“Қайрат” Чемпиондар лигасында екінші орын алды

Алматылық “Қайрат” футзалдан Чемпиондар лигасының күміс медалін иеленді. 

Ақтық кезеңі Алматыда өткен турнирдің финалында “Қайрат” пен португалиялық “Спортинг” кездескен. Бірінші таймда командалар есеп аша алмады. Ал үзілістен кейін “Алматы Аренаға” келген 12 мыңға жуық жанкүйер үш гол көрді. Қазақстандық фанаттардың өкінішіне қарай, оның екеуін португалиялық клуб соқты. “Спортинг” сапынан Кавинато мен Алекс Мерлим көзге түсті. Ал матч соңына қарай Дуглас есеп айырмасын қысқартты. Артынша қақпашы Игитаның орнына бесінші ойыншы шыққанымен, алматылық клуб таразы басын теңестіре алмады.

Осылайша, “Спортинг” өз тарихында алғаш рет футзалдан Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Португалиялық клуб бұған дейін турнирдің финалына үш рет (2011, 2017 және 2018 жылдары) шығып, бәрінде де жеңіліп қалған еді.

Турнирдің қола медалін испаниялық “Барса” иеленді. Каталониялық клуб үшінші орын үшін өткен матчта Испанияның тағы бір командасы, соңғы екі маусымда турнирдің жеңімпазы болған “Интер Мовистарды” 3:1 есебімен ұтты.

kaz.tengrinews.kz