Қасым-Жомарт Тоқаев Ангела Меркельмен кездеседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барады, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

“Биылғы 5-6 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барады. Сапар барысында Канцлер Ангела Меркельмен келіссөз жүргізіледі және Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын қарастырады деп жоспарланған. Сапар бағдарламасына Мемлекет басшысының Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Бундестаг төрағасы Вольфганг Шойблемен кездесуі енгізілген. Қасым-Жомарт Тоқаев 6 желтоқсанда Берлинде көрнекті саяси және қоғам қайраткерлерінің, Германияның мемлекеттік органдары өкілдерінің, “Германия – Орталық Азия” парламенттік достық тобы мүшелерінің алдында сөз сөйлейді, Берлин еуразиялық клубының 28-отырысына қатысады. Сондай-ақ, неміс компанияларының басшыларымен кездесу өткізеді” делінген жазбада.