Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық одағының бейресми саммитіне қатысады

Санкт-Петербург қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық одақтың бейресми саммитіне Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы ретінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.

Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды. «Маған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық одақтың бейресми саммитіне қатысу-қатыспауына байланысты сұрақтар келіп түсуде. Осыған орай аталған саммитке еліміздің атынан Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы ретінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысатынын хабарлаймын. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, Мемлекет басшысы мен Елбасы шет елге бірге сапарға шықпайды. Елбасы тиісті құжаттарды талқылау барысында өз пікірін айтуға құқылы. Құжаттарға қол қою құзыреті Президентке тиесілі», – деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында. Қасым-Жомарт Кемелұлы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысына қатысып, сөз сөйлеуді жоспарлап отыр.