Елеусіз қалған қос ғұмыр…

Алматының күн шығысында иісі қазақтың жақсы мен жайсаңы мәңгілік тыным тапқан Кеңсай қорымы жатыр. Онда кім жоқ дейсіз… Үлкен қорымның алақандай бір пұшпағында шөп-шалаң басқан бір төбешік-мола бар. Қойылған белгі тастан онда жатқандардың кім екенін ажырату да оңай емес. Білетіндер болмаса, былайғы жұрт ол жер мола екенін аңғара қоймасы хақ. Онда: иісі қазақтың маңдай алды сұлуы, жұртты тамсандырған, таңқалдырған, таңдандырған биші Нұрсұлу Тапалова жатыр, онда: Нұрсұлудың жары, қазақ боксының атасы атанған, қазақ даласында бокстың негізін салған атақты боксшы Шоқыр Бөлтекұлы жатыр. Кеше қазақ үшін барын берген, алтынға айырбастамас ғұмырларын сыйлаған, қазақтың мәдениетін, спортын дамытуға күш салған дара дарын – қос тұлғаның, бүгін елеусіз, ескерусіз қалғаны, бұл пәниден бақиға аттанғандарына он жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге олардың моласының басы қарайтылмағаны жүрекке қыжыл, көңілге мұң ұялатады. Кезінде Мұқағали: «Уақытым келіп кеткенде келмес сапарға, қалмасам екен, елеусіз-ізсіз, жоқтаусыз» деп еді. Ақиық ақынның сол жыр жолдары Нұрсұлу апамыз бен Шоқыр атамызға қаратылып айтылғандай.

Бүгінде жұрттың жадынан шығып бара жатқан Нұрсұлу Тапалова мен Шоқыр Бөлтекұлы кім еді?

Өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары қазақ сахнасының сәніне айналған қазақтың тұңғыш балеринасы, мың бұралған биші, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалова Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында 1923 жылы дүниеге келген. Нұрсұлудың халыққа танылуына жол ашқан қазақтың ардақты ұлы Ахмет Жұбанов болатын. 1934 жылы Ақтөбе облысына іс-сапармен жолы түскен академик ағамыз жұрт алдында мың бұрала билеп, өзінің асқан талант иесі екенін таныта білген 11 жасар Нұрсұлудың алдағы өміріне бағыт-бағдар сілтеді. Қайда барып, қайда оқу керек екенін айтты. Арман жетелеген балауса Нұрсұлу Алматыға аттанды. Үлкен шаһарға келген соң, оны театрдың көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков пен балетмейстер А.Александров қамқорлықтарына алды. Жас қыздың өнер жолындағы талантын шыңдай түсу үшін оған Мәскеудің не Ленинградтың хореографиялық училищелерінің ұлттық бөлімдеріне түсуге кеңес берді. Алайда Нұрсұлу одан бас тартты. Онсыз да табиғи таланттың иесі, биге бейімі бар қыз, сол жерде жүріп-ақ жетекшісі А.Александровтың үйретуімен аяқ ұшымен тұрып билеудің қыр-сырына қанықты. Сонда жүріп «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарының кейбірінде Шара Жиенқұлованы айырбастап отырды. Бір естелігінде Нұрсұлу: «Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар көрмесінен іріктеліп, он үш жасымда Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанындағы би мектебіне түскен едім. Сонда Күләш Байсейітованың қамқорлығында жүріп, Шара апайдың да көмегін көп көрдім» – деп жазады. Биші қыз 1938 жылға дейін кордебалет әртісі, кейіннен жеке балет бишісі, 1941-1953 жылдарда театрда прима-балерина бола жүріп, ұлттық операларда жеке билерді сомдады. «Аққулар айдынында» испан бишісін, Астафьевтың «Бақшасарай бұрқағы» қойылымында Зареманы нақышына келтіре орындай білді.Жұрт таңқалды, тамсанды, таңданды. Оның дара талант екеніне бас иді. «Нұрсұлу Тапалованың дайындықсыз сомдаған классикалық үлгідегі Заремасы нағыз Шығыстың аруы болып шықты. Оның биін көріп отырып, биге елітіп кетпеу мүмкін емес болатын. Классикалық бидің көптеген қиындықтарын өз бетімен жеңе отырып, Н.Тапалова оны түрлі образдар мен сезімдерді айшықтаудың құралы ете білді. Ол әрбір сахнаға шығардың алдында қатты толқитын, оның әр биінде өзіндік қолтаңбасы айқын көрінетін, сол кездегі талантты бишілердің арасында ерекшеленіп тұратын…», – деп жазады «Менің балетім» деген кітабында халық әртісі Болат Аюханов. Сол жылдары талантты қыз «Киноконцерт», «Белая роза», «Жамбыл» және басқа бас-аяғы жиырма шақты кинофильмдерге түсіп, актерлік қырынан да танылады. Еңбегі жанып, 1947 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болып, бір жылдан соң Алматы қалалық кеңесінің депутаттығына сайланады. Алайда 1953 жылы Нұрсұлу театрдан кетіп, ән-би миниатюралары жанрындағы эстрадалық салаға біржола бет бұрады. Сөйтіп, Қазақтың мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясына ауысып, Кеңес Одағы мен одақтас республикалардың ән-би ансамбльдерінің жеке бишісі болып қызмет етеді. 1975 жылға дейін сахнадан түспеген Н.Тапалова қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс және тағы басқа да ұлттардың билерін өз деңгейінде, биік талғаммен орындап отырған. Қазақтың біртуар тұлғалары Шәкен Айманов, Нұрғиса Тілендиев, Ғарифолла Құрманғалиев, Ахмет Жұбановтармен бір сахнада өнер көрсеткен Нұрсұлу кезінде Бауыржан Момышұлы, Бақытжан Байқадамов сынды саңлақ ағалардың отбасыларымен де достасып, араласып-құраласып тұрған екен. Бұқаралық ақпарат беттерінде биші қыз туралы жарық көрген мақалалар осылай сыр шертеді. Ал асқан биші Нұрсұлу театрдан неге кетті? Әттеген-ай, Құлагердің жолын кескен батыраш-қотыраштар бұл жерден де табылды. Дара дарынға тосқауыл қойды. Өсек-аяң бықсыды, бишіні сыртқа тепті. Күншілдер күн көрсетпеуге айналды. Тума талантының арқасында көтерілген биігінен сүйреп түсіргісі келгендер табылды. Осыдан келіп театрдағы өмірі «ішкені ірің, жегені желімге» айналған Нұрсұлу ол жерден амалсыз кетіп тынды. Екінші бір өнер ордасы атанған Қазақтың мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясында еңбек етті. Бірақ мұнда да тыныштық болмады. Аяқтан шалушылар онда да табылды. Ақыры бәрін тастап кетуге мәжбүр болды. 1992 жылы ғұмырлық жары Шоқырдан мәңгіге айырылды. Ал 1998 жылы елеусіз күйде өзі де дүниеден өтті. Өкініштісі, бар ғұмырын арнаған Абай атындағы Опера және балет театрынан, біраз жылын арнап қызмет еткен «Қазақконцерт», Жамбыл атындағы филорманиядан бір адам да қазаға келмеген. Бұған жылайсыз ба, күлесіз бе?.. Тек Шоқыр ағаның жолын ұстаған, сол кісінің ізбасар шәкірттері болған Серік Әбдінәлиев бастаған бір топ боксшы жігіттер ғана апамызды Кеңсайға қойып, қабіріне топырақ салыпты. Абай данышпан айтпақшы, «қазақтың тірісінің өсектен аманы жоқ, дүниеден өткенінің жаманы жоқ» демекші, Нұрсұлу Тапалова өмірінің соңғы жылдары үлкен өсекке қалды. Қаңқу, қауесет желше гуледі. Оған қара күйе жағушылар «ол ішіп кетіпті» десті. Кім білсін? «Мен ішпеген у бар ма?» деп Абай айтпақшы, тасадан тас лақтыру, күншілдік, көреалмаушылық бәрі қосылып, оны осыған итермелеген де шығар. Қаншалықты үмітін желкен, жігерін қайық етіп күншілдікке қарсы тұрғанымен, бір сәт босаңсып, әлсіздікке ерік беріп алды ма екен? Бәлкім, сахнада өткен інжіл сәттерінің қайтып келмесін ойлап, торығып, ішкі күйікті шараппен басқысы келген де болар… Кім білген?.. Жан-жары Шоқыр «бәрінен де сен сұлу» деп еркелеткен, шаңырақтың сәні, сахнаның көркі болған сұлу да сылқым ерке биші қыз емес пе еді кезінде… Бәлкім, әділетсіздікке төзе алмаған да болар-ау… Ол жайлы шыққан өсектің бір ұшы, кез келген қыз-келіншектің арманы болған қазақ боксының атасы атанған Шоқырдай біртуар азаматтың өзгені емес, өмірлік жары етіп Нұрсұлуды таңдап алуында жатқан шығар. Шоқыр: «бәрінен де сен сұлу» деп еркелетуші еді, ол «арыстаным» деп еркелеуші еді… Қаншама биікке көтеріліп, атақ-даңққа ие болса да, екеуі де қарапайым, қоңырқай тірлік кешті. Өмірлерінің соңына дейін аядай бір бөлмеде тұрды. «Дұрыстау үйге қоныс аудармадыңыздар ма?» дегендерге, «Бұл шаңырықта тұңғышым дүниеге келген, қазақтың біртуар азаматтары – Бейімбет Майлин, Шәкен Аймановтар дастарқаннан дәм татқан, сондықтан бұл үйді қиып ешқайда кеткім келмейді» дейді екен. Әйтпесе оңдырақ үй алуға атақ-дәрежелері жетер еді ғой… Нұрсұлудың асқан көріктің иесі болғаны жөнінде әңгіме көп. Шоқыр Бөлтекұлы жөнінде көп жазған белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген «Шоқыр» деген кітабында Нұрсұлудың қызы Тоты шешесі жайында «Небір мықты қылқалам шеберлері қазақтың сұлу қыздарының суретін саларда менің анамның сымбатты мүсінімен салыстыра қарап алып барып кірісетін еді» деуі де біраз жайдан хабар берсе керек. Бұдан Нұрсұлу апамыздың туа біткен талантымен қатар Алла Тағала берген асқан сұлулық иесі екенін де байқаймыз. Амал қанша, сондай дарынды, күндей көзі, айдай аузы бар сұлу биші қыздың қазақ өнері үшін еңбек етіп, соңында ескерусіз, еленбей қалуы көңілге кірбің түсіреді. Нұрсұлу апамыздың ескексіз қайықтай қалтылдаған соңғы өмірі тым аянышты, тым трагедиялы болса керек. Биші Ғайникамал Нығметжанқызы Нұрсұлу жөнінде жазған бір естелігінде: «Білесіз бе, мен ол кісіні кездейсоқ көшеден кезіктірдім. Кім біледі мүмкін танымас па едім. Бірақ, біле­сіз ғой, пендешілік пайыммен біреу елден ерек қымбат, не өте жадау киінсе, соған назар аударатын әдет емес пе? Апайдың үстіне ілген киімінің жұпынылығы сон­ша, аяп кеттім. Өзіне қа­далған жанарды сезді ме, ол бір сәт маған жалт етіп қа­рады. Жүрегім дір етті. Нұрсұлу Тапалова. Кәдімгі аты жер жаһанға жайылған Нұрсұлу апай ғой мынау… Өзгерген. Тек бір кездегі сұлу жүздің сарқытынан сыр шерткен қара көздегі жарқыл ғана. Тамағыма тас тұрғандай үнім шықпай қаттым да қалдым. Ол кетіп бара жатты. Егде тарқан сайын еңкейе түсетін қарапайым қара кемпірге келіңкіремейді. Сұңғақ та кәнігі балериналарға тән қос табанын көлбеу тастайтын тәкаппар да асқақ жүріс…», – деп жазады. Бұған не дейсіз…

Ал Нұрсұлудай арудың жары болған Шоқыр атамыз кім еді? Ресми дерекке жүгінсек, Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау облысы Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйінде оқып, орта мектепті бітіреді. Шоқыр Бөлтекұлы – 1936 жылы қазақ жерінде әуесқой боксты үйретуді алғашқы болып қолға алған ұстаз. Қазақ боксының атасы атанған Шоқыр ағамыз – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ. 1937 жылы Ш.Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өтті. 1944 жылы Ұлы Отан соғысынан оралған Шоқыр Бөлтекұлы жаттықтырушылық жұмысын жалғастырады. Шоқыр ағамыздың басшылығымен 1946 жылдан бастап қаланың, республиканың, Орта Азияның ресми чемпионаттары өткізіле бастады. 1947 жылы Мәскеуде өткен КСРО біріншілігіне Қазақстанның құрама командасы тұңғыш рет қатысып, Махмұт Омаров қола жүлдегер атанған. Шоқыр Бөлтекұлы 1992 жылы дүниеден озды. Қазақ халқының ақиық батыры Бауыржан Момышұлының өзі кезінде «екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр» деген (Шоқыр атаның моласы Бауыржан Момышұлының жанында) екен. Себебі қылышынан қан тамған қырқыншы жылдары өз тегін «ов» емес, «ұлы» деп жаздырған тұңғыш қазақ спортшысы – дәл осы Шоқыр Бөлтекұлы еді. Бір айта кетер жайт, Шоқыр ағамыз өте жан-жақты адам болған екен. Ана тілімен бірге орыс, араб, неміс, украин, хинди тілін де меңгерген полиглот, Бакуде, Киевте жо­ғары білім алған кәсіби суретші де болған. Шоқыр атамыз дүниеден өткенде Серік Қонақбаев, Серік Әбдінәлиев, Болат Нұрсейітов, Болат Мәнкенов сынды шәкірттері соңғы сапарға шығарып салыпты. Бірі өнерде, бірі спортта иісі қазақтың атын шығарған, намысын қорғап, әмбеге аян еткен қос тұлғаның өмірлерінің соңында елеусіз қалғаны, дүниеден озған соң молаларының басы қарайтылмағаны өкінішті. Өзге жұрт, өз ұлтының атын асқақтатқан дарындарын жер-көкке сыйғызбай көтермелеп, ескерткіш соғып, көшенің атын беріп, ұмытылып қалмас үшін жанталасып жатар еді. Біз ондай тірлікке бармақ тұрмақ, қос таланттың басын қарайтуға қарекет жасамай отырмыз. Енжарлық па, әлде… Дегенмен қос таланттың артынан іздеуші де табылар, иісі қазақтың есті бір азаматы олардың басын қарайтып, құлпытас та қояр… Соған бек сенімдімін.

Алматының күн шығысында қазақтың жақсы мен жайсаңы мәңгілік тыным тапқан Кеңсай қорымы жатыр. Онда кім жоқ дейсіз… Үлкен қорымның алақандай бір пұшпағында шөп-шалаң басқан бір төбешік-мола бар. Онда иісі қазақтың маңдайына сыймай кеткен, жүрегі қазағым деп соғып дүниеден өткен, қос бірдей арысы жатыр… Елеусіз-ескерусіз… басы қарайтылмаған…

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

(Осы  мақала  жарық  көрген  соң,  сол  кездегі  Мәжіліс депутаты  Ирак  Елекеевтің араласуымен қос  арыстың  басы  қарайтылды,  ескерткіш  тақта  орнатылды).