Украинада әскери жағдай тоқтатылды

26 желтоқсанда Украина президенті Петр Порошенко елде өткен айда жарияланған әскери жағдайдың тоқтатылғанын хабарлады. 28 қарашада Украина парламенті Керчь бұғазындағы жанжалға байланысты елде 30 күнге әскери жағдай жариялауды мақұлдаған.

Әскери жағдай Ресей, Приднестровьемен шекаралас Украинаның Одесса, Николаев, Херсон, Запорожье, Луганск, Донецк, Сумы, Харьков, Чернигов және Винницк облыстарында жарияланған.

Парламент мақұлдаған құжат бойынша, бұл облыстарда 28 қарашадан бастап әскери жағдай орнаған. Бас штабқа ішінара мобилизация бастау туралы бұйрық беріліп, әскери-әуе күштерінің дайындығы күшейтілген.

25 қарашада таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, екі әскери кемені ұстаған. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелері территориядан “заңсыз кесіп өтті” деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні “алдын-ала ескертілгенін” айтып, кемелердің заңсыз ұсталғанын айтқан.