Атауы – “Адал”. Қалталы Тимур Құлыбаев партия құруы мүмкін

“Халыққа адал қызмет” қозғалысының бастамашысы Тоғжан Қожалиева желіде аяқ астынан “Адал” атты партияның сайты пайда болғанын байқап қалды. Алайда adalpartiyasy.kz веб-сайты тез арада жойылды, деп жазады malim.kz.

Қазір оны тіпті Интернеттегі архив парақшалары арқылы таппайсың, сайда саны, құмда ізі болмағандай ізім-қайым жоқ болды. Дегенмен Т.Қожалиева белгісіз партия сайтының скриндерін жасап үлгерген. Сайтта тіпті ол партияға кімдердің мүше болатынына дейін тізіліпті. Қызығы, олардың қатарында Коммунистік Халықтық партиясының мүшесі, мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мен саясаттанушы Айдос Сарымның аты аталған. Алайда Смирнова мен Сарым Тоғжан Қожалиева жазған посттың астына пікір қалдырып, мұны терістеді.

Бірақ Тоғжан Қожалиева мен саясаттанушы Андрей Чеботарев жаңа партия құрылуы мүмкін деп есептейді.

“Әділет министрінің орынбасары көктемде бір партия тіркеуден өтіп жатыр, ол ұсынған партия мүшелері тізімінің заңдық талаптарға сәйкестігін тексеріп жатырмыз” деген болатын”, – дейді сарапшы Андрей Чеботарев. – Демек, партия съезін өткізіп, барлық тиісті процедуралардан өтіп, тіркелуге құжат тапсырды деген сөз. Әйтпесе әділет министрлігі олардың тізімін тексермес еді ғой”.”Екіншіден, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында құрылуы мүмкін “Адал” партиясы туралы ақпарат шықты. Бірақ “Атамекеннің” ресми өкілдері бұған түсініктеме бермеді. Сондықтан мұндай партия іс жүзінде құрылды ма, әлде тіркеуден өтіп жатыр ма, ол жағы түсініксіз. Егер партия тіркеуден өтіп қойған болса, онда өзі туралы көпшілікке мәлімдеп, қатардағы құрылтайын өткізіп, сайлауалды бағдарламасын қабылдауы керек. Егер ол құрылып қойылған, тіркеу куәлігі мен филиалдары бар партия болатын болса, онда сайлауға қатыса алады”, – дейді А.Чеботарев.

Сонда бұл партияның артында кім тұруы мүмкін? “Адал” атты я құрылып қойылған немесе құрылуы ықтимал партияның артында “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұруы мүмкін” дегенге қарағанда, кәсіпкерлер палатасы президиум төрағасы Тимур Құлыбаев партиясын құрып, үлкен саясатқа араласпақ па деген болжамның басы қылтияды.

Саясаттанушы А.Чеботарев Т.Құлыбаев ықпал етіп, сөзін жүргізе алатын онсыз да екі партия бар дейді.

“Тимур Құлыбаевтың “Ақ жол” партиясына ықпалы бар, өйткені Азат Перуашев бір кездері “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының жетекшісі болды, әлі де соның мүшесі. Екіншіден, “Бірлік” партиясының жетекшісі Серік Сұлтанғалиев “ҚазТрансГаз” басшысы болды, ол Тимур Құлыбаевтың командасында. Сондықтан Тимур Құлыбаев жаңа партия құрғаннан гөрі өз ресурсын “Бірлік” партиясына сала алады. Алайда “Адал” партиясы құрылып жатса, оның төрағасы кім болса да, сол партия артында Тимур Құлыбаев тобының мүддесі жататыны белгілі”, – дейді А.Чеботарев.

Ал белсенді Тоғжан Қожалиева президент әкімшілігіндегі құпия дерек көздері өзіне сайлауға дейін жаңа партия құрылмайтынын айтты дейді.

“Меніңше, “Бірлік” партиясына ребрендинг жасалады. Қатарына жаңа адамдар қосылып, партияға қан жүгіртеді. ЖСДП мен “Ауыл” партияларына да жаңа адамдар қосылуы мүмкін. Ал бірақ жаңа партия сайлаудан кейін құрылуы мүмкін”, – дейді Қожалиева.

Белсенді өзі сайтын желіде көріп қалған “Адал партиясы оңшыл бизнесмен, ұлтшылдар мен интернационалистердің басын бір жерге қосатын платформаға айналуы мүмкін дейді.

“Бірде президент әкімшілігіндегі адамдар біздің партиялық жүйеде оңшылдар мен ұлтшылдар жоқ деген еді. Өзім сайтын көрген “Адал” партиясының құрамында оңшыл бизнесмен достарым, Айдос Сарым сияқты ұлтшылдар болды. Коммунистердің халық арасында беделі аз, оларды Ресей ықпал ете алатын күш, ал біз Ресей ықпалынан шығуымыз керек деп қарастырады. Сондықтан интернационалистерді осы партияға қоспақ. Смирнованың тізімде жүргені содан. Бұл кісілердің барлығы қазір біздің бұл партияға қатысымыз жоқ деп жатыр. Бірақ қамыстың басы сыбыссыз шуламайды ғой. Сондықтан сайттағы тізімге қарасаң, “Адал” саяси жүйеде жетіспей тұрған бағытты жабатын күш болуы мүмкін”, – дейді Қожалиева.

Т.Қожалиева бұл партия алдағы парламент сайлауына қатыспайды, бірақ президент сайлауы қатысады деп болжайды.

“Бірлік” партиясына артқан үміт ақталмай қалды. Сондықтан “Адал” партиясының артында “Бірліктің” қожайындары тұрмақ”, – деп қорытты Қожалиева.