Назарбаев: Халықтың мүддесі үшін барлық жұмысты бірге істейміз

10 сәуірде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласында Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиынға елдің уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат спикері Дариға Назарбаева, премьер-министр Асқар Мамин де қатысты.

Отырыста Назарбаев “Өзімді ұлт көшбасшысы деп таныған халқымның мақсат-мүддесі үшін әлі де аянбай қызмет етемін. Барлық жұмысты бірге істейтін боламыз. Қазіргі Қазақстан мемлекетін құрушы ретінде мені халықтың болашағы алаңдатады. Қоғамда үміт пен күдік, өкініш бар. Алған бағытымыздан таймаймыз. Мен осындамын, бәріміз бірге отанымыз үшін жұмыс істейміз” деді.

Назарбаевтың сөзінше, “Қазақстан-2050” бағдарламасы мен бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену жоспары халықтың мүддесі үшін жасалған.

“Бағдарламаларды жүйелі іске асыру – дамуымыздың негізгі талабы. Біз азаматтарды тұрғын үймен, жұмыспен, сапалы медициналық көмекпен және біліммен қамтамасыз етіп, мұқтаж адамдарға қолдау көрсету үшін тиісті жұмыстарды жалғастыра береміз. Мұның бәрі – жарқын болашаққа деген инвестиция” деді Назарбаев.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда президент қызметінен кететінін жариялаған. Бірақ ол “Нұр Отан” партиясының жетекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін айтқан.