Назарбаевқа жаңа мәртебе берілді

Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион” мәртебесіне ие болды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

“Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге жетекшілік кезіндегі ерекше тарихи үлесін ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беру туралы бастама көтерді.

Елбасының 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық күнді белгілеу үшін маңызды негіз болды”, – дейді министрліктегілер.