Дзюдодан қазақстандықтар үш алтынға ие

Ақтау қаласында дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, жарыстың алғашқы күні ел құрамасы 3 алтын, 4 қола жүлдемен командалық есепте екінші орынға көтерілді.

Медальдар кестесінде Ресей құрамасы 3 алтын, 5 күміс және 5 қола жүлдемен көш бастады. Гонконг дзюдошылары 1 алтын, 1 қоламен үздік үштікті түйіндеп тұр. Қазақстандықтардан Анна Казюлина (52 кг), Иоланта Бердібекова (63 кг) және Есет Қуанов (66 кг) чемпион атанды. Сондай-ақ Гүлзада Алмаз (63 кг), Бауыржан Нарбаев (60 кг), Әбілқайыр Мәуленин (66 кг) және Қуан Барыс (73 кг) үшінші орынға көтерілді. Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеевтің айтуынша, Токио Олимпиадасы қарсаңында барлық спортшылар үшін рейтингілік ұпайлардың маңызы зор. Осы турнирдің жеңімпаздарына 100, күміс жүлдегерге 60, қола медаль иегеріне 40 ұпай беріледі. Бұл жарысқа Қазақстаннан әйелдердің негізгі құрамы толық қатысуда. Ал ерлердің көшбасшылары жуырда Будапешт турнирінде бақ сынап, алдағы әлем чемпионатына қызу дайындалып жатқандықтан, басқа дзюдошыларға мүмкіндік берілді. Ашық Азия кубогы 19 шілде күні мәреге жетеді. Өткен жылға қарағанда, жарыстың ауқымы кеңейді. Биыл оған Азия ғана емес, Еуропа елдерінен де спортшылар келді.