Жақтастары: Атамбаевты “күшпен ұстауға” дайындалып жатыр

ІІМ-нің тергеу қызметі 19 шілдеде таңертең Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты үшінші рет сұрақ-жауапқа шақырған. Ол тергеуге тағы келмеді деді адвокат.

Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) ресми өкілі және бұрынғы президент кеңесшісі Кундуз Жолдубаева Facebook-тағы парақшасында “құпия дереккөзіне” сүйене отырып, “экс-президент Алмазбек Атамбаевты күшпен ұстауға” бұйрық берілгенін жазды.

Арнайы операцияның жұма күні түстен кейін жүзеге асырылуы мүмкін екенін хабарлаған Жолдубаева күш қолдану шаралары жақсылыққа апармайды деп ескерткен.

Ал “Апрель” телеарнасының директоры Дмитрий Ложников 19 шілдеде Кой-Ташта халық штабының “шабуылдан қорғануға” дайындалып жатқанын жазды.

Бұған дейін Қырғызстанның ішкі істер министрлігі тергеу мүддесіне сүйене отырып, Азаттық тілшісіне бұл іс бойынша ақпара тарата алмайтынын жеткізген.

Алмазбек Атамбаев бұған дейін екі рет тергеуге шақырылып, екеуіне де бармаған. Атамбаевтың заң мәселелері бойынша өкілі Сергей Слесарев 2003 жылы қабылданған “Президент қызметіне кепілдік беру туралы” заңында жазылған тиіспеушілік мәртебесіне байланысты полицияның оны тергеуге шақыра алмайтынын айтқан.

27 маусымда парламент Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырған. Құқық қорғау органдары енді оның үстінен қылмыстық іс қозғай алады.

Бұған дейін арнайы депутаттық комиссия Атамбаевқа алты айып таққан. Тағылған айыптарды тексерген бас прокуратура бес айыпқа негіз бар екенін мәлімдеген. Олар Атамбаевтың қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуы, Бішкек ТЭЦ-ін жаңалау жобасы кезіндегі жемқорлық және оған көмір жеткізу мәселелеріне байланысты.

Алмазбек Атамбаевтың өзі бұл істердің саяси астары бар деп есептейді. Кой-Таш ауылындағы үйінде бұрынғы президент жақтастары Атамбаевты қолдау штабын құрған.