Шыңғыс ЕРГӨБЕК: Адамзат бұрын-соңды болмаған таңдаумен жүздесуде

Заң ғылымының кандидаты, профессор, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының проректоры Шыңғыс Ергобекпен өрбіген сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз. 

– Коронавирус пандемиясының кеңінен етек жаюы адамзаттың алдында бірнеше маңызды сауалдар қойғаны айқын сезіледі және олардың ішіндегі ең маңыздысы – біз қайдан келдік, қазір қайдамыз және қайда барамыз?

– Аяқастынан адамзатқа тап берген бұл індет Қытайда кең етек алып жатқанда бәрі алыстағыдай көрінетін. Бізді бұл мәселе айналып өтетін шығар, бізге қатысы болмас деген ойлар өзге елдерде үміт отын жаққандай еді. Бірақ… Бүгінгідей жаһандану үдерісін бастан өткеріп жатқан әлемде ғаламдық мәселеден тысқары қалу мүмкін емес. Мәселе ғаламдық экономика, ғаламдық саясаттың бір межеге көшуінде ғана емес, адамдардың өз әлемін тек бір мемлекетпен шектей алмауында болып отыр. Әлемнің қолжетімділігі індеттің тез және кең таралуына жол ашты.

– Дегенмен бұл індеттің жалпыадамзаттық құндылықтарға ықпалы қандай болды, осыны саралап көрелік.

– Біріншіден, індеттің таралуы екі тамырлас ұғымның кең қанат жаюымен тұспалдас келді. Оның бірі ксенофобия мен рассизм болса, екіншісі – ұлтшылдық. Коронавирустың демократиялық құндылықтардың отаны болып табылатын Еуропада кеңінен қанат жаюы азиаттықтарға деген сенімсіздіктің бірге өршуіне алып келді. Метрода азиаттардан алыс отыру, мүмкіндігінше олармен қатынаспау, олармен байланыс құрудан алшақтау Еуропада да, әлемнің әртүрлі бөлшектерінде де кең таралған тенденцияға айналды. Адамзатты біріктіретін толеранттылық, ұлтқа, нәсілге бөлмеушілік ізім-қайым жоғалды.

Орта ғасырларда оба індетінен кейін Еуропада қайта өрлеу дәуірі басталған болса, коронавирус адамзатты құндылықтар тұрғысынан артқа сермеді деуге болады. Оның ортағасырлық қорқынышын, өмірге деген жаңа құлшынысын ашу, эгоизм сезімін ояту арқылы соңғы ғасырларда жеткен құндылық өзгерістерін жоққа шығарды демесек те, күн тәртібіне оның маңызды аспектілерін қайта қарауға қойғаны айқын. Бұған ұлтшылдықты қосыңыз. Мен мұнда өзін мойындауды немесе сан ғасырлап бұзылған елдігін қалпына келтіруге бағытталған дамушы елдердегі ұлтшылдықты меңзеп отырғаным жоқ. Бірінші кезекте қалыптасып қалған елдер мен одақтардағы ұлтшылдықтың өрбуін айтып отырмын. Коронавирус Қытайда кең етек жая бастағанда мемлекеттердің Қытайдағы індетті жеңуге деген ниетіне қарағанда, ұлттық эгоизмге негізделген өз шекараларын мықтап жабуға бағытталған саясаты басым болды. Егер сол кезде, басында індетті ауыздықтауға бірлесіп атсалысқанда коронавирус бұлай кең қанат жаймас па еді деген ой әлі күнге дейін адамзатты аса мазаламай отыр.

Қытай тоталитарлық мемлекет қой, онда ішкі шаруаларға араласуға мүмкіндік жоқ делік. Жарайды, ал Италия мен Испания ше? Бұл елдер Еуропалық одаққа мүше болғанына қарамастан, көрші елдер оларға шекараларын тарс жауап тастағаннан басқа, көмек көрсете қоймады. Мемлекеттің ауыр халін түсініп, бірінші көмек қолын созған коммунистік Қытай мен күдікті Ресей болғанын айтсақ, бірнеше ай бұрын адам сенгісіз факт болар еді. Италия мен Испанияның одақтастары тек шекарасын тарс жауып қойған жоқ, вируспен күресу үшін қажетті дәрілерді, жабдықтардың экспортына шектеу қойды.

– Демек, әмбебап адамзаттық құндылықтар ұлттық эгоизмге жол берді деген сөз.

– Бұл мәселені өзге қырынан қарастырайық. Интеграция маңызды басымдық деп қарастырсақ да, интеграциялық бірлестіктер індетке қарсы координациялық әрекет те, өзге әрекет те жүзеге асыра алмағанын аңғарамыз. Атышулы интеграциялық модель, Еуропалық одақ өз дәрменсіздігін танытты, НАФТА, Еуразиялық экономикалық одақ та жұмған аузын ашар емес. Дональд Трамп өзінің күнделікті брифингінде одақтастары туралы тіс жарған жоқ. Бұл да үлкен адамзаттық құндылық парадигмасының өзгергенінің айқын көрсеткіші болса керек.

Мәселенің үшінші қыры – дертпен күрес мақсатында әлемдегі түрлі мемлекеттер арасындағы экономикалық соғыс немесе шектеулер мәселесі. Дерттің дендеп тұрғанына қарамастан, әлемдік саясатта өзгеріс байқалмайды. Санкциялар сол күйі қалып отыр. Тіпті мұнай бағасына қатысты соғыстың жаңа кезеңі басталды. Сауд Арабиясы мен Ресей арасындағы энергетикалық соғыс ертең әлемдік мұнай нарығына кері әсерін тигізбей қоймасы анық.

 Екінші мәселе – індеттің демократиялық құндылықтарға тигізген кері әсерін атамаса болмайды. Түрлі мемлекеттерде коронавирустың таралуына қатысты статистикалық мәліметтерге арқа сүйейтін болсақ, демократиялық режим салтанат құрған елдердегі індеттің кең етек жайғанын және биліктің ішкі дағдарысқа түскенін байқау қиын емес. 1,5 миллиардқа таяу халқы бар тоталитарлық Қытай мен Италия, Оңтүстік Корея секілді демократиялық құндылықтарға негізделген мемлекеттерде зиян шеккендердің, ауру жұқтырғандардың саны бірдей. Мұны, әрине, тоталитарлық және авторитарлық жүйе елдеріндегі халықтың мобилизацияға икемділігімен, қатаң тәртіппен түсіндіруге болар. Бірақ демократиялық мемлекеттерде мұндай жағдайда адам өмірі басты құндылық екенін алға тартып, тиісті шаралар қолдануға болады емес пе? Тіпті АҚШ президенті Трамптың індетті өз қарсыластарының импичмент үшін пайдалану қорқынышынан карантинді кеш енгізгені індеттің кең таралуына жол ашты. Бұған АҚШ-та әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің кемел емесін ескерсеңіз (онда 56 миллион сақтандырылмаған тұлғалар өмір сүреді, демек, халықтың үлкен бөлігіне індетке шалдыққан жағдайда медициналық көмек қолжетімсіз болады, ал соңғы уақытта жұмыссыздар санының өсуімен бұл жағдай қиындай түсті), онда демократиялық құндылықтардың дағдарысын айқын сезесіз.

      Үшіншіден, індет демократиялық құндылықтар мен институттардың өзгерген шағында пайда болды. Бүгінгі демократия бұрынғы демократия емес. Оның құндылықтары да өзгеше. Өткен ғасырдың 50-80 жылдарындағы демократия даму демократиясы болатын. Оның өзгеруіне Мартин Лютер Кинг, Джон Кеннеди сынды азаматтар атсалысты. Ол кезде коммунистік идеологияға қарсы тұруда демократия терең қайта саралаудан өтті. Бостандықтың, тең құқықты қоғамның басымдығын орната алды. Маккартизмді басынан өткеріп, жаңа белестерді бағындыра алды, әйелдер мен ерлердің құқықтарын теңестіріп, сегрегацияның түрлі нысандарын жоя алды. Бірақ Фрэнсис Фукуяманың ойы бойынша, 90-жылдары абсолютті жеңіске жеткен демократиялық құндылықтар өзгеріп шыға келді. Ол өткен Ирак соғысында унитарлы билік тұжырымдамасымен сыналды. Унитарлы билік тұжырымдамасы елде дағдарыс пен төтенше жағдай орын алған кезде президент абсолютті билікке ие болатын ойдан туындайды. Бұл әрекеттің нәтижесінде Гуантанамода әскери тұтқындардың құқықтарын аяқасты ету секілді фактілер көрініс тапты. Иракқа, Ливияға негізсіз соғыс ашумен ерекшеленді.

– Бүгінгі АҚШ және батыстық демократиялық құндылықтар Мартин Лютер Кинг, Джон Кеннедидің кезіндегі, тіпті Обаманың кезіндегі құндылықтардың мирасқоры емес, Буш кезеңіндегі демократияның мирасқоры болып отырғандай…

– Мәселенің барлығы сонда. Гуантанамо мен сыртқы соғыстардың демократияға әсерін, Прага көктемі мен Венгриядағы оқиғалардың коммунистік идеологияға әсерімен салыстыруға болады. Ол кезде де Кеңестер Одағы коммунистік идеяны ғаламдық деңгейде беделінен айырған болатын. Әрі қарай не болғанын өздеріңіз білесіздер.

 Төртіншіден, аймақтық автономия қағидаларына арқа сүйейтін федералды мемлекеттерден унитарлылық қағидалары басым түсті. Федералды мемлекеттер жергілікті билікке кең өкілеттік беруінің нәтижесінде орталық биліктің әлсіздігін көрсетті. АҚШ президенті Дональд Трамп індеттен ең көп жапа шеккен Нью-Йорк штатына тыныс алу қондырғыларын жеткізу үшін өзге штат губернаторларынан рұқсат сұрап, уақыт ұттыруға мәжбүр. Ресей Федерациясының әр аймағында карантин режимі әртүрлі тәртіппен енгізілді. Бұл індеттің кең таралуына жол ашты.

Күн тәртібінде жақын арада туындайтын маңызды таңдау экономика мен адам өмірінің арасында болмақ. Көп елдер індеттің алдын алу үшін төтенше жағдай жариялады. Алайда оны жарияламаған елдер де бар. Посткеңестік елдердің ішінде бұлардың қатарына Беларусь пен Түрікменстанды, белгілі бір дәрежеде Тәжікстанды жатқызуға болады. Бұл елдер өздерінің экономикалық мүдделерінің басымдығын жариялады. Індетті аяғына дейін жеңбеген Қытайдың өзі карантиндік шектеулерді алып тастады, себебі ұзақ уақыт карантинді ұстап отыру үлкен экономикалық шығындарға алып келері сөзсіз.

   Жапония о баста бірқатар шектеуші шаралармен шектелгенімен, бүгінгі күні толыққанды карантинге көшу қажеттігін айқын сезіп отыр. Бірақ төтенше жағдайды ұзақ сақтап отырудың мүмкін еместігі бүгінгі күні кез келген адамға түсінікті. Індет АҚШ-та бірінші рет бой көрсеткен кезде президент Трамптың: «АҚШ экономикасы бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Мен ешқандай шектеулерге жол бермеймін», – деп мәлімдегені есімізде. Дәл осы тұста АҚШ-та орын алған әлеуметтік сауалнама азаматтардың экономикалық табысты өмірден жоғары бағалайтындығын көрсетті. Дегенмен уақыт өте келе Трамп мырза да пікірін өзгертті, жағдай да жылдам өзгерді. Халықаралық қатынастардағы өзгерістер біз айтпасақ та түсінікті секілді. Бұл саладағы басты қорытынды – адамзат тұтас бірлестік. Бір мемлекеттің басына туған күн екінші мемлекет басына да туады. Оның үстіне АҚШ, Ресей секілді мемлекеттер қанша жерден ұлылық танытса да, басқару жүйесі кемел емес, табиғаты қарапайым мемлекеттер. Олардың азаматтарының да дәл сондай мәселелері бар және «ұлылықтың» қарапайым азаматтарға пәлендей ықпалы жоқ секілді.

Уақыт өтер, бұл індетті де бастан өткеріп, адамзат жеңіске жетер. Бірақ індеттен әркімнің белгілі бір сабақ алуы маңызды. Бұл індеттің де берген сабағын саралау әлі ұзақ уақытты талап етері сөзсіз.

–       Әңгімеңізге  рақмет.

 Сұхбаттасқан  Күлтегін БЕК