Қолданыстан шығып қалған тіл-өлі тіл

— Досеке, соңғы уақытта қазақ тілі мәселесі қайта көтеріле бастаған сияқты. Қазақ тілін тірілтудің «екінші толқыны» басталды ма?

–Меніңше, бұл – табиғи заңдылық, немесе ғылыми тілмен айтқанда, диалектиканың заңы. Санның сапаға айналуы деген философияның категориясы бар. Қазақтілділер көбейген сайын, оның қолданылу ауқымы да кеңейе түседі. Бірақ өкінішке орай, қазіргі кездегі қазақ тілінің қолдану мүмкіндігі «құдайға шүкір» деуге де келмейді… Демек, оны өзгертуді, қазақ тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істеуін қамтамасыз етуді қазақтілділердің өздері талап етіп, қолға ала бастайды. Орыстілді билік отыз жыл бойы үйренген әдетіне басып, «сәлеметсіздер ме!» мен «тыңдағандарыңызға рақметті» қазақша айтқандарына мәз болып отыра береміз деп ойлайтын болар. Бірақ олай болмайды. Біз осы бір жалпақшешейлікпен тәуелсіз қазақ елінде өскен екі ұрпақты орыстандырып алдық. Соңғы уақыттағы әлеуметтік желіде «Қазақша жаз», «Тіл майдан», «Мониторинг тіл», «Тіл қорғаны», т.т. сияқты топтардың пайда болуы – осының айғағы. Қуанарлық жай, соңғы екеуі тіл мәселесімен айналысатын мемлекеттік органдардың –  Алматы қалалық тіл басқармасы мен Тіл саясаты комитетінің бастамалары. Алғашқыда павлодарлық Руза Бейсембайтегі бастаған тілді қолдану мәселесіндегі соттасу акциялары қазір көптеген облыста жалғасын тауып жатыр. Оғыз Доғанның, Қуат Ахметовтердің жеңісі де азаматтарға үлкен күш бергені анық. Қысқасы, мен Сіздің пікіріңізге қосыламын, егер сексенінші жылдардың соңындағы қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусын беруді талап еткен ұлттық қозғалыстарды – бірінші толқын дейтін болсақ,  қазақ тілін сөз жүзінде емес, іс жүзінде мемлекеттік деңгейге көтеруге бағытталған бұл іс-әрекеттерді – «екінші толқын» деуге әдбен болады.

– Араларына отыз жыл салған бұл әрекеттердің ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар ма?        

— Ұқсастықтары – түсінікті, жетпіс жыл бодандықта болып, өшуге айналған қазақ тілін тірілту, мемлекеттік деңгейде қолданысқа алып келу. Ал айырмашылықтары өте көп: Біріншіден, қазіргі тіл үшін күрес – Мәскеумен, бізді отарлап отырған метрополиямен, өздерін, өздерінің тілдерін бірінші сорт, ал қазақ тілін мүлдем мойындамайтын орыс шовинистерімен күрес емес, өзіміздің билікпен, тілдер туралы заң қабылдаған Парламентпен, сол заңға қол қойған Президентпен, орыстілді болып кеткен балаларын да бір тілді – орыстілді етіп, тәрбиелеп отырған өзіміздің қазақтармен, қазақ тілін қолданғысы келмейтін шенеуніктермен  және осы мәселеге «онда тұрған не бар?» деп бойкүйездікпен қарайтын қазақтілділермен күрес. Менің қорқатыным – «Сіздердікі – дұрыс, маладессіңдер, тіл үшін осылай бітіспес күрес жүргізуіміз керек» деп телефон шұқылап, үйде жататын ағайындардың көптігі… Қазіргі әрекеттердің басты айырмашылығы – қазақ тілін ҚОЛДАНУ мәселесінің күн тәртібіне шыққандығы. Билік бізге қанша қазақ мектебінің салынғандығы немесе қазақ балабақшасында қанша баланың тәрбие алып жүргендігі, қазақ тілінде қанша газет-журналдың шыққанын көрсетіп, сол арқылы қазақ тілінің мәселесін шешіп жатқандай болады. Бірақ қазақ мектебін бітірген миллиондаған балалардың Алматы мен Астанаға немесе Павлодар, Өскемен, Қостанайға келіп, жұмысқа тұру үшін, кафе, асханадан тамақ ішу үшін, дүкеннен өзіне керекті зат сатып алу үшін, т.т. орыс тілін білуге, сол тілді сөйлеуге мәжбүр болатынын қаперге алғысы келмейді. Әрине, бұл жерде қазақ тілінде  қызмет көрсетуді талап ете алмайтын азаматтардың өздері де кінәлі. Осы ащы шындықты да мойындауға тура келеді. Бірақ билік орындары қазақ тілін керек етпей отырғанын (Президентіміз өзінің халықына жасаған (!) Жолдауын 75 пайыз орыс тілінде айтқаннан кейін не сұрайсың?) көріп отырған қазақ кімнен, нені талап етпек?! Осы отыз жылдың ішінде орыс тілінде жазылған не толтырылған қағаз-құжаттарды бергенде, «бұны алмаймын, маған қазақ тіліндегі нұсқасын беріңіз», деген заңды талапты айта алмай, үнсіз алып кете беретін жағдайға жеттік. Бұл – қорқыныш емес, бұл – қанымызға сіңіп кеткен ұлтсыздық дерті.  Ешқайсымыз осы жағдайды өзіміздің ана тілімізді қорлату, мемлекетінің тілін мойындамау деп қабылдамаймыз. Жиналыстарда орыс тілінде сөйлеген басшылардың сөзін бөліп, «Сіз мемлекеттік қызметкерсіз. Қазақша сөйлеңіз,  орыс тілінде Ресейге барғанда, сөйлейсіз», дейтін азаматтар азайып кетті.

Сіз айтып отырған «екінші толқынның» басты ерекшелігі – тілдің ҚОЛДАНЫЛУ қажеттілігінің бірінші орынға шығуы. Қолданыстан шығып қалған тілді – өлі тіл дейді.

– Өзіңіз айтып отырған орыстілді қауым, орыстілді шенеуніктер, орыстілді қазақтар бұл іс-әрекетерді қалай қабылдайды деп ойлайсыз және олардың тарапынан қандай қарсылықтар болуы мүмкін? 

– Қазақ тілінің қолданылуын талап етіп жүрген азаматтар Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңы мен «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңын басшылыққа алып жүр. Ал мемлекеттік тілді қолданудан бас тартып отырған жандар – бюрократия мен тілдің қолданысын бақылайтын заң нормаларының солқылдақтығын пайдаланып отыр. Ең бастысы, заңдардың жұмыс істеуін бақылайтын бірден бір орган – Прокуратура – тіл туралы заңның бұзылу деректеріне ешқандай жаза қолданбай, ай бағып отыр. Ең қызығы, сол прокурорлар, әкімдер, депутатттар мемлекеттік тілдің жағдайын, тіл туралы заңның жүзеге аспай жатқанын күнделікті өмірде көріп отыр. Олар да дүкенге барады (сөрелердегі тауарлардың атаулары қазақ тілінде емес), кинотеатрларға кіреді (билеттер тек орыс тілінде), техника, құрал-жабдық сатып алады (нұсқаулық тек орыс тілінде), дүкендегі чектердің өзі Ресейдің мемлекеттік тілінде. Бұлардың барлығы – конституциялық заңның бұзылуының нақты көрінісі. Бірақ олардың да еттері үйреніп кеткен… Меніңше, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан ең басты қарсылық – қазақ тілінің қолданылуын міндеттейтін нормаларды мойындамау деп есептеймін.

Ал орыстілді азаматтардың басым көпшілігі «осы уақытқа дейін орыс тілінде жазып, орыс тілінде сауда жасап, бір-бірімізді түсінісіп келдік қой, енді қазақ тілін талап етудің не керегі бар» деген түсінікте отыр. Бұл – баяғы «менімен сөйлесу үшін – менің тілімді үйренуге тиіссің, ал сенімен қарым-қатынасқа түсу үшін мен сенің тіліңді үйренбеймін» деп шекесінен қарайтын, орыстың ұлыдержавалық шовинизмі дертінің қалдығы. Көпшілігі өздерінің осы аурумен ауырғанын, аурудың меңдеп кеткенін білмейді де, ойламайды да… Олармен қазақ тілінде сөйлесуге көшсең, ұяты барлары «мынау не деген ақымақ?» дегендей, саған мүсіркей қарайды. Ал ұяты жоқтары «сен неге ұлттың арасына іріткі саласың?» деп шабалана жөнеледі. Ең қорқыныштысы, бұлардың осындай жаласына лайықты жаза да жоқ.

Әрине, заңдық талаптар мен қатаң жауапкершілік қарастырумен бірге түсіндіру жұмыстары да ауадай қажет. Соңғы уақытта бұндай жұмыстар жүргізіліп те жүр. Жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізгі факторы» деген жоба ашып, қазақ тілінің бүгінгі жағдайын орыстілді аудиторияда, орыстілді азаматтармен талқылай бастады. Әсіресе, мұндай жұмыстар шартты түрде «орыстілді аймақ» деп аталатын алты облыста үзбей жүргізілуі шарт. Орыстілді азаматтардың көпшілігі, өкінішке орай, тілдік ахуалдың өзгергенін сезбейді, білмейді, түсінбейді. Президенттен бастап, әкімдерге дейін орыс тілінде сөйлегеннен соң, ол бейшаралар қазақ халқының жанайқайын қалай естісін?

— Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайын барлығымыз білеміз. Ханнан бастап, қараға дейін. Тәуелсіз елміз. Заңды өзгертеміз бе, жаңа заң қабылдаймыз ба? Қысқасы, қандай өзгерістер жасаймыз десек те өзіміз білеміз. Онда «қазақ тілінде қызмет көрсетілсін!» деген ұран көтеріп, шеру ұйымдастырып, сотқа беріп, қоғамды шулатып не көрінді? Радикалды тәсілден гөрі заңдық тәсіл дұрыс емес пе?

– «Өзіміз» деген сөз, нақтылауды қажет ететін сияқты. Тәуелсіздіктен соң, билікке бұрын Мәскеуге жан-тәнімен қызмет еткен, коммунистік идеологияның сенімді сарбаздары келді. Иә, олар осы елдің азаматтары, сондықтан «өзіміз» шығар, бірақ ұлттың болашағы сөз болғанда, қазақтың құндылықтарын тірілту мәселесі күн тәртібіне шыққанда, олар «өзіміз» емес. Орыс тілі – бұлардың жаны, тірегі, анасы, мүмкін, ар-намысы да шығар. Сонымен қатар орыс тілі – бұлардың наны, жалақысы, лауазымы, тіршілігінің көзі. Егер қазақ тілі, қолданыс жағынан, ең болмаса, орыс тілі деңгейіне дейін көтерілсе, бұлардың сексен пайызы табысты қызметтерінен айрылады. Қазақ тілінде тілін шайнап, сөйлейтін балаларының тоқсан пайызы жұмыссыз қалады. Ал ағылшын мен орыс тілін ғана білетін немерелерінің жүз пайызы қой бағып кететін болар. Сондықтан қазіргі билік қазақ тілінің көсегесін көгертеді деп айта алмаймын. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ресторанда отырып, бірауыз қазақша сөзі жоқ «Ас мәзірін» қарап шығып, полиция шақырып, «тұтынушы құқығы бұзылып жатыр, мына жерде неліктен ас мәзірі қазақ тілінде берілмеген?» деп сотқа жүгінгенін көз алдыңызға елестете аласыз ба? Жоқ. Бірақ ол Алматыдағы барлық кафе, ресторандардың қожайындарын шақырып алып, қасына қалалық прокурорды отырғызып, «Сіздер мына жерде Қазақстанның бір емес, екі заңын бұзып отырсыздар. Тез арада дұрыстаңдар!» деп бұл заңсыздықты бес күннің ішінде орнына қоя алады. Сонда біз де көше кезіп, дүкендерде орыстілді азаматтармен айқайласып, апта сайын сотқа барып, жүйкемізді жұқартпай-ақ, Алматы қаласы көлемінде мемлекеттік тілімізді ҚОЛДАНЫСҚА енгізер едік.  Ал осы сөзді Президент айтса және оның қасында қабағын қарс түйіп, Бас Прокурор отырса, қазақ тілінің қолданылуы  Қазақ елінде де шешімін табар еді.

Енді заң туралы да бір-екі ауыз сөз айтайық. Иә, Конституция бойынша «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Болды. Орыс тілінің қолданылу деңгейін Ата заң осы баппен бітіреді. Бірақ біздің билік көшелердің атаулары екі тілде болуы керек, дүкендердегі тауарлардың атаулары, бағалары екі тілде болуы керек, мекемелердің маңдайшасындағы жазулар екі тілде болуы керек. Керек десеңіз, ақшаның жазулары да екі тілде болуы керек деген негізсіз заң нормаларын енгізіп, қостілді мемлекетке айналдырды. Ал қолданыста тағы да орыс тілі ғана қалды. Әділет министрлігінің қазақ елінің азаматарын таңғалдыратын бір ережесі бар: «мемлекеттік тіркеу үшін қазақ және орыс тілдерінде жасалған нотариат куәландырған жарғы» талап етіледі. Демек, кез келген ұйым ашатындар қазақ тіліндегі Жарғыны, өз қалтасынан ақша төлеп, орысшаға аударуы керек. Қазақ тіліндегі жарғы түсінікті, ал орыс тіліндегі аудармасын неліктен талап ететінін ешкім білмейді. Өйткені көрші Ресей елінің тілін білуге біз міндетті емеспіз ғой. Бұл – әрине, ақылға да, заңға да сыймайтын талап. Бірақ министрлік өздерінде қазақ тіліндегі жарғыны оқитын адамның жоқ екендігін қалай мойындасын. Егер Әділет министрлігі осындай заңсыздықтарға барса, дүңгіршік иелері не істемейді? Қазір қазақ елінде, қазақ тілін, тек өз елінің мемлекеттік тілін білетін азаматтарға қызмет көрсетуден бас тарту жағдайлары да орын ала бастады. Жаңа «Ас мәзірі» туралы айтып кеттік қой. Осы мәселе маған 50 жылдардағы Американы еске түсіреді. Естеріңізде болар, расизм дамып тұрған уақытта ол елде «қара нәсілділерге арналған асхана», автобустарда «қара нәсілдерге арналған орындар» деген жазулар болатын. Дәл осындай жағдай отаршылдық кезінде Алматыда да болған деген сөз бар. Қазіргі кафедралық собордың қасында «иттер мен қазақтарға жүруге болмайды» деген хабарландыру болыпты… Мүмкін, қазақ тілінде «Ас мәзірі» жоқ асхана, ресторандардың маңдайшасына «Қазақтілділер мен иттерге кіруге болмайды» деген жазуды іліп қою керек болар.

Кеңес одағы кезінде бізде екі мемлекеттік тіл болатын, бірақ өмірде, отбасы ошақ қасыннан басқа жерде, бір ғана орыс тілі қолданылатын. Ал қазір бір ғана мемлекеттік тіл бар, бірақ біз қостілділікке де жете алмай жүрміз. Егер билік бұлардың барлығы қазақтілді азаматтардың ар-намысына тимейді, осы қалыппен тағы отыз жыл жүре береді деп есептесе, қатты қателеседі. Демек, бұл жағдай тез арада түзелу керек.

— Тілдік мәселе ұлттық, ұлтаралық, одан әрі саяси мәселеге айналып кетпейді ме?

– Шындығында, тілдік мәселе – лингвистикалық мәселе. Байқайсыз ба, мен осы сұхбат барысында (басқа кездесулерімде, мақалаларымда да) «қазақтілді», «орыстілді» деген сөздерді қолдандым. «Орыстілді» қауымға миллиондаған қазақтар кіреді. Ал «қазақтілділердің» ішінде марқұм Гераға, Асылы апайдан бастап, жүз мыңдаған өзге ұлт өкілдері бар. Әрине, тіл мәселесін ұлтаралық жанжалға айналдыруға тырысатын арандатушылар жоқ емес. Олардың үгіт-насихаты өтіп кеткен орыстілді азаматтар да жеткілікті. Өткен жолы, әуежайдың ішіндегі жазбаларға мониторинг жасап жүріп, билет сататын бір кеңсеге кіріп, сол жердегі орыс қызына тек қана орыс тілінде жазылған ақпаратты көрсетіп, екі тілде жазу керектігін түсіндіріп жатсам, ол маған «тағы да ұлтшылдықты көтеріп жүрсіздер» деп дүрсе қоя берді. Мен оған жаңа ғана дәл осындай екі-үш кеңседегі қазақ азаматтарына да ескерту жасағанымды айтып едім, «шынында да, қазақтарға да ескерттіңіз бе?» деп сенер-сенбесін білмей қалды. Олар үшін қазақ тілін талап еткендердің барлығы – ұлтшыл. Егер біз айқай шығып кетеді деп үркетін болсақ, орыс тілін мемлекеттік тіл жасап, тыныш отыруымыз керек те, немесе өзіміздің қай тілде сөйлеу, қай тілде ақпарат алу құқығымызды қорғап, соңғы деміміз қалғанша, күресуіміз керек. Басқа жолды көріп тұрған жоқпын. Отыз жылдан соң, «асықпайық», «бірте-бірте орнына келеді», «бір күнде жасалмайды ғой» деген сөздер орынсыз ғана емес, халықты алдау болып қабылданады.

– Досеке, соңғы сұрағым болсын. Осы келеңсіз жағдайды кім шешеді деп ойлайсыз, кімге сенім артасыз? Қазақ тіліне деген бұрынғы көзқарасын өзгертуі мүмкін билікке ме, әлде осы мәселені заң арқылы шешуге бағытталған «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдауы мүмкін Парламентке ме? Қазақ тілі мәселесін түсініп, біздің көзқарасымызды қолдайтын орыстілді азаматтарға ма, жоғарыдағы сіз айтқан заң баптарын өмірге енгізіп, қазақ тілін қолдануға қарсыларды аямай жазалайтын прокуратураға ма, әлде осы мәселені қазір көтеріп жүрген топтарға ма?

— Қазақ тілінің қолданысын реттеу – Үкіметтің міндеті. Оны қазіргі заңдармен-ақ шешуге болады. Қазір «еститін үкімет» деген сөз пайда болды. Біріншіден, осы сөзді естісем, орыстың «Васька слушает, да есть…» деген мақалы  есіме түседі. Бұл – тыңдауын тыңдайды да өзінің ойына келгенін жасап отыра береді деген сөз. Екіншіден, бұл сөз, «бұрын үкіметіміз саңырау болыпты ғой» деген ойға әкеледі екен. Меніңше, бізге «еститін және сол естіген мәселеден қортынды шығарып, нақты іс-әрекет жасайтын» үкімет керек. Алдында айттым ғой, бұл заңсыздықтарды Қазақ елінің барлық лауазымды адамдары күнде көріп жүр. Бірақ олар орыс тілінде жап-жақсы жұмыс істеп, нандарын жеп жүргеннен кейін, қазақ тілінің «екінші сорт» болып қалғанына көңіл аудармайды. Демек, бұл – қазақтілділердің міндеті. Солар ғана қазақ тілінің қолдану деңгейін шешіп, қазіргі қорлануы жағдайынан алып шыға алады.

Қайрат МАТРЕКОВ