Саясат өзгерді. Ресей Қазақстанға әдейі тиісіп жатыр – сарапшы

Экс-дипломат Қазбек Бейсебаев malim.kz-ке берген сұхбатында Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров Қазақстанға қарата екінші мәлімдемені бекер айтқан жоқ, бұл Ресейдің Қазақстанға қатысты саясаты өзгергенін көрсетеді дейді.

Дума депутаты Вячеслав Никоновтың «Қазақстан территориясы Ресей мен Совет одағының берген үлкен сыйлығы» деген мәлімдемесінен кейін Қазақстан Ресейдің уақытша сенімді өкіліне нота табыстаумен шектелді. Бірақ Думаның тағы бір депутаты Евгений Федоровтың даулы мәлімдемесінен кейін Қазақстан үнсіз қалды.

Экс-дипломат Қазбек Бейсебаев сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемелерді аяқсыз қалдырмай, наразылығын білдіруі керек еді дейді.

– Евгений Федоров бірінші мәлімдемесінде Назарбаев пен Тоқаевқа «чемодарыңды алып кете беріңдер» деді. Бұл мәлімдемені В.Никоновтан кейін әдейі айтып отыр. Дипломатияда наразылық білдірудің бір әдісі бар. Ол – сол елдің елшісін консультация үшін шақырып алып сөйлесу. Бұл мемлекет осы арқылы өзге елге наразылығын білдірді деген сөз, – дейді Қазбек Бейсебаев.

Алайда сыртқы істер министрлігі мұндай қадамға бармады. Оны былай қойғанда, Евгений Федоров екінші мәрте даулы мәлімдеме жасады. Қазбек Бейсебаев бұл мәлімдемелердің астарында бір гәп жатыр деп болжайды.

– Ресей мен Қазақстан Еуразия экономика одағына, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына кіреді. Екі елдің арасында ХХІ ғасырға арналған достық келісімшарты бар. Яғни дос, әріптес елдерміз.

Алайда сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақырып алып сөйлеспеді. Қазақстан не себепті үндемей отырғаны түсініксіз. Федоровтың екінші мәрте мәлімдеме жасауы тегін емес. Меніңше, бұл жерде бір гәп бар. Бәлкім, біздікілер Ресейге қарсы бір әрекетке барған шығар. Оған әлгілер шыдай алмай тиісіп жатыр. Біздікілер сол себепті кінәсін сезген бала сияқты үндемей отыр,– деді Қ.Бейсебаев.

Экс-дипломат Ресейдегі билік партиясының депутаттары айтқан бұл мәлімдемелер Ресейдің Қазақстанға саясаты өзгергенін көрсетеді дейді. Ресейдің Қазақстанға саясаты өзгерді. Путиннің саясаты осы ма?

– Қазақстан – Ресейге жақын мемлекет. Мұндай мәлімдемеле Украинаға айтылса түсінікті, Ресей мен Украина арасында соғыс болды, Қырымды Ресей тартып алды. Ал біз Ресейге доспыз ғой. Оның үстіне бұрын Ресей телеарналарында «Қазақстанға тиіспеңдер, жамандамаңдар» деген нұсқау болған. Ал қазір бізге арналар тиісіп жатыр. Федоров та даулы нәрсені екінші рет бекер айтпады. Бұл Ресейдің бізге қатысты саясаты өзгергенін білдіреді.