“Ешқайсың мыңқ демедің…”. Nur Otan туының жұлынғаны Елбасының жанына батыпты

Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы нұротандықтарды белсенді жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстанның Тұңғыш президенті партияны қайта іске қосу тақырыбын “Сенім. Диалог. Болашаққа сеніммен” деп атауды ұсынды. Сонымен қатар Назарбаев Nur Otan партиясының белсенді мүшелерін барынша топтастыру керек деп атап өтті.

– Олар “ядролық” деп атайды. “Ядролық” деген не екенін бәрі бірдей түсінбейді, олар бұл ядролық бомба деп ойлайды. Олай емес, ядролық деген көшеге шығып, дұрыс-бұрысты дәлелдейтіндер. Ядролық дегеніміз осы! Бізде 1 миллион партия мүшесінің 800 мыңы бар, қайсысы соның белсенді? Шымкентте партия туын жұлып алды, қайда болды сол кезде олар? Ешқайсысы мыңқ деген жоқ, бәрі отырды жалпыйып. Партия қайда қарады? Содан кейін түк болмағандай ол туды қалпына келтіре салды. Осындай кезде көрсетпейсіңдер ме өздеріңді? Әйтеуір отыра бересіңдер тыныш, бір нәрседен қорқатын секілді – деп ашуланды.

Елбасы бүгіндері Nur Otan-ның билік партиясы екенін еске салды.

– Біз бәрін жасадық, осында подиумда отырғандардың бәрін – партияның кандидаттарын бәрін сайладық. Партия таңдап, партия ұсынды олардың барлығын. Мына жерлердегіні де. Әкімді де, министрді де, басқасын да, – деді Назарбаев.

Оған қоса ҚР Тұңғыш Президенті нұротандықтарға “бұдан бұлай жеңілдік болмайтынын” ескертті.

– Сондықтан осындай белсенді мүшелерді тәрбиелеп шығаруымыз керек. Сондай жігіттерді тауып, соларды ұсынуымыз керек. Мен қазірдің өзінде миллионға жуық партия мүшелерін біріктіретін 5000-нан астам бастауыш ұйым бар деп айттым. Міне, солардың жұмысын жандандыру үшін араларынан белсендісін тауып, бері алып шығуымыз керек. Партия мүшелері арасында ғана емес, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық белсенділер арасынан да табыңдар, бізбен бірге болсын, жұмыс істеулеріне жағдай жасаңдар. Олардың ұсыныстарын тыңдап, ақылға қонымдысын партия аясында жүзеге асырайық, міне сонда жұмыс болады, – деп түйіндеді өз сөзін Елбасы.

Айта кетсек, 27 маусымда Шымкентке эвакуацияланған Арыс қаласының тұрғындары көшеге шықты. Олар өздерін Шымкентке көшіріп, сол арада қалуын талап етті. Митингке жиналғандар Nur Otan партиясы ғимаратына дейін барды. Әлеуметтік желілерде бір ер адамның бағанға жабысып, жоғарыға көтеріліп, партия туын жұлып алған видеосы тараған.