Назарбаев ЕО елдерін Қытайдың ірі жобасына қосылуға шақырды

Пекиндегі “Бір белдеу – бір жол” жобасына арналған форумда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуроодақ елдерін Қытайдың ірі жобасына қосылуға шақырған. Бұл ақпаратты 26 сәуірде кешке жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

“Батыс Еуропа – Батыс Қытай құрлықаралық автомагистралі Еуропаны Ресей және Қазақстан арқылы Қытаймен жалғады. Қазақстан – Түркіменстан – Иран – Парсы шығанағы бағыты бойынша іске қосылған темір жол дамып жатыр. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тауарлары Солтүстік Еуропа қалаларына небәрі екі аптада ғана жете алады. Мен айтып отырған нәрсе дәл ЕАЭО (Еуразия экономикалық одағы) аумағынан өтеді. “Бір белдеу- бір жол”, ЕАЭО болашағына қарасаңыз, егер Еуропа одағы бұған қосылғанда, онда Еуразия құрлығында бәріне пайдалы ғаламдық интеграция орнаушы еді” деген Назарбаев жиналғандарға.

Форумнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарына сұхбат берген.

Пекиннің триллион долларлық “Бір белдеу – бір жол” жобасы Қытайды әлемнің шамамен 150 елімен жалғап, сауда қатынасын дамытуға бағытталған деп айтылады.

Бұған дейін АҚШ және ЕО елдерінің көбі Қытайдың бұл жоба аясында аймақтық инфрақұрылым жобаларын несиелендіруін сынаған. Атап айтқанда, олар кейбір дамыған елдердің соның нәтижесінде қарызға батып, қайтаруға шамасы жетпей қалатынын атап өткен.

2013 жылы іске қосылған жоба аясында Пекин түрлі жобаларға 90 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған. Қытай банкінің шетел үкіметтеріне берген қарыз көлемі шамамен 200 миллиард долларды құраған.