Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Ұлт болып ұйитын идея керек

Ұлтқа төніп тұрған қауіп – ұлтсыздық. Ұлтсыздықтың бір көзі қазақ интеллигенциясының ұлттық құндылықтан гөрі жылы орынды жоғары бағалауында жатыр. Бұған келісесіз бе? Жалпы ұлттық сананы жаңғыртатын бір сілкініс қажет деп ойлайсыз ба? Ол сілкініс қандай болмақ?

Бізде қазір бір кітап шығарып немесе докторлығын қорғап профессор дәрежесін алған адамның барлығын зиялы деп атау әдетке айналған. Қауымның өзі зиялы сөзінің түп мағынасын түсінбей жатып, зиялы адамдар жылы орынды халықтан артық қояды деп айту қате. Себебі, ол сол орынды биік қойған сәттен бастап зиялы қауым өкілеттілігінен айрылатынын ұмытпауымыз керек. Зия сөзі – ашық, ақ деген ұғымды білдіреді. Яғни зиялы адамның санасы да, жүрегі  де ақ, таза, тұманданбаған болуы керек. Мен өзім зиялы адамды халық қамын ойлап, ел шаруасын шешіп, абыройды өзі іздемей, абыройға өзін іздеткен жан ретінде қабылдаймын. Халық пен билік арасында ешкандай кедергі болмау үшін араға көпір бола білген адам ғана – зиялы адам. Бізде біраз тұлғалар жұмысының басын жалынды сөздермен, тың идеялармен бастаған болатын. Олардың ойлары,  тіпті оппозицияның көрінісі ретінде қабылданған сәттер аз емес. Міне,  дәл сол жастар қазір ел ағасына айналды. Олардың отбасылары, жақындары, балалары бар. Жастық шақта қызу қанды, жігерлі болған олар, қазір өзін ойламаса да туғанын ойлайтын қауқарсыз, сөзін ашық айтудан сескенетін ағаларға айналғаны жасырын емес. Бұған себеп – біздің ұлтта бір мәселені не мақтау, не даттау керек. Сөздің ортасы жоқ. Қалыс қалуға болмайды. Оппозициялық ой қате пікір секілді қалыптасқан. Бірақ әлемдік тәжірибеде дәлелденгендей,  оппозициясы жақсы дамыған мемлекет қана үлкен жылдамдықпен ілгері қадам басатыны белгілі. Рас, санаға сілкініс керек. Біз жеке бастың дүниесін ұлттық құндылығымыздан жоғары қоюға тиіс емеспіз. Алдымен елім, сосын барып өзім деу қажет.

– Италиялық ойшыл Н.Макиавелли «ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, патриотизм мен имандылықтан айырылып, көнгіш, жалтақ, тілалғыш, жағымпаз болады» деген екен. «Мұндай жұрт кездейсоқ жағдайда табылған еркіндікті де пайдалана алмайды» депті. Бұл біздің ұлтқа қарап айтылған ой емес пе?

– Иә дәл біздің ұлтқа айтылған ой секілді. Тек бізге емес, барлық ұлтқа бірдей айтылады деп айтсам да қателеспеймін. Себебі, ұлт ұғымы бәріне ортақ. Осы уақыт ішінде біз өзіміздің тәуелсіз, еркін екенімізді әлі толық сезіне қоймаған секілдіміз. Тіпті тәуелсіздік мерекесінің өзі жаңа жыл секілді мерекелердің тасасында қалып қойып жатқан кездері де аз емес. Сезіне алмауымыздың басты себебі билік басындағы адамдардың тәрбиесінде, туа бітті көріп өскен қағидаларында болып отыр деп есептеймін. Мен өзім және менің жасымдағы адамдар – кеңес заманында өсіп, өнген азаматтар. Әрбір адам ұшқанда ұяда көргенін жасайтыны белгілі. Біз кішкентайымыздап жалтақтап, өзгенін пікіріне құлақ асып үйренген жандармыз. Біз комунистік құндылықтарды бойға сіңіріп өскенбіз. Қазақта жаман сөз бар ғой, «рухтағы құлдық қамшымен қусаң да кетпейді» деген. Сол себепті, біздің халық нағыз еркіндікті, тәуелсіздікті жаңа толқын, жаңа тыныс, жаңа ой, жаңа тәуелсіз елдің ауасымен тыныстап өскен жаңа жастар билікке тартылған кезде сезінетінін байқаймын.

Қазақстанның солтүстік облыстарын қазақыландыру саясаты кеш те болса қолға алына бастаған сияқты. Мұны қазақ елінің болашағына қатысты жасалатын қам деп түсінгеніміз дұрыс па?

– Өкінішке қарай, менің ойымша, қайтадан жай сөз болып қалатын секілді. Бұған дейін де бұл мәселе біраз қозғалып, айтылып келе жатыр. Неге екенін білмеймін,  бірақ билік басында осыны болдыртпауға тырысатын бір күш бар секілді. Себебі, орыс тілді өңірлерімізді қазақыландыру туралы сөз қарқынды қозғалып, жақсы бастамалар айтылады, артынша тоқтап қала береді. Неге? Түсініп болмайсың. Мәселен, қазақ тілін қолға аламыз деп болып жатқан сабақтың үстінен 3 дәріс қосамыз. Бірақ бір-екі айдан кейін дәріс саны қайтадан кемиді, тегін тіл үйрететін курстар ашамыз, көп ұзамай ол ақылы болып өзгереді. Жұмысқа қазақ тілінсіз қабылдамаймыз деп айтамыз да, қазақ тілін құжаттарды толтыру барысында ғана қолданамыз. Қазақ тіліндегі телеарналарды, ақпарат құралдарын көбейтеміз дейміз де, игі мәселелерді қолға аламыз, бірақ бірер жылдан кейін ақтамады деп жауып жатамыз. Оралмандарға «елге оралыңдар» деп аламыз да, көшті тоқтатып қоямыз. Не болмаса, елге келуіне түрлі кедергі келетін сан қилы бөгеттер жасаймыз. Неге, не үшін? Сыртағы ағайын біздің басты байлығымыз емес пе? Олар көптеп атамекеніне оралып жатса, бүгінгі қазақтың басында бар сан қилы мәселелер өздігінен шешімін тауып жатар еді. Тіл мәселесі де шешіліп сала берер еді ғой. Жалпы, маған солтүстікті қазақыландыру жобасы өте ұнайды. Осы бағдарламаны іске асыра отырып, біз бір оқпен екі емес бірнеше қоянды атып алатын едік. Біріншіден, солтүстікте халық санын көбейту, екіншіден, оларды қазақыландыру, үшіншіден, жетіспей жатқан кадрларды дайындау, төртіншіден, оңтүстік өңірдегі жұмыссыздықты жою, бесіншіден, жаңа салаларды игеру қолға алынады. Енді осы бағдарламаның жүзеге асуын күтейік. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамассыз ететін жобалардың бірі ғой. Сәтті болсын дейдік те.

Дәл қазір ұлтымыз қандай ұранның, ұлттық мүденің айналасына топталуы тиіс?

– Ұлттық идея отырып-отырып, толғанып, толғатып шығара салатын дүние емес. Ұлттық идея, аты айтып тұрғандай, ұлтымыздың барлық өкіліне, яғни кәріге де, жасқа да, байға да, кедейге де пайдасын әкелетін идея болуы тиіс. Оған адам біреудің айтқанымен емес өзінің түйсігімен түсініп, жүрегімен сезініп, өз еркімен келуі керек. Сонда ғана бұл ұлттық идея болады. Ұлттық идеяға бір ауыздан келудің екі жолы бар. Ол Германиядағы, Жапониядағы секілді қатты дағдарысты бастан өткізіп, халықпен бірлесе өз позициясын түбірімен өзгертіп, расында игеріп алып кете алатын салаға күш жұмсау. Екіншісі, зиялы қауым, ұлт белсенділері мен билік өкілдері бірлесе жиналыс өткізіп, барлық сатыдағы алдамдардың жағдайы қаралып, жалпыға пайдасын әкелетін шешім тауып, соны жүзеге асыру. Бізге барлығы сенетін, барлығына өзін мойындататын, өзіне сендіріп, болашаққа деген үлкен сенім ұялататын ортақ ұлттық идеяның керегі даусыз. Идеясы жоқ мемлекет қай бағытта дамитынын түсінбей, жасөспірім баладай анаған бір қызығып, мынаны бір түртіп, ортада қалып қояды. Ақыры біреудің жемтігіне айналады. Өзіңіз байқап қарасаңыз, кез келген дамыған бай мемлекеттердің бағыты жер байлықтарымен, табиғи байлықтармен шектелмеген. Өйткені қолдануын білмеген соң жердің асты мұнай мен алтынға толып жатқанынан пайда жоқ. Мысалға Нигерия халқынын жағдайын еске алсақ жеткілікті. Ал жер астында мұнай түгілі, қарапайым минаралдардың өзі кездесе бермейтін Жапония әлемдік нарықтың 12%-ын иемденіп отыр. Олар өз кезінде тізгінді жастардың қолына ұстатты. Оларды оқытты. Заманауи технолгияға бейімдеді. Міне, енді соның жемісін жеп отыр. Қысқасы, жапондар өздерін мұнаймен емес, біліммен асырап отыр. Ал бізде қозғалатын басты тақырыптар: алдымен – экономика, сосын – саясат одан қала берсе, шоу-бизнес. Ал білімді, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды қозғай бермейміз. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей, баспен жұмыс істеуді үйренгенде ғана біз жағдайымызды түзейміз. Жағдай түзелді деген сөз экономикамыздың жақсарғанын білдіреді. Ал экономикасы жақсы елдің саясаты өздігінен дұрысталып, билік пен халықтың арасындағы нағыз үйлесім сонда орнайды.

Әңгімелескендер Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,

Толғанай ТАЛҒАТҚЫЗЫ