Шабуылдан кейін Сауд Арабиясында мұнай өндірісі екі есеге азайды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео “саудиялық мұнай зауыттарына жасалған дрон шабуылын” Ираннан көрді. “Тегеран әлемдік мұнай тасымалдау саласына бұрын-соңды болмаған соққы жасады” деп мәлімдеді Помпео.

Оқиға 14 қыркүйекте таңертең болған. АҚШ мемлекеттік департаменті басшысының айтуынша, Йемен жағынан шабуыл жасалды деген тұжырымға дәлел жоқ. Помпео Иран президенті Хасан Роухани мен Иранның сыртқы істер министрі Жавад Зарифті “жалған дипломатия” тәсілдерін қолданды деп сөкті.

Батыс басылымдарының жазуынша, 14 қыркүйекте жасалған шабуыл Иран қолдауына ие ереуілші хуситтердің қолында барған сайын қарудың озық түрлері – баллистикалық зымыраннан бастап ұшқышсыз аппарат түрлері пайда бола бастағанын көрсеткен. Бұл әлемдегі ірі мұнай өндіруші Сауд Арабиясының шикізат өндіру мүмкіндігіне үлкен қауіп төндіріп тұр деп тұжырымдайды.

Сенбі күні таңертең дрон шабуылына ұшыраған мұнай өндіретін Aramco компаниясының ізінше мұнай өндіруді күніне бес миллион баррельге дейін азайтқаны хабарланған.

Йемендік ереуілші хуситтер шабуылды ұшу аппараттарының көмегімен жасағанын мойындады. Алайда әлемдік БАҚ-та шабуылды Иран мен ирандық күштер ұйымдастырған болуы мүмкін деген болжамдар да шыққан.

CNN арнасы Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясының ашылуына бірнеше күн қалғанда шабуылдың болғанына назар аудартады.