Төселген кәрі құрлықтың жарысына тағы да жүлде алды Галышева

Қазақстандық могулшы Юлия Галышева Финляндияның Руке қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде екінші орынға табан тіреді. Талантты қыздың маусым ашар жарыстағы жетістігі қазақстандық жанкүйерлерге жылы әсер еткені анық. Юлия – фристаил могулындағы нағыз мықтының бірі. Оңтүстік Кореяда өткен олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған Галышева фин жеріндегі жарысқа да тыңғылықты дайындықпен келіпті. 81,48 ұпай жинаған Перин Лаффоннан сәл ғана қалып қойды. Үшінші орын америкалық Тесс Джонсонның еншісінде. Аяулым Әміренова жарысты отыз бірінші болып аяқтады.

  Осы тұста еске «Феникс сноу парк» түседі. Әлгі Пхенчандағы қысқы олимпиада кезінде фристайл өткізген парк. Оған қалай жеттік, өзге әңгіме. Қыран ұя салатын шың секілді биікке ентікпей шығудың өзі табыс еді. Жарайды, тілші не көрмейді, жарыс кезінде. Біз келгенде, Юлия Галышева құлдилай берді. Жаттығуды тәп-тәуір өткерді. Бірақ, алтыншы орын. Жаман емес. Финалға алғашқы алтылық ілінетінін ескерсек, тамаша нәтиже. Алайда.. Осыны ойлағанда тіл таңдайға жабысады. Қабырға өкпемен қабысады дегендей..

  Өзгені былай қойғанда, Тесс Джонсон жарыс жолына әлі шықпаған. Маусым мықтысы дәл осы ойындарға тек алтын медаль үшін келгені анық қой. Тесс бізді құтқара ма, кезек келген бетте уыстап тұрып, ұпай жинауға кіріседі. Демек, анау Анди Нод пен Бриттени Кокстың қасына барып, қоныстанады. Шаппай бәйге сұрайтын Перрин Лаффон әзірше үшінші тұр. Әйтпесе тап қазір француз қызына тең келетін спортшы жоқ. Егер Тесс Джонсон демесеңіз..

   Содан не болды дейсіз ғой? Тарихтан да белгілі шығар, бірақ біз ол кезде қайдан білейік… Тесс кезек алды. Құм үйілген төбещіктерді біртіндеп түгендей бастады… Бастады да тоқтады… Тоқтағанда, тәртіп бұзғаны анық… Демек…

  Демек, Юлия Галышева алғашқы алтылықтан орын алады. Шығыстың қызы финалда өнер көрсетеді.

  Әлем кубогы кезеңіндегі ақпаратты көргеннен кейінгі көңілдегі кейбір деректің көлденең тұрғаны ғой. Финляндияда топ жарған Лаффон олимпиада чемпионы атанған. Біздің Юлия қола жүлдегер атанды….