Тұрсын ЖҰРТБАЙ: АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫН АРАНДАТУШЫ ПІКІРЛЕРДІҢ ҮНІ ӨШУІ ТИІС

– Осы идеялардың жолында күрескен Алаш ардақтыларының тәуелсіздік тұжы­рым­дары қандай? «Алаш» партиясының, «Алашорда» үкіметінің, «Алашорда» халық кеңесінің құрамындағы тұлғалардың бәрінің пікірі, ойы ортақ болған ба? Әлде, көзқарас қайшылықтары байқала ма?

– Мен бұл сұраққа бар иманыммен ант бере отырып: «Алаш ұранды қайрат­кер­лердің арасында ешқандай өзара дұшпан­дық, өзара қастандық, өзара сатқындық, көзқарас тұрғысынан алғанда өзара қарама-қарсы қақтығыс болған жоқ», – деп жауап беремін. Олардың көздеген жалғыз-ақ мақ­саты болды. Ол – қазақ ұлтының тәуел­сіздігі. Ал қазақ елінде тарихи үлгісі жоқ мемлекетті құрудың стратегиялық-тактикалық шараларын жүзеге асырудың жолдары туралы көзқарастар ұстанымы, пікір алмасулар, келіспеушіліктер болды. Бірақ бұл оларды өзара дұшпандыққа, бөлінуге алып келді деген сөз емес. Бұл – көзқарас алшақтығы емес, ортақ мақсатқа жету жолындағы пікірлер мен ұсыныстар. Бұған мысал ретінде, «қалай да алаш қайраткерлерінен мін таппай қоймаймын» деп жүрген өлермендер (мұны менің өзіме мәлімдеме ретінде жариялаған тарихшылар мен зерттеушілердің, «қаншылдардың» – жүздік патриоттардың аттарын атамай-ақ қояйын) мен өзеурегендер, «Алаш автономиясын жариялау, жарияламау туралы болған 1917 жылғы тамыз айындағы құ­рыл­тайдағы пікір таласын көлденең тартады. Х. Және Ж.Досмұхамедовтер – дереу Алаш автономиясын жариялауды, ал Ә.Бөкейханов бастаған екінші топ қашан сол тұста үшке бөлініп тұрған қазақ жері мен елінің тұтастығы шешілгенше, бұл мәселені сол аймақтардағы құрылтай жиналысының уәкілдерінің дауыс беруі арқылы шешіп алған соң жариялау қажет­тігін, әйтпесе, қазіргі солтүстік бес облыс пен Түпкістан уәлаятына қараған шығыс-оңтүстік батыстағы бес облыстың қазақ мемлекетінен бөлініп қалу қаупі барын алға тартты. Соңғы ұсыныс көпшілік дауыспен бекітілді. Желтоқсан айына дейін Омбыда – Ақмола уезінің, Түркістанда – Түпкістан уәлаятының құрылтайы өтіп, қазақ автономиясына кіру туралы қаулы қабылдаған соң ғана, Алаш автономиясы жарияланды. Егер де, сол құрылтайлардың шешімі болмаса, 1924 жылға дейін Қазақ АССР-нің құрамына кірмеген он облыс қазір Ресей мен Өзбекстанның, Түрк­менс­танның құрамында қалар еді. Міне, саяси көрегендік деп осыны айту керек. 1920 жылғы Қазақ автономиясының территориясы қай мөлшермен шектелер еді. Айтайын, қазіргі Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау облысының солтүстік қанатымен қайырылар еді. Демек, бұл – араздық емес, елдің тағдырына адалдық. Мұны бәрі де қостап дауыс берді. «Батыс алашорда» мен «Шығыс алашорда» – автономияның бөлшектенуі емес, бас­қару құрылымы. Батыс пен Шығыстың арасындағы оқиға күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп отырды. Өзара байланыс жоқ. Жағдайға қарай дербес шешім қабылдау қажет. Батыс орда және Торғай облысы большевиктердің қоршауына ерте түсіп, кеңес өкіметін ерте мойындады. Ал Колчак пен атамандардың құрсауындағы Шығыс алашорда кеңес өкіметіне бір жылдан кейін мойынсынды. Егер де, большевиктер жағына шықса, олардың, яғни, қазақтардың жаппай қырғынға ұшырауы сөзсіз еді. Мұны, А.Байтұрсынов Мәскеудегі кездесуде: «Шығыс алашорда дәл қазір кеңес өкіметін ашық мойындай алмайды. Олар ақтардың қоршауында қалды. Сондықтан да қаруларын әзір тастай алмайды», – деп мәлімдеді. Енді, осы да Батыс алашорда мен Шығыс алашорданың арасындағы араз­дықты, дұшпандықты білдіре ме? Мұндай, арандатушы пікірлердің үні өшуі тиіс.

 – Ал большевиктер ретінде танылған тұлғалардың өзге бағытты ұстануының қан­дай себептері болуы мүмкін?

– Мен бұған Ахаңның – Ахмет Байтұр­сын­ұлының түрме тергеушілеріне берген мына жауабы арқылы қысқаша жауап қайырайын. Ахаң: «Тұрар Рысқұловпен байланысыңыз бар ма? Сіздерді жақын араласады дейді ғой», – деген сұраққа: «Рысқұлов – большевик. Олар алашордаға жау. Біз де большевиктерге қарсы болдық. Сондықтан да мені олар жек көреді. Мен жақтырмаймын және ол мені Қожановпен жақсы деп ойлайды», – деп жауап береді. «Ендеше, Қожановпен қалайсыз?» – дейді қадалып. Оған: «Қожанов – коммунист. Мен коммунистермен араласпаймын. Олар да мені жек көреді және ол мені Рысқ­ұловпен жақсы деп ойлайды», – деген уәж қайырады. Егер, екеуінің бірін мойындаса, сол адам міндетті түрде түрмеге қамалар еді. Ахаң екеуін де ақтап алып отыр.

– Алашорда үкіметінің идеясына еңбегі сіңген, алайда ол санатта есімі атала бермейтін тұлғалар бар ма?

– Әрине, бар. Біз тек аса ұлы із қалдыр­ған тұлғалар туралы ғана мағлұматтарды жинақ­тай алып жатырмыз. Мысалы, Мұхамеджан Тынышбаевтің тарихи еңбектерінің толық нұсқасы әлі жинақталған жоқ. Ал, оның инженерлік еңбектері сол жабулы күйінде жатыр. Сондай-ақ, қазақтың тұңғыш биолог ғалымы Жұмахан Күдериннің сол кезде жарық көрген еңбектері әлі қайта басылған жоқ. Оның әртүрлі салаға арналған 26 ғылыми еңбегі бар. Жалпы, Жұмахан Кү­дерин­нің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді.

– Салиқалы әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Мөлдір Райымбек

(Сұхбат  қысқартылып алынды)

Дереккөз:  Қазақ  Әдебиеті