АҚШ барлауы: Қытай таяу жылдары озық қарумен жарақтанады

Қытай армиясы таяу жылдары соңғы үлгідегі озық қару-жараққа ие болуы мүмкін. АҚШ әскери барлауы бұл туралы 15 қаңтарда жариялаған арнайы есебінде хабарлаған. АҚШ барлауы Қытай соңғы жылдары қорғаныс күштерінің әскери әлеуетін күрт күшейту және Тайваньді Қытайға қосу мақсатында жүргізіп жатқан модернизация нәтижесінде заманауи қару-жараққа қол жеткізуі мүмкін екенін айтады.

Әскери барлау есебінде Пекин Тайваньді “сыртқы күштер” қорғауы мүмкін деп қауіптеніп, аймақтағы “бөтен күштердің” іс-әрекетін тежейтін жүйе жасауға мәжбүр болып отырғаны жазылған.

АҚШ мәліметі бойынша, Қытайдың 2018 жылы қорғанысқа бөлген қаржысы 200 миллиард доллардан асып, 2002 жылдан бері үш есеге көбейген. АҚШ-тың жылдық қорғаныс бюджеті 700 миллиард доллардан асқанымен, оның көбі ғылыми зерттеулер мен жаңа қорғаныс жүйелерін құруға жұмсалады. Ал Қытай зерттеуге кететін қаржыны үнемдеп, сатып алған және заңсыз жолмен қолға түсірген шетелдік технологияның көшірмесін жасауға ден қойып отыр. Пекин сонымен қатар Қытай нарығына кіргісі келетін батыс компанияларын күрделі технологияларды беруге мәжбүрлейді.

Америкалық барлау қызметінің мәліметінше, қазір Қытай арсеналында ұшақтан, кемелер мен сүңгуір қайықтан атылатын және мың шақырым қашыққа ұша алатын, мысалы АҚШ-тың ең үлкен әскери-теңіз базасы орналасқан Гуам аралына жететін қанатты зымырандар бар. Бұға қоса Қытай ұшақ таситын әскери кемелерге соққы беретін баллистикалық зымырандарды бірінші болып жасаған.

АҚШ сарапшылары Қытай Тайваньды өзіне күшпен қосып алуға әйтеуір бір талпыныс жасайды деп санамайды. Олардың болжамынша, Қытай бұл мәселеде жанжал шығарудан тартынады. АҚШ қарулы күштерінің жоғары шенді қызметкері СNN телеарнасына берген сұхбатында Пентагонның Қытай қорғаныс әлеуетін күшейтсе қытайлық әскерилердің өз-өзіне деген сенімі ұлғайып, олар Пекин билігіне соғыста жеңіске жетеміз деп мәлімдеуі мүмкін деп алаңдап отырғанын хабарлады.