ТОҚАЕВТЫ ТОЛҒАНДЫРУҒА ТИІС ҮШ МӘСЕЛЕ

Сонымен өзім алдағы бес жылда президент ретінде көргім келген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президенттікке кандидат ретінде тіркелді. Мен үшін қуанышты жағдай. Неге мен Тоқаевты таңдадым? Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден Қасым-Жомарт қазақтың қабырғалы жазушысы, дедектив жанрына бірінші болып түрен салған Кемелдің ұлы. Яғни асылдың сынығы, тектінің жалғасы. Екіншіден биліктің бүкіл дәліздерінен жүріп өтседе былғанбаған адам. Ешқандай тайпалық-топқа қосылмаған, қалталы бай-манаптардың ығында кетпеген бірегей жан. Үшіншіден әлемдік деңгейдегі дипломат. Өркениетті елдердің даму, өсу-өркендеу жолдарымен жетік таныс. Бұл бай тәжірибені елімізді дамыту үшін пайдалана алады деген сөз. Демек Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім артуға болады. Егерде осы президенттік додада асығы алшысынан түсіп, жеңімпаздың тұғырынан көрініп жатса, Тоқаевтың алдында аса үлкен жұмыстар тұр.

Біріншісі барлық саланы шырмауықтай шырмаған жемқорлықпен күрес. Тоқаев мұны жеңбей жақсы атанбасы анық. Басында айттық Қасым-Жомарт Кемелұлы былғанбаған таза адам. Демек қорықпай күрес жүргізуіне болады. Бірақ қырық басты айдаһардай болған жемқорлықтың ордасын ойрандай ала ма, жоқ па? Бұл басты мәселе.
Екінші қолға алатын дүние ол-кадр мәселесін шешу. Демек президент өзінің айналасынан бастап, ауыл әкіміне дейінгі аралықта кадр реформасын жасауы тиіс. Билік тізгінін ұстайтын азаматтар қара бастың қамы емес, елдің, жердің қамын ойлайтын ұлтжанды, мемлекетшіл азаматтар болғаны жөн. Өйткені көп жерде біліксіз басшылар отырғаны белгілі. Бұл оңай шаруа емес. Қалыптасып қалған жүйені талқандап, тыңнан түрен тартуына тура келеді.
Үшінші қолға алатын мәселесі жаңа экономикалық бағдарлама жасау. Тек шикізатқа сеніп отыра беруге болмайды. Біз әлемдік нарықтың бір бөлшегіміз. Соған икімделуіміз қажет. Ресей не болмаса Қытайға тәуелді болып қалудан сақтанғанымыз жөн. Тоқаев таққа отырып жатса, осы үш мәселені алдымен қолға алады деп сенемін.

Азаматхан Амиртай «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы