«Nur Otan» партиясы отырысында ел дамуының негізгі бағыттары талқыланады – Назарбаев

Елордада Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиынды еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

«Біз ел дамуының негізгі бағыттары бойынша біраз мәселе жөнінде сөз көтеретін боламыз. Бүгін партия мүшелерінің қатысуымен саяси кеңестің кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз. Үкімет мүшелері, партияның мәжілістегі фракциясы, облыстардан қатысып отырған филиал жетекшілері бар. Биыл партиямыз еліміз үшін ауқымды жұмыс атқарғанын біз білеміз. Екі съезд өткіздік, партиямыздың 20 жылдығын атап өттік. Маусым айында президент сайлауында біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті. Халық біздің жұмысымыздың нәтижесін, тәуелсіздік жылдары жасаған барлық істерімізді, яғни шешімдерді, заңдарды, әрекеттерді көріп отыр. Барлығы біздің партияның қатысуымен болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атап өтсек, биыл 16 тамызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы саяси кеңесі бюросының  отырысы өткен болатын. Басқосуда партия бағдарламаларын жүзеге асыру барысы және алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары қаралды. Елбасы «Nur Otan» партиясы 20 жыл ішінде еліміздің қуатты саяси күшіне айналғанын атап өтті. Бұған қоса, жаһандық өзгерістерге байланысты партия алдында жаңа әрі күрделі міндеттер тұрғанын айтты. Назарбаев азаматтардың сұраныстарына да уақтылы жауап беру қажет деді. Сондай-ақ, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына сапалы дайындалудың маңыздылығын атап өтті. Елбасы барлық мүдделі азаматтарды мемлекеттің өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін партияға қосылуға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өңірлеріндегі тұрғындардың проблемаларын шешу үшін «Nur Otan» партиясының жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге, «Nur Otan» партиясының төрағасы қоғамның партияға деген сенімін арттыру үшін ақпараттық-идеологиялық стратегияны қабылдау маңыздылығына баса мән берді.

BAQ.KZ