Головкин DAZN трансляция сервисімен келісім-шарт жасасты

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен бокс жекпе-жектерінен трансляция тарататын DAZN стриминг сервисі келісім-шартқа қол қойды. Келісім-шартөа сай, DAZN 2021 жылға дейін Головкиннің кездесулерін көрсетеді. Бұл туралы 8 наурызда DAZN сервисі Twitter парақшасында хабарлады.

Twitter желісінде “Келісім жасастық. Енді GGG кездесулерін DAZN-нан көріңіздер” деп жазылған. The Ring журналының хабарлауынша, Головкин келесі жекпе-жегін маусымда өткізуі мүмкін.

Головкин бұған дейін HBO телеарнасымен бірге жұмыс істеген. Қазақстандық боксшының жекпе-жектерін 2012 жылдан бері осы телеарна көрсетіп келген. Ал 2018 жылы HBO арнасы бокс көрсетілімдерін тоқтатқан.

Геннадий Головкин кәсіпқой бокста 40 жекпе-жекке шыққан. Ол 2018 жылы қыркүйекте мексикалық Сауль Альварестен жеңіліп, орта салмақта (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылған.Осы кездесуден кейін Головкин рингке шыққан жоқ.