“Тарихта халқына оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді”. Жээнбеков биліктен кететінін жариялады

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков президенттіктен кетті. Оның отставкаға кететіні жайлы мәлімдемесі 15 қазанда мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды. Енді Жээнбековтің отставкасын Жогорку кеңеш (парламент) қарауы тиіс. Ал жақында ел премьері болып тағайындалған Сабыр Жапаров өзін “президент міндетін атқарушы” деп жариялады.

Жээнбеков үндеуінде “билікке жабысып” отырмайтынын, “Қырғызстан тарихында өз халқына оқ атқан, қан төккен президент ретінде қалғысы келмейтінін, сондықтан отставкаға кетуге шешім қабылдағанын” жазды. Оның сөзінше, “Қырғызстандағы бейбітшілік, тұтастық, халықтың бірлігі мен тыныштығы бәрінен жоғары”. Жээнбеков “жаңа үкімет құрамы бекітілсе” де, “Бішкектегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақсыз болып тұрғанын” айтты.

“14 қазанда Жогорку кеңеш үкімет құрамын бекітті. Мен тағайындаулар туралы тиісті жарлыққа қол қойдым. Бірақ бұл елдегі жағдайды реттеген жоқ. Өкінішке қарай, агрессия басылмады, менің тез арада отставкаға кетуімді талап ету әлі жалғасып жатыр. Қазіргі жағдай екі тараптың қақтығысына жақындады. Бір жағында – наразылар, екінші жақта – құқық қорғау органдары” деп жазылған Жээнбековтің мәлімдемесінде.

Жээнбеков екі тарапты арандауға берілмеуге шақырды.

“Әскерилер мен милиция мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануы тиіс. Бұл жағдайда қан төгілетіні анық. Мен екі тарапты да арандатуға жол бермеуге шақырамын” деді ол.

Наразылар Жээнбеков кеңсесіне қалай басып кірді?

Жээнбеков елдің жаңа тағайындалған премьер-министрі Садыр Жапаровты және басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын Бішкектен әкетіп, ел астанасында тыныш өмірді қалпына келтіруге шақырды.

5 қазаннан бері Бішкекте наразылық толастамай тұр. Оппозиция мен оның жақтастары 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесіне қарсы шығып, Жээнбековтің отставкасын талап етті. Оппозиция сайлау кезінде билікке жақын партиялар халыққа ақша беріп, даусын сатып алды, әкімшілік ресурстарды пайдаланды деді.

Наразылар 6 қазанға ауған түні парламент пен президент отыратын “Ақ үйді” басып алып, түрмеде отырған елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевты, экс-депутат Садыр Жапаровты босатып алған. Наразылық күшейген тұста Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауы нәтижесін жойған.

14 қазанда парламент Садыр Жапаровты премьер-министр етіп сайлады. Билік экс-депутат Жапаровты 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысының әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11,5 жылға түрмеге қамаған еді.

Жээнбеков басында отставкаға кетпейтінін, елдің легитимді президенті екенін айтып келген. Кейін парламент сайлауы өтіп, елдегі жағдай құқықтық арнаға түскен соң ғана биліктен кететінін айтқан.

Бірақ Жапаровтың жақтастары 15 қазанда Бішкекте митинг өткізіп, Жээнбековтің отставкасын талап етті. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Жээнбеков отырған “Ала-Арча” мемлекеттік резиденциясын күштік құрылымдар күзетіп тұр.

Сапаровтың жақтастары Жээнбековтің отставка жайлы мәлімдемесі шыққаннан соң да Бішкек орталығында акция ұйымдастырып, “Жапаров – біздің президент” деп ұрандатып тұрды. Олар парламентті таратуды және Жогорку кеңеш спикерлігіне жақында тағайындалған Канат Исаевтың орнынан кетуін де талап қылды.

Қырғызстан Конституциясы бойынша, егер ел президенті қызметінен мерзімінен бұрын кетсе, жаңа президент сайланғанша оның міндетін Жогорку кеңеш төрағасы атқарады. Егер парламент спикері президент міндетін атқара алмаса, бұл міндет премьер-министрге көшеді.

Исаев 24kg сайтына берген пікірінде “парламенттің алтыншы шақырылымының мерзімі өткендіктен президент міндетін атқарушы қызметіне кірісуге моральдық құқығы жоғын” айтқан. Ол 16 қазанда парламент Жээнбековтің отставкасын қабылдау үшін жиын өткізетінін жеткізген. Исаев – “Қырғызстан” партиясының лидері. 2015 жылы Жогорку кеңес депутаты болып сайланған.

“Қырғызстан” партиясы фракциясының жетекшісі Нұрбек Әлімбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне Исаевтың өз еркімен президент міндетін атқарудан бас тартқанын жеткізді.

“Бірақ Исаев Жогорку кеңеш төрағасы болып қала береді” деді ол.

Жээнбеков отставкасы жайлы жазбаша мәлімдеме жарияланғалы жұрт алдына әлі шыққан жоқ. Ал Жапаров 15 қазан кешкісін жақтастарының алдына шығып, президент міндеті өзіне өткенін айтты.

“Барлығы орнына келді. Бұрынғы президент Сооронбай Жээнбеков арызын жазып беріп кетті. Спикер Канат Исаев оның міндетін атқару мүмкін емес екен деп, арызын жазып берді. Бүгін президенттің міндетін атқарушы жаңа премьер-министр деген қызмет маған өтті” деді ол.

Жээнбеков тура үш жыл бұрын, 2017 жылы 15 қазанда өткен президент сайлауында жеңіске жеткен. Оның президенттік өкілеті 2023 жылы күзде аяқталуы тиіс еді.

Жээнбеков елді Алмазбек Атамбаев басқарып тұрған тұста, 2016 жылдың сәуірінен – 2017 жылдың тамызына дейін премьер-министр болды.

Кейін Атамбаев Жээнбековті президент сайлауында ізбасары ретінде қолдаған. Бірақ артынан екеуінің арасы суып, билік Атамбаевты “қылмыстық топтың басшысы Азиз Батукаевты заңсыз босатты” деп айыптап, 11 жыл 2 айға соттаған еді.