«Канелоның» промоутері Головкинге шарт қойды

Мексикалық боксшы Сауль Альварестің өкілі, Golden Boy Promotions басшысы Оскар Де Ла Хойя қазақстандық Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жекті ұйымдастыруға қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп жазады Sports.kz.

«Геннадий Головкин қыркүйекте Сауль Альвареспен рингке қайта шығатынына күмәнім бар. Мен «Канеломен» жүз пайыз келісемін – Головкин бұрынғы деңгейіне қайта көтерілуі тиіс. Сауль енді чемпион, оған таңдауға болатын жолдар өте көп – ол 168 немесе 175 фунт салмақ дәрежесіне дейін көтеріліп, тарихта есімін қалдыра алады. Егер Головкин онымен жекпе-жек өткізгісі келсе, ол әлем чемпионы белбеуін иемденуі тиіс», – деп келтіреді ESPN Де Ла Хойяның сөзін.

Еске салайық,  Головкин мен «Канело» арасындағы бірінші жекпе-жек тең аяқталған болатын. Ал реваншта төрешілердің басым бөлігінің шешімімен жеңіс мексикалық боксшыға берілді.

GGG (38-1-1, 34КО) алдағы 8 маусымда Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden аренасында канадалық боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) кездеседі. Жекпе-жек алдында қос боксшы Нью-Йоркте баспасөз мәслихатын өткізді. Шарадан кейін көз арбасу рәсімі өтті. Бокс кешіне билеттердің бағасы 50, 100, 200, 300, 500  және 750 долларды құрайды.

inform.kz