Грузия билігіне әйел келді

Кеше Грузияда президент  сайлауының  екінші  кезеңі  өтті. Керемет бір  тартыс  бола  қойды  деу  артық  шығар.  Өйткені  осыдан  бір ай бұрын өткен  сайлаудың  бірінші кезеңінде,  додаға  түсетіндердің   аты-жөні  белгілі  болып,  сарапшылар кімнің  аты  озып  келетінін  болжап  қойған. Сол бірінші  кезеңінің ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 38, 64 пайызы Зурабишвилиді, 37, 74 пайызы – Вашадзені қолдап дауыс берген еді. Ал кешегі  бәсеке  осы екеуінің  ортасында  яғни  елдегі негізгі екі партияның кандидаттары – бұрынғы премьер-министр миллиардер Бидзина Иванишвилидің билікте отырған «Грузия арманы» партиясы қолдайтын 66 жастағы Саломе Зурабишвили мен экс-президент Михаил Саакашвилиді жақтайтын оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының үміткері 60 жастағы Григол Вашадзе  арасында өтті. Екі кандидат та бұған дейін Грузия сыртқы істер министрі болып қызмет атқарғанны  белгілі.  Дауыстың 98 пайызы  есептелген кезде Саломе Зурабишвили 59,61 пайызбен  алға  шықты. Ал, Григол Вашадзе  40,39 пайызбен кейінге ысырылды.  Сонымен  Саломе Зурабишвили  ел  билігін  қолына  алатын  болды.