Кененбай МАМБЕТАЛИЕВ: Туризмді зерттемейінше, елге әлем туристерін тарта алмаймыз

Бюджетің қаншама қаржысы туризм саласын дамытуға бөлінсе де  осы сала кеткен шығынды ақтамай отырған тәрізді. Ал әлем елдері осы саладан пайда түсіріп қана отырмастан өз елдерінің атын да жаhанға таратып  отыр.   Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Президентінің “Болашақ” степендиясының иегері, Джордж Вашингтон университетінің түлегі, география ғылымдарының кандидаты Кененбай Мамбеталиевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 – Туризмді ғылым ретінде қарастыруға бола ма?Әлемде осы салаға арналған ғылыми зерттеу  институттары кездесе ме? Қазақстанда туризм зерттеу институтын ашу қаншалықты маңызды?

– Ал батыс ғалымдарының арасында туризм  ғылым ба әлде экономикалық құбылыс па деген тартыс жүріп жатыр. Батыстық Geoff Crouch, Chris Ryan, Michael Hall сияқты ғалымдары  туризм  экономиканың маңызды саласы ретінде мойындалғандығына сүйеніп,  ғылым ретінде қарастыру мәселесіне ойлануға шақырса, оған қарсы пікір айтушы ғалымдар туризмнің өзіндік теориясы мен әдістемесі нақтыланбағандықтан ғылым ретінде қарастырылмайды деп қорытындылайды. Қарап отырсаңыз, диссертациялар жазылып, ғылым магистрлері мен Ph.D докторлар дайындалуы ғылым саласы ретінде айқындалып келе жатыр деп айтуға болатын да сияқты. Дегенмен бұл мәселе уақытты талап етеді. Мысалы, география ғылымының мыңдаған жылдық тарихына қарамастан өз алдына ғылыми дәрежелер бертінде ғана беріле бастағанын білесіздер.Сондықтан, туризмді ғылым ретінде тану мәселесін талқылау біздің қоғам үшін ерте болғандықтан, оны ғылым саласы ма  немесе ғылым саласы емес пе деп бас қатырудың қажеті жоқ. Әлемдік тәжірибеде туризм халықтың әл ауқатын көтеретін индустрия екендігі әлдеқашан дәлелдегендіктен осы салаға  мұқият назар аударуға шақырамыз. Оның үстіне біз әлі туризмнің маңыздылығын түсіне қойған жоқпыз.Ұлттық түсінікте туризмді – қыдыру сипаты немесе спорт саласының бір  көрінісі  ретінде қарастырады.Тіпті Туризм Индустриясы Комитетінің бағдарламалары да мемлекеттің туризм саласына немқұрайлы қарайтындығын көрсетеді. Оның дәлелдері ретінде, экономикалық-ғылыми талаптарды ескерместен осы Комитеттің тарапынан қабылданған туризм концепциялары мен бағдарламаларын айтуға болады. Ал келесі сауалыңызға келсек, әлемнің барлық дамыған елдерінде туризм саласын зерттеуге арналған ғылыми- зерттеу институттары бар. Мысалы,отыз-қырық жыл уақыттан бері жұмыс жасап келе жатқан Испаниядағы Туризмді Зерттеудің Халықаралық Академиясы, АҚШ -тағы Халықаралық Туризмді Зерттеу Институты мен жақында ғана Қытайда Туризм Ғылымы Институтының ашылуы жарқын дәлел бола алады. Ал біздің елімізде туризм саласына жауапты мемлекеттік мекемелер мен мамандық беру ұйымдарын байланыстыратын ғылыми-зерттеу институтының  жоқтығынан отандық  туризм саласын зерттеу жұмыстары дағдарыста. Туризмнің теориялық және әдіснамалық негіздері туралы айтпағанда туристерді санау тәсілдері бір ізге түспеген немесе жетілмегендіктен  туристердің саны туралы мәліметтердің өзі күмәнді. Осы ретте, туризм мамандарын дайындайтын жүзден астам оқу орындарына қосымша тағы да бір жоғарғы оқу орнын ашу емес, қазіргі таңда жұмыс жасап отырған оқу орындардың ғылыми бағыттарын  айқындап, ел туризмін әлемдік туризммен байланыстыра отырып зерттейтін өз алдына жеке ғылыми-зерттеу институтын құру маңызды мәселе деп есептейміз. Бұл мәселеге байланысты  біздің ғалымдар ел туризмін зерттеуге мемлекеттің назарын аудару үшін, Америкадағы Халықаралық Туризмді Зерттеу Институтындағы әріптестерімізбен келіссөз жүргізудеміз.

          – Сонда қазіргі күнге дейін елімізде туризмді зерттейтін бір де бір институт немесе мекеме құрылмаған ба?Сізге дейін ешкім туризмді зерттеу институтын құру мәселесімен шұғылданбаған ба?Жалпы мемлекеттік органдар қалай қарайды?

– Ресми түрде еліміздегі “туризм индустриясын дамытудың теориялық,  әдіснамалық және практикалық мәселелеріне зерттеулер” жүргізумен «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ айналысады екен. Құрылғанына он жылға жуықтаса да осы мекеменің атынан шыққан туризмнің теориясына немесе әдіснамасына арналған бір де бір ғылыми еңбек кездестірмедім. Тіпті осы мекеменің веб сайтында да  және  онлайн ресурстарда да олардың шығарған еңбектерінің тізімі туралы мәліметтер жоқ. Мүмкін олар өздерінің жасаған ғылыми жұмыстарын кең көлемде насихаттай алмай жатқан болар деп ойлаймын. Ал ғылыми зерттеу институтын ашу мәселесін қазақ туризмі жанашыры О.Мазбаев сияқты ғалымдардың көтеріп жүргенін айтпағанда, Туризм Индустриясы Комитеті өздері де 2000-ші жылдардың басында қабылдаған Туризм Концепциясында жоспарлаған. Бірақ неге екені белгісіз, аяқсыз қалып кеткен. Қазір біз қайтадан туризм институтының маңыздылығын құзырлы  мекемелердің есіне салып отырмыз. Жуырда, Білім және Ғылым Вице-министрі Р.Биғаримен кездесіп, туризм зерттеу институтын ашу маңыздылығын жеткіздім. Вице-министріміз PhD қорғаған, ғылымның, ғалымдардың жайын білетіндігін байқатып, бірден осы бастамамызды қолдайтындығын жеткізді. Енді қалғаны уақыт еншісінде.

– Әрине, АҚШ тағы Халықаралық Туризмді Зерттеу Институты, Джордж Вашингтон Университетінің елімізде туризм зерттеу институты ашылса, өз үлесін қосамыз деп отырғаны қуантарлық жағдай. Бірақ, біздің ғалымдар олардың көмегінсіз жұмыс атқара алмай ма?

– Туризм саласына еліміз тәуелсіздік алған соң ғана назар аудара бастады. Тәуелсіздікке дейін Кеңес үкіметінің ықпалында болған біз үшін “басқалар” шешім шығарып отырғаны бәрімізге аян. Оның үстіне біздің оқытушы профессорлар құрамы Ресей ғалымдарының еңбектеріне арқа сүйейтіні жасырын емес. Елімізде 2017 жылы қабылданған туризмнің 2023 жылға дейінгі даму Концепциясы да ресейлік әріптестеріміздің жасаған Концепцияларын үлгі еткен. Ал Ресейдің бұл саладағы тәжірибесі американдықтардан өзгеше. Осының нәтижесінде кей тұстарда мамандарымыз бен ғылыми зерттеулеріміз әлемдік талап пен ғылыми стандарттарға сәйкес келмеуде. Оның үстіне туризм саласында классик ғалымдар тапшы.

Қазақ туризм саласын қалыптастыруда Ә.Бейсенова, Р.Ердәулетов, А.Медеу, Ж.Достай, О.Мазбаев, М.Сайпов сияқты ғалымдардың зор үлес қосқанын айтсақ, қазіргі таңда К.Каймулдинова, С.Алшынбеков және Қ.Омаров сияқты саусақпен санарлық ғана ғалымдарымыз туризм саласын зерттеумен айналысуда. Ал Америкадағы Джордж Вашингтон университеті –әлемдегі беделді жоғары оқу орынның бірі. Туризм Индустриясы Комитетінің тұжырымдама авторлары  айта беретін “Ted Qual” сертификаты осы университеттің ғылыми жұмыстарының негізінде жасалған. Осы университетпен байланыс орнату арқылы еліміз туризм саласын ғылыми-зерттеуде әлемдік ғылыми әдістерді үйреніп,  оны мамандар дайындау мен болашақ зерттеулерімізде пайдалана алар едік. Ал жауапты мемлекеттік мекемелер ғылыми зерттеу институтын ашуға келісім берген жағдайда институттың зерттеу жұмыстарын бір жүйеге келтіргенше америкалық ғалымдардың  көмегін пайдаланғаннан ұтылмаймыз. Оның үстіне бұл Қазақстанның аты әлемге Джордж Вашингтон университеті арқылы таралып қана қоймай, елге әлем туристерін тартудың тиімді тәсілі.

 – Джордж Вашингтон университетінің Халықаралық Туризмді Зерттеу Институты Қазақстандағы және Орталық Азиядағы туризмнің дамуына  неге ынталы?

– Американдықтар үшін  біздің елдегі табиғаты мен туризм нысандары қызықты. Әсіресе, Рухани Туризм туралы жоспарларымыз олар үшін таңқаларлық. Жалпы америкалықтар тәжірибе алмасу мәселесіне қатты назар аударады. Сол үшін аймақтағы туризм зерттеушілерімен байланыс орнату екі жақ үшін де болашақ ғылыми-зерттеулер жасауда маңызды шара  деп айта алмыз. Оның үстіне, әлем туристері үшін жаңа туристік аймақ, танылмаған қызықты орта қажет.Таяу шығыс мемлекеттері арасындағықақтығыстар мен шиеленістер ол аймақтың туристік тартымдылығына әсер етуде. Ал Еуропада “туристердің шектен тыс артуы”(ағылшын тілінде  overtourism) мәселесінен туризм саласының ғалымдарына жаңа туристік аймақ қарастырутуындауда. Туризм саласында “Орталық Азия” термині әлі қалыптаспағандықтан, АҚШ туристері осы аймақтағы елдерді орта ғасырлық,“Ауғанстан немесе Пәкістан”тәрізді экономикасы нашаржәне қауіпті аймақ ретінде пайымдайды. Ал туризм ғалымдары үшін әлем туристеріне қауіпсіз, қызықты, “инкогнита” аймақ ұсыну қазіргі кездегі туризм саласының негізгі міндеттерінің бірі деп айтуға болады. Сондықтан АҚШ- тық әріптестеріміз осы  талаптарға Қазақстанның, яғни Орталық Азия аймағының қаншалықты сәйкес келетініне көз жеткізгісі келіп отырған тәрізді. Осы сәтті Қазақстанның және Орталық Азия мемлекеттерінің туризм саласына жауапты мекемелері тиімді пайдалануы қажет.

 – Олай болған жағдайда Орталық Азия елдерінің де туризмін зерттеу үшін арнайы ғылыми зерттеу институтын неге құрмасқа?

– Әрине, осы бес елдің туризмге жауапты мемлекеттік тұлғалары туризмді дамыту үшін біршама жұмыстар атқарғаны рас. Оның дәлелдері ретінде ТМД Туризм Кеңесі немесе Түркі Кеңесі сияқты құрылымдар аясында жасалып жатқан іс-шараларды айтуға болады. Бірақ осы  атқарылған іс-шаралардың әсері ТМД аймағын ғана қамтығанын ескерсек, халықаралық маркетте өздерінің бәсекеге әлсіздігін танытады. Осы бес елдің туризмге жауапты мемлекеттік ресми тұлғалары әлі күнге дейін әлемге Орталық Азия елдерінің туристік потенциалын өз деңгейінде таныта алмады, оны таныту үшін жасалған біріккен тиімді жоспарлары да жоқ. Тіпті, олар туризмді дамытудағы ең маңызды қадам, яғни Дүниежүзілік туристік ұйыммен байланысты өз деңгейінде жасай алмай да  отыр деп те айтуға болады. Егер, бес ел осы ДТҰ  ресурстарында  Еуропа елдері деп көрсетілген топтан шығып, жеке, тек қана бес елді қамтитын Орталық Азия елдері тобын құрмайынша,  аймақ туристер үшін елеусіз қалып, халықаралық нарықтан алатын үлесінен құр қала береді. Біз конференцияда аймақтағы туризм мәселелерін тұтас зерттеу үшін және болашақта осы бес ел халықаралық маркетке Орталық Азияны насихаттау  мақсатында ғылыми зерттеу институтын құруды да ұсынбақпыз. Жалпы осы жағдай Дүниежүзілік Туристік ұйымның елдерді топтау әдістемесінде география ғылымының ерекшіліктерін ескермеуінен шығып отырғандығын байқауға болады. Географ ғалымдар да ДТҰ елдерді топтау мәселесіне келісе қоймайды деп ойлаймыз.

– Туризмде Орталық Азия ұғымына байланысты осы кезге дейін сала ғалымдары тарапынан мүлдем,бір де біріс-шаралар жасалмаған ба?

– Өкінішке қарай, әлемдік туризм саласына қатысты беделді ұйымдардың онлайн ресурстарында, индекс, немесе репорттарында Орталық Азия термині пайдаланылмайды, сондықтан көбіне Еуразия терминін қолданылады. Бірақ, айтып өткеніміздей  Еуразия терминінің аясына да аймақтағы бес мемлекет толығымен енбеген. Ал, осыған дейінгі елімізде қабылданған Туризм Концепцияларында, Орталық Азия мен Еуразия терминдері туралы айтылған. Тіпті, халықаралық туризмде Орталық Азия  термині қалыптаспағанына қарамастан бұрынғы қабылданған Туризм Концепциясында туризм саласы бойынша Орталық Азия  Лидері болу мақсаты қойылған. Бірақ, осы “Орталық Азия Лидері” болу мақсатының нәтижесін айта алмаймын, себебі Қазақстан туризм саласы бойынша “Орталық Азия Лидері” болды деген сипаттағы ақпарат батыстық туризм саласына қатысты басылымдарда жарияланбаған.Тіпті ТМД- лық басылымдардан да осындай жарнамалық  ақпараттарды кездестірмедім. Лидер болған жағдайда ол ақпаратты беделді туристік басылымдар арқылы жарнамалап сол арқылы әлемнің назарын аудару керек еді. Дегенмен, әлемге танымал Джордж Вашингтон Университеті, Халықаралық Туризмді Зерттеу Институты шығаратын “Adventure Tourism  Development Index” журналының соңғы жылдардағыиндекстерінеОрталықАзия термині қолданыла бастады. Мұнда да оны жеке топ ретінде емес Шығыс Еуропа мен Орталық Азия терминдерін қоса қатар пайдаланылған. Мұның өзі болашақта осы бес мемлекет өздерінің туризм концепцияларына “Орталық Азияның Лидері” болу мақсатын қойған жағдайда әлемдік маркетке насихаттау мүмкіндігі бар деген сөз.

 – Жақында енгізілген “Жібек жолы визасының” Қазақстан туризмі мен аймақ туризмін дамытуға қандай әсері бар?Турист санының артуына әсері болады ма?

– Баспасөздегі ақпараттардың мәліметке сүйенсек,“Жібек жолы визасының” мақсаты Жібек жолы бойында орналасқан елдерде туристердің еркін жүріп тұруына жасалған жағдай. Әрине, Кеңес Одағы кезеңіндегідей елазаматтарыныңкедергісіз саяхат жасауға мүмкіндігі болуы баршамызды қуантады. Бірақ, бұл виза туралы ТМД көлеміндегі елдердің ғана хабардар болатынын ескерсек, бұл аймақтағы туризмнің дамуына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Әлбетте, бұл жағдай турист санының өсуіне әсер етеді, бірақ Қазақстан  үшін жай ғана турист санының артуы емес, ел экономикасына мол пайда түсіретін туристер тарту маңызды. Әзірше, бұл елдерден алпауыт инвесторлар шығып біздің елдің туризміне  инвестиция салады деп ешкім айта алмайтын шығар. Егер осы бес мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы жанында  құрылған Дүниежүзілік Туристік Ұйымда Орталық Азияның бес елін жеке ұйым ретінде топтау мәселесін шешсе, содан кейін осы виза туралы әлемдік туристік маркетте насихаттаса ғана аймаққа ТМД-дан басқа шетелдік туристердің ағылуына мүмкіндік жасар еді. Негізінен, Қазақстан туризмі ТМД туристерін елге тартуда аса бір кедергілер көріп отырған жоқ және олардың ел экономикасына әсері де әлсіз.Жалпы, болашақта Орталық Азиядағы туризм әлемдік туризммен бәсекеге қабілетті жағдайға жеткенге дейін осы “Жібек жолы визасына”аймақтығы бес елден басқа мемлекетті қоспау қажет.

 – Сіздер туризм саласының дамуына мүдделі тараптардың барлығымен кездесіп, ел туризмінің болашақтағы дамуын талқылап, ортақ шешімге келгені дұрыс деп ойламайсыз ба?

– Бізде туризмге жауапты мемлекеттік мекемелер, мамандық беру ұйымдары мен мүдделі тараптар арасында үйлесімді байланыс жоқ. Осы жағдайды ескеріп,  Қаз ҰПУ-дің ректоры Такир Балықбаевтың қолдауымен, наурыз айының 14-15 күндері Қазақстан мен  Орталық Азия туризмінің мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізгелі отырмыз. Осы жиынға “альтернативті концепцияны” жасауға атсалысқан америкалық профессорлармен бірге Орталық Азиядағы бес мемлекеттің туризм саласының өкілдері қатысады. Сала мамандары үшін маңыздысы –америкалық профессорлар мастер класс өткізіп, қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификат беріледі. Сонымен бірге Дүниежүзілік Туристік Ұйым мен Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдері де келеді деп күтілуде. Конференцияда еліміздегі туризм саласына жауапты мекемелер: “Туризм Индустриясы Комитеті”, “Қазақстандық индустрияны дамыту институты” АҚ, “Туристік Кеңес” мүшелері, “Қазақ Туризм” АҚ өкілдері, Туризм Концепциясының авторларымен, әсіресе сала мамандарын дайындайтын оқу орындарындағы туризм ғалымдармен және мүдделі тараптардың барлығымен  бірге талқылаймыз деп үміттенеміз.

Еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

 

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ