Атамбаев айта береді

Осыдан біраз күн  бұрын қырғыздың  экс-президенті Алмазбек Атамбаев  өз  қарауындағы  «Апрель»  телеарнасына берген  сұхбатында,  қызды-қыздымен  біраз  нәрсені айтып салды. Ол  бүй  дейді: «Өзбек  билігіне Шавкат Мирзиеевтің  келуі,   тек  Өзбекстанда  ғана емес,  аймақтағы  жағдайға үлкен әсер  етті,  өзгертті. Қазіргі  Орта Азиядағы  бейбітшілік  пен келісім Мирзиеевтің  арқасы.  Мұндай  жағдай  жасауға  он жылдап  мемлекет басқарған  ешкімнің   қолынан келмеді.  Ал,  ол  екі  жылда  аймаққа  өзгеріс жасады».

Алмазбек  Атамбаевтың  бұл  айтқаны  жөнінде  белгілі  саясаттанушы Сайын  Борбасов  мынаны  айтады:

«Атамбаев жоғары-төмен сөйлей  беретін  адамдардың  қатарына  жатады. Айтқанында  салмақ  жоқ. Рас, Мирзиеев келгелі Өзбекстанның  ішкі-сырты  саясатында  үлкен  өзгерістер  болды. Ол  ашық  саясат  ұстануға  талпынып  жатыр. Реформалар жасауда.  Айнала көршілермен  тату, бірлікте  болуға  мүдделі. Жалпы,   өзбек  саясатында  да, экономикасында  да оңды қадамдар  жасалуда. Сырттан инвестиция  ағылып келе  бастады. Ислам Каримовтың кезінде Өзбекстан  қазыналы  көмбе  болатын. Қақпағын ешкімге аштырмаған.   Ал Мирзиеев   керісінше істеді. Көмбені  ашты. Содан  болар  қазір әлемнің әр  қиырынан инвесторлар Өзбекстанға ағылуда. Бұл экономиканың дамуына, халықтың  әл-ауқатын  көтеруге  үлкен  серпін  бермек.

Бір айта кететін жайт,  мұның  бәрін  Қазақстан  басынан кешірген. Қазіргі Мирзиеевтің  жасап жатқан  тірлігі Қазақстанның  жүріп өткен  жолының  көшірмесі. Басқа  түк емес.

Орта  Азиядағы  бейбітшілік  пен келісімнің салтанат  құруы тек  Өзбек  президентінің арқасы деу,  артық. Бұл жерде  аймақтағы  барлық  президенттердің  еңбегі  ұшан  теңіз.  Бөліп-жарып «мынаның  еңбегі  зор»  деу  асылық айтқандық.  Кейде  естіп  қаламын «Өзбекстан  Қазақстаннан  оза  бастады.  Лидерлік Ташкентке  ауысты»  дегенді. Жай  нәрсе.  Екі ел арасындағы бәске,  тартысты көріп  тұрған  жоқпын. Керісінше   Мирзиеев Назарбаевты  ақылшы-аға  тұтады. Өйткені  қазақ  президентінің тәжірибесі  мол.  Әлемдік  деңгейдегі  саясаткер. Сондықтан көп  нәрсені ақылдасып-кеңесіп жасап жатқан  секілді.   Осы  тұста  кезінде Елбасы көтерген Орта Азия одағы  туралы  бір сөз. Рас кезінде бұл бастама көтерілгенімен кейбір преиденттердің жеке амбициясының  кесірінен  жүзеге аспаған. Дәл  қазір ол одақ қажет  пе? Меніңше  оның  орнына Түркі елдерінің  одағын  құру, осылардың  ортасындағы ынтымақты  арттыру әлдеқайда  тиімді. Саясатты былай  қойғанда,  экономикалық жағынан  пайдалы. Біз  түп тамыры  бір елдерміз. Айналып келіп қазығымызды  қайта тауып  жатсақ  жаман  ба?         Ал,  Атамбаев  бір елдің  басшысын  жоғары  көтеріп, екіншісін  төмендеткісі келеді. Сүйтіп ортаға от  жағуға тырысуда. Бірақ  оның  дегені  бола  қоймас»  дейді.