Қырғызстан парламенті бұрынғы президенттерді жауапқа тартуға рұқсат берді

Қырғызстан парламенті бұрынғы президенттерді тиіспеушілік құқығынан айыратын заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады. Бірақ идея авторлары құжатты қайтарып, толықтыру қажеттігін айтады.

4 сәуірде қырғыз парламенті “Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы” заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Оған 120 депутаттың 111-і – қолдап, үшеуі қарсы дауыс берді.

Құжат авторлары Курманкул Зулушев және Исхак Масалиев “Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы” заңнан бұрынғы президенттің тиіспеушілігі туралы норманы алып тастауды ұсынған. Бірақ екінші оқылым кезінде норманы тұтас алмағанмен жауапқа тарту механизмі туралы жазылған бөлікті толықтыру туралы шешім қабылданған.

Атап айтқанда, мемлекеттің бұрынғы басшысын егер Жогорку Кенеш мен бас прокуратура “ауыр қылмыс жасады” деп айыптаса, мұндай жағдайда экс-президент қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ ТЕ ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТТАР СИЯҚТЫ ЖАУАП БЕРУІ ТИІС

Алайда құжат авторлары заң жобасының дәл осындай күйде қабылданғанына қарсы. Депутат Исхак Масалиев “тиіспеушіліктің кез келген формасы болмауы тиіс” деп есептейді.

– Біз 2006 жылы оны жойғанбыз, мұны бәрі де біледі. Бірақ қазір күрделі амалдармен [экс-президентті] қазіргі президентке теңестіріп тастадық, бұл дұрыс емес. 12-баптың атауының өзі дұрыс емес – мазмұнымен сәйкес келмейді. Осыны ескеріңіздер. Бәлкім, заң жобасын қайтарып, толықтыру қажет шығар. Әрбір заң жобасы мінсіз болуы тиіс, – деді ол.

Өткен жылдың желтоқсан айында парламент бірінші оқылымда экс-президенттің тиіспеушілігіне кепілдік беретін 12-баптың күшін жоюды мақұлдаған. Түзетулер президенттік өкілеті кезінде қылмыс жасаған экс-президентті қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігін қарастырады және сонымен бірге президенттік өкілетін аяқтаған соң саясатпен айналысуына тыйым салуды көздейді.

Масалиевтің пікірінше, заң жобасының қазіргі нұсқасының алғашқы нұсқасынан қатты айырмашылығы бар. Оның сөзінше, экс-президент қарапайым азаматтар сияқты өз әрекетіне жауап беруі тиіс.

“Қазір Жогорку Кенеш және бас прокуратураның келісімімен экс-президентті жауапкершілікке тартуға болатын норма енгізіліп жатыр. Мен өз пікірімді өзгертпеймін. Экс-президентті қарапайым азаматтар сияқты жауапқа тартуды талап етем, қарапайым азаматтар болсын, саясаткерлер болсын, ешкімде тиіспеушілік құқығы болмауы тиіс. Қазір экс-президентті қазіргі президентке теңестіру талпынысы бар” деді ол.

2018 жылы қазан айында Қырғызстанның конституциялық палатасы экс-президенттің тиіспеушілік құқығына кепілдік беретін “Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы” заңдағы 12-бапты конституцияға қайшы деп тапқан. Палата экс-президентті тиіспеушілік құқығынан айыруға болады, бірақ импичмент сияқты күрделі болуы тиіс.

Конституциялық палата парламент пен үкіметке осыған орай заңнамаға қажетті түзетулер енгізу туралы ұсыныс айтқан. Бұған кейбір депуттар наразы болды. Олар палата “өз өкілетін асыра қолданды” деп сынады.

Депутат Дастан Бекешевтің ойынша, экс-президентке саясатпен айналысуына тыйым салудың күрделі салдары болуы мүмкін.

– Партияға мүше болуға, мемлекеттік органдарда істеуге тыйым салынбақ. Бірақ бұл конституцияда жазылмаған ғой. Азаматтар сол үшін сотқа беруі мүмкін, – деді ол.

Талқылау кезінде заңның барлық экс-президенттерге қолданылуы мүмкін екені анықталды. Бұған қоса, президенттік өкілеті кезінде жасаған қылмысы үшін жауапкершілікке тартылған экс-президентке шығарылған үкім күшіне енген жағдайда айыпталушының барлық мемлекеттік артықшылықтардан айрылатыны да белгілі болды.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Бекбосын Борубашевтің ойынша, тиіспеушілік құқығы президент өкілетін атқару кезінде беріліп, өкілетін тоқтатқан соң автоматты түрде күші жойылуы тиіс.

– Бізде “абсолютті тиіспеушілік” деген болмауы тиіс. Біз республикалық құрылымы бар демократиялық мемлекетпіз. Тиіспеушілік лауазымды тұлғаға беріледі, ол оны өзінің жеке мақсатында қолдануы мүмкін, ал біздегі шенеуніктер тек өз мүдделері үшін ғана жұмыс істейді. Егер біз шынайы демократиялық мемлекет болсақ, онда тиіспеушілікті тек өкілеті күшінде болған кезде беруіміз қажет. Қызметінен кетті ме – тиіспеушілік құқығынан айырылуы тиіс. Біз тиіспеушіліктен бөлек, мемлекеттік саяжай мен күзетпен қамтамасыз етеміз. Бұл да жеңілдіктердің бір түрі, – дейді Борубашев.

 

Экс-президентті тиіспеушілік құқығынан айыру мәселесі Алмазбек Атамбаевтың Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялауға тікелей қатысы бары туралы мәлімдемеден кейін күшейген. Қырғызстан құқық қорғау органдары “ТЭЦ-ті модернизациялау кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы болған” деп күдіктенеді. Атамбаев айыпты жоққа шығарады. Қоғамда мұны Алмазбек Атамбаевқа қарсы бағытталған бастама ретінде қабылдағандар да бар.

Енді парламент қабылдаған заң жобасына президент Сооронбой Жээнбеков қол қоюы тиіс. Содан кейін құжат күшін енеді.