Билік Ұлттық кеңестің жиыны 6 қыркүйекте өтетінін хабарлады

28 тамызда Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмыс отырысы өтті. Жиынға кеңестің төрағасы, елдің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан жоқ. Жұмыс отырысын президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев басқарды. Отырысқа бірнеше депутат, биылғы президент сайлауына кандидат болғандар және қоғам белсенділері қатысқан. Биліктің хабарлауынша, жиналыста тек жұмыс барысы талқыланған.

Президент әкімшілігі кеңестің алғашқы жиыны 6 қыркүйекте өтетінін, оған Тоқаевтың қатысатынын мәлімдеді.

28 тамызда жұмыс отырысына Азаттық тілшілері кіре алмады. Залға тек мемлекеттік БАҚ тілшілері кірді. Жиыннан кейін Азаттық тілшілері президент кеңесшісі Ерлан Қариннен “Азаттық журналистері не үшін жиынға шақырылмады?” сұрады. Қарин кеңестің бұл отырысын “жұмыс тәртібі талқыланған ішкі жиналыс” деді. Ол кеңестің алғашқы жиынына барлық БАҚ шақырылатынын айтты.

Ерлан Қарин ұлттық кеңесті парламентпен шатастырмау керек деп санайды. Оның сөзінше, кеңес – елдегі әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелер бойынша ұсыныстар дайындайтын кеңес органы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын 17 шілдеде бекіткен. Кеңесте 44 адам бар.

​Қазақстанда көктемнен бері билікке қарсы наразылық шаралары көбейді. Наразылар биліктен саяси жүйені өзгертуді және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп келеді. 9 маусымда Қазақстан президентін сайлау кезінде елдің бірнеше қаласында халық сайлауға және билікке қарсы наразылыққа шыққан. Осы күні полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған.

Кейін сайлауда 70 пайыздан артық дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев “халықтың жағдайы нашарлап кеткен соң наразылық көбейгенін, саяси өзгеріс болмаса, елдің жағдайы жақсармайтынын” айтқан. Нарызылық көбейген соң Тоқаев билік пен халықтың арасында диалог орнататын қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеген.

Бірақ кейбір сарапшылар Тоқаевтың кеңес құру идеясын сынаған. Олар “бұл кеңес мәжіліс депутаттары мен ақпарат және қоғамдық даму министрінің жұмысын қайталайды” деген.

​Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұқсас орган бұрын да болған. Оппозициялық күштердің белсенділігінен кейін Қазақстан билігі 2002 жылы қарашада Азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру мен дамыту жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес құрған еді. 2016 жылы жер митингілері күшейген тұста да қоғамдағы наразы топтармен мәміле қылу үшін Жер комиссиясы құрылған. Кейін бұл кеңестер тараған.