Парламент Астананы Нұрсұлтан деп атау туралы ұсынысты мақұлдады

Қазақстан Парламенті Астананың атауын өзгерту туралы ұсынысты мақұлдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

“Сенаттағы 43 депутаттың 43-і келісті. Мәжілістегі 103 депутаттың – 103-і келісті. Осылайша, құрметті әріптестер, тарихи шешім қабылданды”, – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палата отырысында.

Бұған дейін Астана атауының референдумсыз өзгеруі мүмкін екені хабарланған еді. 

Оның алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұрсұлтан деп атауды ұсынды.

“Ұлы замандасымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін мәңгі етуіміз керек: біздің елордаға Президентіміздің есімі беріліп, Нұрсұлтан аталуы керек. Мұндай ұсынысты осыған дейін парламенттегілер де айтқанын еске салғым келеді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



[ad_2]

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz