Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев тергеуге келмеді

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев тергеуге барудан бас тартты. Ол өзін тергеуге шақыруды “заңсыз” деп атады. Бұл туралы 9 шілдеде Азаттықтың Қырғыз қызметіне Атамбаевтың адовкаты Сергей Слесарев хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, Атамбаевты тиіспеушілік статусынан айыру заңсыз, өйткені ол бұл статусқа 2003 жылғы заңның негізінде ие болған. Ал Қырғызстан парламенті экс-президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы қаулының 2019 жылдың 15 мамырында түзету енгізілген нұсқасын қарап, қаулы шығарған. Слесаров парламент шешімді Конституцияны бұза отырып қабылдағанын айтады. Қорғаушының сөзінше, қазіргі құжатта парламенттің экс-президентті тиіспеушілік статусынан айыратын құқығы көрсетілмеген.

8 шілдеде ішкі істер министрлігі Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тергеуге шақырған. ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Карим Аманкулов Азаттықтың Қырғыз қызметіне Атамбаев тергеуге куәгер ретінде шақыртылғанын айтқан.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік статустарынан айырды. Оған депутаттардың таққан айыбы мен, сол айыпты прокуратураның қолдауы себеп болды.

25 маусымда бас прокурор Откурбек Джамшитов парламентте, 2013 жылы Атамбаев Батукаевты босату туралы тапсырманы өзі бергенін мәлімдеді.

Атамбаевтың өзі және оның жақтастары мұның барлығын «қаралау» мен қазіргі биліктің «саяси бәсекелесінен құтылудың амалы» деп бағалап отыр. Атамбаевтың ондаған жақтастары 22 маусымнан бері оның Кой-Таштағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан.

Ал 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтасы наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.