Қазақстан мен Беларусь өзара сауда көлемін арттыруға мүдделі – ҚР Президенті

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко кеңейтілген құрамда келіссөз өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Беларусь делегациясының Қазақстанға келгеніне қуаныштымыз. Біздерді достықтың, ынтымақтастықтың дәстүрлі қатынастары байланыстырып отыр. Біздің халықтар біріне-бірі өзара тартылып тұрады. Сондықтан Беларусь Президенті Александр Лукашенко бастап келген осы сапары мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың барлық мәселелерін талқылау үшін жақсы мүмкіндік», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер барысында өзара ынтымақтастыққа тың серпін берілетінін атап өтті.

«Жаңа ғана жабық өткен шағын құрамдағы келіссөздер кезінде негізгі мәселелерді талқыладық. Ең жақын мемлекеттердің өзара қарым-қатынасында талқылауды, нақтылауды және оны шешуді қажет ететін кейбір мәселелер туындайды. Менің ойымша, басталған келіссөздер нәтижесінде өте маңызды келісімдерге қол жеткіземіз және олардың барлығы жақын арада жүзеге асырылады», – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар елдер арасындағы сауда көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар, екі ел гуманитарлық салада өзара байланыстарды нығайтуға ниетті. «Сондықтан бүгін қол қойылатын келісімдер мен бірлескен мәлімдеме мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде алға жасалған өте маңызды қадам болып саналады», – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бұрын хабарланғандай, Беларусь Республикасының Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді.

inform.kz