Меркель мен Макрон Ресейден украин теңізшілерін босатуды талап етті

Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Эммануэль Макрон Ресейден қарашаның соңында Қара теңізде Украинаның үш кемесін ұстаған кезде тұтқындаған украин әскерилерінің барлығын ешқандай шартсыз дереу босатуды талап еткен.

Ангела Меркель мен Эммануэль Макронның жұма күні жарияланған бірлескен мәлімдемесінде украин теңізшілері “алдағы мейрамды өз отбасыларымен бірге қарсы алуы” тиіс делінген. Мәлімдемеде Ресейден Керчь бұғазы арқылы өтетін барлық кемелердің қауіпсіздігін, еркін және кедергісіз өтуін қамтамасыз етуді талап еткен және Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегіндегі адам құқықтарының жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірген.

Меркель мен Макрон Украина мен Донбастағы Ресей қолдайтын сепаратистер арасында жасалған “жаңажылдық бітімді” құптаған және Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу жөніндегі Минск келісімінің барлық баптарының жүзеге асатындығына үміт білдірген.

Ресей Қара теңізде ұстаған Украинаның 24 әскери қызметкері қазір Мәскеудегі тергеу абақтысында қамауда отыр. Ресей билігі оларға «мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен» деген айып таққан. Адвокат Николай Полозовтың хабарлауынша, қамалғандардың барлығы өздерін әскери тұтқын деп тануды талап еткен.