Сооронбай Жээнбеков: «МЕЙЛІ, САТҚЫН ДЕЙ БЕРСІН!»

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков осы қызметтегі алғашқы баспасөз мәслихатын  өткізді.  Көптеген  мәселелерге  тоқтады. Ойын  ашып айтты.  Жасқанбады. Жалтақтамады.  Төменде қырғыз  президентінің айтқандарын  қысқартып  беріп  отырмыз.

Сооронбай Жээнбеков бүгінде кейбір адамдардың оны “сатқын” деп атайтындығына қатысты пікірін білдірді.

“Президент сайлауына түсерде бір адамның я топтың емес, бүкіл халықтың мүддесін қорғауға ант еткенмін. Егер бәзбіреулердің мүддесін басқалардан жоғары қоймағаным үшін мені сатқын десе, мейлі, олар үшін солай боп қалайын. Мен үшін ең бастысы – халық мүддесі. Елде болған екі революцияның себептері менің есімде, мен ешқашан бұрынғы билеушілдердің жолымен жүрмеймін”, – деп мәлімдеген Жээнбеков.

Қырғыз президенті қазір парламентте қаралып жатқан экс-президенттің тиіспеушілік құқығы туралы заң жобасына қатысты ойын білдірді.

“Егер де бұл шынымен (экс-президент Алмазбек) Атамбаевқа қарсы жазылған заң болса, онда мен қарсы болмақпын. Бірақ 2003 жылы қабылданған заң Конституциямызға сәйкес келмегендіктен, оны сол негізгі заңға сәйкес келтіріп жатыр… Бұл заң маған да тиесілі. Мен де кейін (билікті) тапсырам да кетемін. Әр адам кейінгісін ойлауы керек. Әкем “мемлекеттің құрығы ұзын” деп айтушы еді. Бәріміз заң алдында бірдей болуымыз керек. Экс-президентті қандай жағдайда жауапқа тарту керектігі заңда нақты жазылуы тиіс. Мен ешкімді жауапқа тартпаймын, заң, тиісті органдар жауапқа тартады”, – деген ол.

Желтоқсанның 13-і күні Қырғызстан парламенті бұрынғы президенттерді тиіспеушілік құқығынан айыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған.

Елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің арасы ушыққан сәтте талқылауға түскен заң жобасында “Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы” заңындағы бірнеше баптың күшін жою қарастырылған. Заң өзгеретін болса, президентке импичмент жарияланып, оған парламент пен Бас прокуратура қандайда бір айып тақса, ол заң алдында жауапқа тартылады. Бұған қоса, қырғыз депутаттары экс-президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беретін 18-бапты да өзгертуді бірінші оқылымда қолдаған.

Өзгеріс енгізілсе президент қызметінен кеткен соң ар-намысы мен абыройына нұқсан келген жағдайда сотқа өзі шағымданады. Қазанның басында Қырғызстан Конституциялық палатасы “Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы” заңның экс-президентке мүлде қол сұғуға болмайтыны жайлы 12-бабы азаматтардың барлығы заң алдында бірдей деп көрсетілген Конституциядағы қағидаға қайшы деп тапқан.

Постсоветтік Қырғызстанда қазір тек екі бұрынғы президент тиіспеушілік құқығын иеленіп отыр. Олар – Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев. Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев Қырғызстаннан шетке қашқанда бұл құқықтан айырылған. Екеуіне де “өкілетін асыра пайдаланды” деген айыппен сырттай ұзақ мерзімге түрме жазасы кесілген.

ПРЕЗИДЕНТ ТУЫСТАРЫНЫҢ БИЛІККЕ АРАЛАСУЫ ЖАЙЛЫ

Қырғызстан президенті қазір парламент депутаты болып отырған бауыры Асылбек Жээнбековті “елдегі кадр мәселесін шешетін негізгі адам” деген сынға қатысты да жауап беріп, оны жоққа шығарды.

“Ол артық сөз болады деп тіпті (парламент) сессиясына да көп бармайды. Егер оны елдегі барлық мәселелерді шешеді-мыс десеңіздер, маған нақты дерек беріңіздер. Сіз айтып отырғандай, ол барлық кадр мәселесін шешетін кеңселердің нақты мекен-жайын көрсетіңіздер. Егер расталса, мен ешкімді аямаймын”, – деген Жээнбеков.

Президент елде отбасылық-кландық басқаруға жол бермейтіні туралы мәлімдеген. Жээнбековтің тағы бір бауыры Жусупбек Шарипов қазір Қырғыстанның Украина мен Молдовадағы елшісі қызметін атқарады.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫРҒЫЗДАР МӘСЕЛЕСІ

Желтоқсанның 19-ы күні баспасөз мәслихатында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қытайдағы этникалық қырғыздарды ұстауға қатысты пікірін алғаш рет білдірді. Ол Қырғызстан бұл мәселені шешкенде абай болғаны жөн деп санайды.

“Ең жоғарғы деңгейлі дипломатиялық шеберлікті қолдану керек. Қырғызстанда Қытайдың 10 азаматы сотталған, олардың бесеуі түрмеде отыр. Олар айғай шығарып жатқан жоқ қой. Қытайдағы этникалық қырғыздар – сол елдің заңдарына бағынатын Қытай азаматтары. Біз олардың ісіне қалай араласа аламыз? Өйте алмаймыз. Бірақ біз дипломатиялық арналар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әлде маған да көшеге шығу керек пе?” – деген Жээнбеков.

Бұған қоса ол Қырғызстанның өзі де көпұлтты ел екенін, сондықтан өзге елдерді сынамас бұрын ең әуелі өзіндегі жағдай туралы ойланған дұрыс болатынын айтты.

“Мен қорыққандықтан емес, қарым-қатынасты бұзбау үшін айтып отырмын. Қытай – әлемдегі екінші экономика, біз стратегиялық әріптестерміз. Проблемалар туралы айту керек, бірақ абай болған дұрыс”, – деген ол.

Соңғы айларда Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын қазақ, қырғыз, ұйғыр тәрізді этникалық азшылық өкілдерін билік “білім орталығы” деп, ал құқыққорғаушылар “саяси тәрбиелеу лагері” деп атаған орындарға мәжбүрлеп жіберіп жатқаны туралы тараған ақпараттарға байланысты халықаралық қауымдастық бұл мәселеге жіті назар аударған. Түрлі деректер бойынша, Қытай билігі ол жерде ондаған мыңнан бірнеше жүз мың адамға дейін ұстап отырған болуы ықтимал.