Тоқаев Атырауда жүр

Қасым-Жомарт Тоқаев Отын-энергетика саласын дамыту қоршаған ортаға зиянын тигізбей жүзеге асырылуы тиіс деп мәлімдеді.

Ол бұл туралы Атырауға жасаған жұмыс сапары кезінде айтты.

– Отын-энергетика саласын дамыту қоршаған ортаға зиян тигізбейтіндей жүзеге асырылуы керек. Таза қоршаған орта – бұл қазақстандықтардың әл-ауқаты мен ұлт денсаулығының маңызды шарты, – деді Тоқаев.

Ол жер қойнауын пайдаланушылардың табысын ғылыми-техникалық зерттеулерге бағыттау кезінде ашықтықты қамтамасыз ететін тетіктерді құру үшін тиісті институционалды инфрақұрылымды анықтау қажет екенін атап өтті.

– Инновациялық технологияларды енгізу табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Біз заңды түрде жер қойнауын пайдаланушыларға табысының 1 процентін ғылыми-техникалық зерттеулерге бағыттауды міндеттедік. Ол үшін осы қаржыны игеруді қадағалайтын нақты және ашық тетіктерді құру қажет. Осы мақсатта тиісті институционалды инфрақұрылымдарды анықтау керек. Мұнда инновациялар мен жаңа технологияларды ынталандыру, зерттеулерді қаржыландыру үшін үлкен резервтер бар, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Атырау облысында жұмыс сапарымен жүр. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев бір мұнайсервис компаниясында болып, Қазақстанның мұнай саласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген жиналыс өткізеді. Сондай-ақ Президенттің бұл жұмыс сапары жоспарында Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысуы да қарастырылған.