Асқар Мамин парламент сессиясы жұмысын ұзартуды ұсынды

ҚР Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен ҚР Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті, отырыс барысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин депутаттарға VI шақырылымындағы төртінші сессияның жұмысын ұзарту туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік стратегиясын жалғастырып, халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған іргелі шараларды қабылдауда. Президент әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жарлыққа қол қойды”, — деп Премьер-Министр осы қабылданған шешімнің арқасында әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсетілетінін жеткізді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың ең өзекті әлеуметтік мәселелерін шұғыл түрде шешуге арналған және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жедел шаралар топтамасын әзірледі. Атап айтқанда, осы шаралардың іске асуының нәтижесінде ағымдағы жылдың аяғына дейін жұмысыз 300 мыңнан астам адам “Бастау бизнес” және “Жас кәсіпкер” бағдарламалары бойынша кәсіптік білім беру арқылы жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылады.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікті ұзақ мерзімді кредиттер және гранттар ұсыну арқылы дамыту шаралары, әлеуметтік көмек ұсынудың тиімділігін арттыру, аз қамтылған отбасыларға жалдамалы баспана құрылысының көлемін екі есе өсіру (жылына 20 мың пәтер), жұмыс істейтін жастарға жалдамалы үйдің құрылысын үш есеге арттыру (жылына 1 мың пәтерден 3 мың пәтерге дейін) шаралары қолға алынады. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балаларына кешенді әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылады, оның ішінде биыл 5 мың білім гранттарын бөлу, қоғамдық көлікте тегін жол жүруін қамтамасыз ету бар.

“Осы маңызы үлкен шараларды іске асыру үшін “2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістерді енгізу қажет. Осыған байланысты, бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясын жұмысының мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды сұраймын”, — деді Асқар Мамин.

ҚР Парламентінің депутаттары VI шақырылымындағы төртінші сессия жұмысын 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзарту туралы шешімді бірауыздан қабылдады.