Токио олимпиадасы 2021 жылға шегерілді

Жапония премьер-министрі Синдзо Абе мен Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах телефон арқылы әңгімеде биылғы Токио олимпиадасын келесі жылғы жазға шегеруге келіскен. Бұл туралы 24 наурызда Абе мәлімдеді.

Жапония билігі ХОК-тан коронавирусқа байланысты Токио олимпиадасын бір жылға шегеруді сұраған.

ВВС сайтының хабарлауынша, ХОК олимпиаданы шегеруді жақын уақытта ресми түрде жарияламақ.

Бұған дейін Канада, Австралия, Ұлыбритания ХОК-тан олимпиаданы кейінге шегеруді талап еткен. Олар Токио ойындары 24 шілдеде басталса спортшыларын жібермейтінін мәлімдеген.

Токио олимпиадасы 24 шілде – 9 тамыз арасына жоспарланған. Олимпиада ойындары бұған дейін тек соғыс кезінде өтпей қалған.

Әлемде Covid-19 коронавирусы 380 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 16 мыңнан асып кетті. Вирус 190-нен астам елге тарады. 100 мыңнан астам адам дерттен айыққан.