Тоқаевтың Бішкекте қандай іс-шараларға қатысатыны белгілі болды

27 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барадыдеп хабарлайды tazael.kz

Бұл туралы ҚР Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

“Келіссөздер барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылайды және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп жоспарлануда” деп жазды ол.

28 қарашада Мемлекет басшысы Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады.

“Іс-шаралардың күн тәртібінде Ұйым жұмысы аясындағы өзара іс-қимылдарға қатысты көптеген мәселелер қарастырылып, ҰҚШҰ-ның биыл атқарған жұмыстары бойынша басым бағыттардың жүзеге асырылуы қорытындыланады деп жоспарланған”, – дейді Берік Уәли.

Айта кетсек, алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен баратынын Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің басшысы Данияр Сыдықов хабарлаған. Ол Қазақстан Президентінің көрші елге сапары кезінде көлік, көші-қон, денсаулық сақтау және трансшекаралық сауда саласындағы келісімдерге қол қою жоспарланғанын айтқан.