Латвия елдегі барлық мектепті латыш тіліне көшіруді мақұлдады

Латвия конституциялық соты елдегі аз ұлт өкілдерінің мектептерін түгел латыш тіліне көшіру туралы заңды Конституцияға қайшы емес деп тапты. Сот төрағасының орынбасары Санита Осипова “бұл – соңғы әрі даулауға келмейтін шешім” деді.

Былтыр Латвия президенті Раймондс Вейонис елдегі барлық мектептерді 2021 жылға қарай мемлекеттік тіл – латыш тіліне көшіру туралы заң өзгерісін бекіткен.

Қазір Латвияда мектептің екі түрі – латыш тілінде білім беретін және ұлттық азшылық мектептері бар, соңғысында орыстілді балалар да оқиды. Ұлттық мектептерде сабақтың 60 пайызы латыш тілінде, қалған 40 пайызы – ұлттық азшылық тілінде оқытылады.

Еуропа кеңесінің мәліметінше, Латвияда СССР-дан келген 223 мыңға жуық азамат тұрады. Оларға “Латвия азаматы емес” деген арнаулы статус берілген. Басқа елдің азаматы саналатын 56 мыңнан аса адамның төрттен бірі – Ресей азаматтары.

Латыш тілінде азаматтардың – 62 пайызы, орыс тілінде 37 пайызы сөйлейді. Есеп бойынша, орысша сөйлейтіндердің 90 пайызы латыш тілін біледі.

Елдегі орыстілді белсенділер мектептерде сабақтың латыш тіліне көшуіне қарсылық білдіріп, бұл процесті “мәжбүрлі ассимиляция” деп атаған.