Бішкекте Атамбаев партиясының съезі жабық өтіп жатыр

Бішкекте Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының XVIII съезі өтіп жатыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Съезд жабық өтіп жатыр. Оған партия төрағасы, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, Фарид Ниязов, Жогорку Кенеш депутаттары Ирина Карамушкина, Мурадыл Мадеминов, Карамат Орозова, Анвар Артыков, Рыскелді Момбеков, Асель Кодуранова және өзге саясаткерлер қатысып жатыр.

Журналистерді шараға кіргізбеген. Партия өкілдері Бішкек уақытымен сағат 12:30-да баспасөз мәслихатын өткізетіні жайлы хабарланды.

3 сәуірде Бішкекте “Атамбаевсыз ҚСДП” қозғалысының съезі де өткен. Съездің шақырылғанын депутат Иса Омуркулов хабарлаған. Ол ҚСДП партиясынан өткен жылы күзде шығарылған. Бірақ депутаттың өзі мұны заңсыз деп есептейді. Съезде партияның жаңа төрағасы ретінде Сағынбек Абдрахманов қайта сайланған. Олар партияны қайта тіркеуден өткізуді жоспарлап отыр.

Қырғызстан парламентінде саяси көпшілік болып отырған Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы бір жылға созылған ырың-жырыңнан соң көктемде екіге ажырап тынды. Бірінің басында – қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков, екіншісінің басында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев тұр.