Хабиб карьерасындағы соңғы жекпе-жегін Сен-Пьерге қарсы өткізуі мүмкін – UFC басшысы

Жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов карьерасындағы соңғы жекпе-жегін канадалық Жорж Сен-Пьерге қарсы өткізуі мүмкін. Бұл туралы UFC басшысы Дэйна Уайт айтты, – деп хабарлайдыРИА Новости.

Нурмагомедов алдағы жекпе-жегінде амирикалық Джастин Гэтжимен жұдырықтасады. 9 мамырда жеңіл салмақта Джастин Тони Фергюсонді мерзімінен бұрын жеңіп, UFC-дің уақытша чемпионы атанған еді.

Хабиб пен Джастин Гэтжидің кездесуі Әбу-Дабиде қазанда өтеді. Бұл жекпе-жек қыркүйекте өтуі керек болған. Алайда ресейлік спортшының 58 жастағы әкесі Абдулманап Нурмагомедовтің қайтыс болуына байланысты кездесу шегерілген еді. Дэйна Уайт ресейлік спортшының өз-өзіне келуіне уақыт керегін айтып, Нурмагомедовті мазаламайтынын атап өткен.

“Конор (МакГрегор) қарымта кездесуді талап етіп отыр. Ол соңғы жекпе-жектен кейін (2018 жылдың қазаны) онымен қайта жұдырықтасқысы келіп жүр. Бұл кездесуді қалай өткізуді білмеймін. Оны уақыт көрсетеді. Әрине, Сен-Пьермен кездесу ұйымдастырылуы мүмкін. Егер ол Нурмагомедовтің соңғы жекпе-жегі болса. Ол өзін спортта, күресте жақсы жағынан көрсете білді. Маған Хабиб қатты ұнайды. Сондықтан мен ол нені қаласа, соны ұйымдастыруға дайынмын”, – дейді Уайт.

Айта кетейік, осыған дейін Нурмагомедов Сен-Пьерге қарсы жұдырықтасқысы келген. 2019 жылдың ақпанында канадалық спортшы карьерасын аяқтайтынын мәлімдеген. Ол тек Хабибпен жекпе-жек ұйымдастырылса ғана шаршы алаңға шығуға дайын екенін айтқан.

Хабиб Нурмагомедов – жеңіл салмақтағы UFC чемпионы. 31 жастағы ресейлік спортшы 28 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен.