Шыңғыс ЕРГӨБЕК, заң ғылымдарының кандидаты: Ортақ валюта егемендігімізді шектейді

 

– Еуразиялық экономикалық одақтың саясиланып бара жатқандығы жөнінде көп айтылады. Бұл экономикалық интеграцияға кері әсерін тигізуі мүмкін бе?

– Әрине ортақ нарық, әдетте тең дәрежелі әріптестер арасында қалыптасады. Одақ шеңберіндегі теңсіздік экномикалық тәуелділікке әкеледі. Ортақ нарықтық жүйе қағидалары енгізілген қауымдастық қана өзін тұрақты бірлестік ретінде айқындайды. Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде экономикалық интеграцияны тереңдетуге қарағанда одақ аймағын кеңейту тенденциясы басымдыққа ие болып келе жатқандығын байқап отырмыз. Еуроодақтың қалыптасу тарихына тоқталар болсақ, ең алдымен экономикалық интеграцияның тереңдеуі, кейін одақтың географиясының кеңеюі жүзеге асырылды. Себебі бірінші кезекте одаққа жаңадан мүшелікке қабылданатын елдердің экономикалық көрсеткіштерінің сәйкестілігіне баса назар аударылды. Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды ортақ нарық қалыптастырмай жатып, өзге елдерді өз құрамына қабылдауы интеграциялық процесті тежеуші болуы мүмкін. Тіпті бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресейге экономикалық әлеуеті жағынан теңесетін бірде-бір ел жоқ. Демек, үлкен саяси жоба болмаса, экономикалық тұрғыдан Ресей үшін кедендік одақтың өзі тиімсіз. Өйткені одақтың ең қуатты экономикасы ретінде Ресей өзге елдер экономикасын тұрақты түрде қолдауға мәжбүр болады. Расында соңғы уақтта Ресей экономикасында орын алған рубльдің девальвациясы болмаса Ресейге келетін импорттың көлемі экспорт көлемінен жоғары. Соңғы уақытта одақ құрамына қабылданған жаңа мемлекеттерге көз салсақ Армения, Қырғызстан секілді экономикасы әлсіз елдерді көреміз. Бұл елдердің экономикасы интеграциялық тұрғыдан Ресейді қызықтыра қоюы екіталай. Дегенмен Ресей бұл елдердің одаққа жылдам кіруіне мүдделілік танытып отыр. Себебі бұл Украинадағы дағдарыстан кейін өзінің геосаяси ықпалын арттыру мақсатында жүзеге асырылып отырған шара. Еуразиялық экономикалық одақ саяси бағдар алған жағдайда ортақ валютаның енгізілуі экономикалық бодандыққа әкелуі мүмкін. Қазақстан мен Беларусь мұндай сценарийдің дамуына мүдделі емес екендігін көрсетуде. Дегенмен, Ресей экономикасы Қазақстан экономикасынан алты есе үлкен екендігін ескерсек, ортақ валютаның тәуекелі де жоғары екендігін түсінеміз.

– Валюталық одақтың оңтайлы және кемшін тұстарын тілге тиек етсек.

Ортақ валюта интеграцияның маңызды көрсеткіші және құралы. Бұл ортақ нарық қалыптастырған елдердің аумағындағы қаржы құбылмалылығынан қорғайтын маңызды тетік. Ортақ валюта ортақ нарық аймағында өндірушілердің тең дәрежеде бәсекелестігіне жол ашады. Яғни экономиканың оңтайлы дамуына жағдай жасайды. Айталық Ресейде орын алған рубль девальвациясынан отандық өндірушілер қиын жағдайға түсті. Себебі бізде өндірілген тауардың нарықтағы құны ресейлік тауардан қымбат болып кетті. Нәтижесінде отандастарымыз Ресейге барып түрлі тауарларды арзанға сатып алды. Соның салдарынан отандық тауарға деген сұраныс төмендеді. Ортақ валюта енген жағдайды болдырмайды.

Бірақ ортақ валюта енгізілген жағдайда, тиісінше Ресейде орын алған қаржылық дағдарыс бізде де орын алады. Девальвация барысында орын алған әлеуметтік, қаржылық, банктік дағдарыстың ықпалы өте жоғары болады. Яғни шын мәнінде еліміз ұлттық экономикалық егемендігін шектейді. Бұл ел үшін үлкен сын. Себебі Ресей секілді алпауыт экономиканың ықпалы өте жоғары болатындығында күмән жоқ.

– Ортақ валюталық одақ идеясы Еуроодақтан өзге де аймақтарда енгізілуі мүмкін бе?

Бүгінгі күні ортақ валюта енгізу ниетін білдіріп отырған одақтардың қатарына Парсы шығанағындағы араб елдерінің одағын жатқызуға болады. Бұл елдер экономикалық интеграцияны ортақ сауда аймағын құрудан бастап, бүгінгі күні ортақ валюта енгізуге дайындығын көрсетіп отыр. Тіпті 2009 жылы Кувейтте өткен алты елдің Кувейт, Катар, Оман, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктерінің басшыларының кездесуінде жарияланған болатын. Дегенмен, Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман сұлтанаты бұл идеяны қолдай қоймады. Себебі белгілі. Ұлттық экономиканы реттеудің маңызды тетігінен айрылғысы келмейді. Егемендіктің белгісі болып табылатын ұлттық валютадан бас тарту өте күрделі, тіпті қауіпті құбылыс. Соған қарамастан төрт ел Кувейт, Сауд Арабиясы, Катар және Бахрейн ортақ валюта енгізуге мүдделілік танытып отыр. Олар уақыт өте келе конфедерация нысанындағы ортақ мемлекет құру идеясын да жасырған емес. Дегенмен енгізілуі 2010 жылы жоспарланған валюта бірнеше рет шегерілді. Бұл елдердің алдында Біріккен Араб Әмірліктері секілді конфедерацияның мысалы бар.

tazael.kz