Қосановтардың әлі талайы болады – Тоғжан Қожалиева

Ел ішінде депутат Бекболат Тілеуханның келіні Тоғжан Қожалиева саяси алаңда жаңа “ХАҚ” деген партия құрып жатыр деген әңгіменің көтерілгеніне көп бола қойған жоқ. Әлі тіркеліп те үлгермеген бұл партияның артынан небір алып-қашпа тон пішу мен қауесеттер де еріп жатыр. Zakon.kz тілшісі құрылып жатқан “ХАҚ” партиясының жетекшісі Тоғжан Қожалиевадан шағын сұхбат алды.

– Сіздің анау-мынау емес, бірден саяси партия құру идеяңызға не түрткі болды?

– Партия құру идеясы соңғы президенттік сайлаудан кейін туындағанын жасырмаймын. Ол сайлауда бәріміз бақылаушы болдық қой, сондағы бақылағанымыз – жаппай фальсификация мен дауыс беруге ынталы халықтың көптігі, бақылаушылардың белсенділігі қатты байқалды. Халық шынымен өз дауысын бергісі-ақ келді, бірақ баршамыздың таңдауымыз бен қалауымыз аяққа тапталды. Үндемей отыра бермей, қозғалыс бастап, жалпы билікке келу керек екенін сол кезде мен ғана емес, талай адам түсінген шығар. Хаосты реттеу үшін сол хаостың басына бару керек. Ел билігіне өз халқына шын ниетімен, адал қызмет ететін адамдардың келгені керек. Халыққа адал қызмет ететін уақыт келді. Халқымызға ең жетпейтіні осы ғой – биліктің адал қызметі.

– “ХАҚ” деген атауға қоғам үрке қарап отыр ғой…

– Хақ деген атауымыздан біреулер діни астар іздейді. “Неге партияның атауын Хақ деп қойдыңдар” деген сұрақтар келіп жатыр. Хақ деген – қазақтың ежелден келе жатқан сөзі. Хақ деген – шындық, ақиқат, тура жол деген мағынаны білдіреді. Қазір бізге сыртымыздан салафизмге, вахабизмге қатысы бар деп сыртымыздан топырақ шашып жатқандар бар. Оны белгілі бір топтардың астыртын, қитұрқы әрекеті деп білеміз. Бекболат Тілеуханды да бізге қоса араластырып қояды. Ол кісінің бұл партияға, бұл жұмыстарға еш қатысы жоқ. “ХАҚ”-тың түпкі көздейтіні – Халыққа адал қызмет. Халыққа не жетпей жатыр қазір? Біздегі шенеунік атаулы ең алдымен өз қамын ойлайды. Бізде билікке жеткен кез-келген адам тек өз қамын ойлайды, биліктегі көптеген шенді-шекпендінің бар жетістігі – жеке басы мен туған-туысын байытып алғаны. Халықтың қамы жайына қалып жатыр ғой, шыны керек. Халықтың қарапайым мұң-мұқтажын ойлайтын сервистік мемлекет, қайырымды үкімет қайда? Мемлекет кез-келген азаматына қызмет көрсетуі керек. Одан басқаша болмауы керек. Мысалы, осы Хақ деген сөздің жастар жағы жиі қолданатын тағы бір мағынасы бар: лайфхак, хакинг, хакер деген. Біздің көздегеніміз – жүйеге хак жасау. Жүйені өзгерту.

– Бұл партия тіркелді ме? Жоғарыдан қысым бар ма?

– Біз қазір өз қозғалымысыздың платформасын әзірлеп жатырмыз. Партияны тіркеу үрдісін бастағанымызға екі апта ғана болды. Өткен дүйсенбіде бастамашыл топтың құжаттарын тапсырғанбыз, бірақ құжаттарымыз кері қайтып келді. Биыл 29 маусымнан бастап құжаттарды қабылдау тәртібі өзгеріпті. Президент Тоқаевтың инаугурациясынан кейін заңға енізілген алғашқы өзгертулердің бірі осы болды. Бұл демократияға жол ашатын емес, керісінше, оны тұншықтыратын өзгеріс. Бұрын мысалы, 29 маусымға дейінгі тәртіп бойынша, 10 адамдық бастамашыл топтың партия құру туралы арызын әділет министрлігіне тапсыруға болатын. Сосын 1 айдың көлемінде арыз қарастырылып, рұқсат беруге болатын. Ал қазіргі жаңа тәртіп бойынша, рұқсат алу үшін 10 адамның емес, мың адамның қолы керек екен. 29 маусымнан бері осындай өзгеріс болғанын көпшілік біле бермейді. Біз алдымен осындай түлкі-бұлаңдарды болдырмау үшін әділет министрлігіне партия тіркеу тәртіптеріне байланысты барлық сауалдарымызды жолдап қойдық. Егжей-тегжейлі жауап алып алуымыз керек алдымен. Олардан жауап алған соң тіркеу үрдісін қайта бастамақпыз. Ал қысымға келсек, мәселен, кешелі бері Instagram мен Facebook-те біздің сілтемелеріміз бұғатталып жатыр, телефондарымыз тыңдалады.

– Партияңыздың құрамында кімдер бар?

– Біздің қазақ қайда жүрсе де бір танымал тұлғаларды іздеп тұрады. Не батыр іздеу керек, не ақын іздеу керек. Санамызға сондай көзқарас сіңіп кеткен. Біздің партиямыздың ерекшелігі – біздің партиямызға елге ешқандай танымалдығы жоқ жай адамдар, жаңа адамдар топтасуда. Орысымыз бар, кәрісіміз де қазағымыз бар дегендей, өз еліміздің қарапайым адамдары бәрі. Бізді біріктіретін адамның ұлты да, тілі де түрі де, діні де емес. Біздің ортақ қалауымыз – тоқырауға тап болып отырған елімізді реформалау. Сондықтан қатарымызға танымал адамдарды тарту деген мақсат жоқ. Ол қазір тіпті ескірген дәстүр дер едім. Төрде кім отырады? Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаеваны шығарып қойыңдар дейтін әдет бар ғой, мысалы. Бұл халықтың партиясы. Нақты әрекеттер партиясы.

– Партияның негізгі мақсаттары, ұстанымдары қандай?

– 4 айдан бері жер-жердегі, барша әлеуметтік топтарға жататын қалың бұқарамен күнделікті сөйлесіп келеміз. Түрлі идеяларды қарастырып жатырмыз. Байқағанымыз – халықтың санасы саяси өзгерістерге әлі дайын емес. Ең бастысы – бізге адамдардың түйсігін ашу толқынын бастап беру. Заңдарды өзгертейік, Конституцияны өзгертейік демейміз. Мұның бәрі халықтың санасы өзгергенде өзі-ақ келеді. Белсенділікті оятуымыз керек.

– Жаңа қозғалыстар мен партияларға деген сенімсіздік өте жоғары ғой.

– Әрине, халықтың сеніміне тым ауыр соққылар жасалды. Анау “Ақжол” заманынан сенімсіздік басталған. Келімбетов, Ораз Жандосовтар ҚДТ-дан “Ақжол” болды, онысы кейін “Нағыз Ақжол” болып тағы бүлінді. Жаңа Қазақстан-Ескі Қазақстан бар. Неге солай? Өйткені кез-келген қоғамдық көзқарас – билік үшін қауіп. Билік қызмет беріп, ақша мен жұмыс беріп сатып алады. Келімбетов қазір қайда? Ол Әблязовпен бірге ҚДТ-ның басында отыр еді ғой. Ораз Жандосов бүгін ұлттық кеңесте жүр. Ол да Аблязовтың жанында қасқайып тұрған кезінде. Әбілов, Бәйменов қайда? Бәйменов қазір комитеттердің бірінде отыр. Осындай жағдайлар болған соң халық сенбейді. Соңғы соққы Қосанов. Ондай Қосановтардың әлі талайы болады, өкінішке қарай. Сенімсіздікті жеңетін жеңіл жол жоқ. Тек нақты іспен нақты айналысу ғана бар. Бізге де сенбейді. “Оян Қазақстанға” да сенбейді, кеше олардың митингі өтті, қамалған ешкім жоқ. Ал ДВК-ның митингіне шығып көр – қамау басталады. Бар айырмашылығы – ДВК экстремистік ұйым танылған, ал “Оян Қазақстан” тіпті партия болуға да ұмтылмайтын қозғалыс. Күні кеше республика қозғалысы Нұр-Сұлтанда митинг өткізді. Олар тіпті митинг өткізуге рұқсат та сұрамаған. Сенімсіздік болады, әрі бұл өте дұрыс.

– Өзіңіз мемлекеттік қызметте болып па едіңіз?

– Мен мемлекеттік құрылымдарда ешқашан жұмыс істеген жоқпын. “Қазэнерджиде” жұмыс істедім, ол мемлекеттік құрылым емес, ол – мұнай-газ компанияларының қауымдастығы болатын. 2005-ші жылы Мәскеуде жұмыс істеп жүргенімде мені мемлекеттік қызметке шақырды. Мен одан саналы түрде бас тарттым. Бүгінгі мемлекет қызмет – өз креслоңнан айырылып қалудан қорқатын қызмет. Қызметіңнен айырылып қалмау үшін дені дұрыс қадамдарға бара алмайсың.

– Қазір партияның неше мүшесі бар?

– Әзірге мыңнан астам мүшеміз бар. Біз бәріне ашықпыз. ДВК тұрмақ, Нұр Отан мүшелері үшін ашықпыз. Қазіргі саяси жағдайға сай, екі ғана тарап бар – Нұр Отан мен ҚДТ. Екеуінің арасында ешқандай күш жоқ. Ондай пайда бола қалса – оны міндетті түрде біреудің жобасы деп айыптайды. Ал шындық сол – қазір адамдардың өзгерісті аңсайтыны соншалық, олар өздері болып бірігуге дайын. Сондай біріккендердің біріміз біз. Жұрт не демейді, біздің артымызда Тоқаев тұр, Сатыбалды, Дариға, Құлыбаев, Тілеухан тұр дейді. Бірақ біз ешкімнің де жобасы емеспіз. Қазіргі саяси жағдай сондай болғасын, осылай болады. Партия мүшелігінде бизнестен келген, шағырмашылық ортаның адамдары бар, өзіне өзі жұмыс істейтін жастар көп. Қазіргі жүйе кей адамдардың өз еркімен жұмыс істеуіне де мүмкіндік бермей жатыр. Мәселен, мен өзім үшін Зеленскийдің 100 күні мен Тоқаевтың 100 күнін салыстырып қарадым. Зеленский қанша нақты бастама көтерді, Тоқаев қанша көтерді? Біздегі демократияның бір қадам да алға жылжығаны байқалмады. Бізде президент ауысқан соң жасалған алғашқы өзгерістердің бірі – партия құру тәртібінің күрделенгені. Сөз жүзінде партиялардың дамуына либерализация жасалады делінеді, іс жүзінде мүлдем керісінше. Митинг туралы заңды жеңілдетеміз деді. Ал, митингке шығып көріңізші, бас салып автобусқа тығады. Елде митингтер көбейген сайын полициядан қорқу да қатар көбейеді. Митингке шыққандарды 10-15 тәулікке қамайды, артынан аңдиды. Біздің партияға келетіндердің арасында осындай артына аңду түскен азаматтар жетерлік, мысалы. Қандай пост жазғаны, қайда барып, кіммен сөйлескені, телефоны – бәрі аңдулы белсенділер бар арамызда.

– Қазақстандағы жастар мәселесіне қатысты айтарыңыз бар ма?

– Халықтың ойы бір жерден шыға алмай отыр. Өз маңайын ғана ойлайтын менталитеттен әріге аса алмай келеміз. Қазақстан туралы, бүтін елдің ауқымында ойлауды қойдық. Әр азамат ең алдымен ел туралы ойлау керек, өзінің ауылы мен ауданы туралы емес. Құдайға шүкір, қазір шамамен 80-ші жылдардан бері туған жастар басқа. Олар әділдікке, адалдық идеясына жақын, заңдылыққа ұмтылады, экологиялық жауапкершілігі бар. Олар үшін үлгі тұтар авторитет те жоқ. Өткенде көшеде бір жастар сұрағанымызда, ол тіпті “Оян Қазақстанды” білмейтін болып шықты. Ол үшін ондай қозғалыс идеал емес. Қазіргі жастардың әрқайсысы жеке тұлға, әрқайсысы лидер. Жастарға карьерасының ашық, әділетті болғаны, сапалы білім мен жеке ойының тәуелсіздігі ауадай қажет. Білім беруде жастардың жеке тұлғалық қасиеттерін тұншықтыруға мүлдем болмайды. Біз партиямыздың бағыттарында осы жайттарға үлкен мән бермекпіз.

– Рахмет!