Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ келді

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Америка Құрама штаттарына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды 24.kz.

Президент Нью-Йоркте өтетін Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысады. Сапар 5 күнге жалғасады деп жоспарланып отыр. Оның аясында көптеген шет мемлекеттердің басшыларымен екі жақты кездесулер өтеді. Алғашқылары елорда уақыты бойынша бүгін кешкі сағат 11-де басталады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде АҚШ-қа жасап отырған алғашқы сапары. Бас қаламыз Нұр-Сұлтаннан ұшып шыққан нөмірі бірінші борт әлемдегі қаржы және саяси орталықтардың бірі Нью-Йоркке кестеден кешікпей қонды. Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясына қатысу және сол жиынның жалпы пікірсайысында мәлімдеме жасау осы сапардың ең маңызды бөлігі десек болады. Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және Үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, америкалық бизнес, трансұлттық компания өкілдерімен, АҚШ-тың саяси әрі сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жоспарланған. Айта кетейік, Президенттің АҚШ-қа келуі қарсаңында америкалық беделді басылым “The Hill” газетінде оның мақаласы жарық көрді. Мақалада еліміздің экономика мен саясаттағы басым бағыттары түсіндіріліп, осы сапардың маңыздылығы баяндалған. Ең бастысы, Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық инвесторлармен әріптестікті арттыруға ниетті және Қазақстан нарығында АҚШ компаниялары қазіргіден де көп болуы тиіс деген пікір-пайымын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

“Біз Америка Құрама Штаттарымен тығыз әріптестік байланыс орнаттық және сыртқы саясаттағы көптеген маңызды мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Болашақта да солай болады. Қазақстан соңғы үш онжылдықтың бедерінде сәтті жүзеге асырып келе жатқан тәуелсіз, көпжақты және сындарлы сыртқы саясатын менің басшылығыммен де жалғастыра береді”.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Орталық Азия елдерінің байланысына Қазақстан қомақты үлес қоса беретінін де жеткізді. Бұған қоса әлемдік деңгейде ядролық қарусыздандыру үдерісіне белсенді атсалысу көздеген мақсаттарымыздың бірі деді. Осы тұста орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою келісімінің бұзылуы әлемге зор қауіп төндіріп тұрғанын атап өтті. Қазақстан мен Америка құрама штаттары арасындағы байланысқа келсек, “Астана” халықаралық қаржы орталығын айрықша атап өткен жөн. Мәселен, АҚШ-тың “Nasdaq” және “Goldman Sachs” компаниялары Астана биржасының акционері мәртебесіне ие. Қазіргі таңда, американың ірі технологиялық кәсіпорындары еліміздің төртінші өнеркәсіптік революцияға қосылуы жолында қызмет етіп келеді. Жалпы біздің мемлекет құрама штаттардың 700-ден астам компаниясымен әріптестік бағытында жұмыс істейді. Енді президент сапарына қайта оралсақ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке өзі үшін бұл АҚШ-қа алғашқы сапар емес. Еліміздің Сыртқы істер министрі және Біріккен Ұлттар ұйымы бас хатшысының орынбасары қызметтерінде Нью-Йоркке бірнеше рет келген. Демек, жаһандық қауымдастық үшін танымалдылығы артық болмаса, кем емес. Осы күндері Нью-Йоркте әлемнің 200-ге тарта мемлекетінен ресми делегация өкілдері, оның ішінде 100-ге жуық мемлекет басшысы, 80-нен аса Үкімет және сыртқы саяси ведомстволардың жетекшілері жиылды.