік Кореяның профессорлары тек корейше ғылыми баяндама жасайды екен, аудармашы ағылшыншаға аударғаннан кейін, таза ағылшынша сұрақтарға жауап береді. Еуропадан, Америкадан өз еліне оралған еврейлердің өздері-ақ, «е, біздің ата-бабамыз осылай киінген екен ғой, біз неге сол дәстүрге бет бұрмасқа» деген ойда қалады. Сол секілді бізде де сондай кварталдар бой көтеріп жатса, жаман болмас еді-ау. Бірақ енді бұл арман ғой. Біз өте салғырт, бойкүйез ұлтпыз. Жаңашыл болғанға ұмтыламыз, ал мәдениетімізді жаңғыртуға, дәстүрімізді сақтауға келгенде олақпыз, енжармыз.

Жалпы, қоғамға не жетпейді деп ойлайсыз?

Байқап тұрсаң, қоғамда тап күресі байқалды. Еңбекте әділ ақы бөліс керек. Сонда елдің тап тарапынан қақ жарылуы тоқтайды. Екінші бір мәселе, қоғам орысшыл қазақ, қазақшыл қазақ деп бөліне жаздады. Құдайға шүкір қазір бұл процес тоқтады. Қазір орыстілді қазақтардың өзінде отаншылдық мінез пайда болды. Олар қазақ номенклатурасының мемлекетшілдері күресте алда тұр десек те болады. Жалпы, менің ойымша ұлтқа бөлінуді қою керек-ау деймін. Ең маңыздысы үлкен қазақ ұлтын жасау керек. Бар күш соған арналғаны дұрыс. Мәселен, соңғы он жылда ұйғыр ұлты 26 пайызға өсуі керек еді. Бірақ олар бар-жоғы 7 пайызға өсті. Қалғаны қайда кетті дейсіз ғой, себебі олар қазақ болып жазылып жатыр. Өздерін қазақ ретінде сезіне бастады. Сол секілді өзбектер арасында да сондай үрдіс басталуда. Мұндай жағдайға жету үшін мектептерді орыс-қазақ-өзбек деп бөлмей бірегей мектеп жасау қажет. Бағыт-бағдар қазақша болуы шарт. Сонда біз «Үлкен қазақ» дейтін жаңа ұрпақ даярлай аламыз. Сонда ұлт ішіндегі бәсеке меритократия принципімен, яғни тегіне қарай емес талантына қарай жалғасады.