Қайдасың, Мағауия?..

«Арай» журналына жаңадан жұмысқа тұрған кезім. Бір күні журнал қызметкерлері күншуақта темекі тартып тұрған еді.

  • Қалайсыңдар? – деген гүр еткен дауыс естілді. Жалт қарағанбыз. Қияқ мұрт қойған, еңселі, иықты жігіт ағасы екен. Жанымдағылар жапырласып амандасты. Бұрынан танитын секілді. «Гүлбайраш осында ма?» – деді де, ішке еніп кетті. «Мағауия деген үлкен суретші, Гүлбайраш апай осы кісінің жары» десті, жанымдағылар.

Одан кейін Мағауия ағаны осы редакция қабырғасынан бірнеше рет көрдім. Кейін басқа жұмысқа ауыстым. Сонда жүріп «қазақтың маңдайына біткен үлкен суретші із-түссіз жоғалып кетіпті» дегенді естідім…. Нағыз кемеліне келген шағында, нағыз бойындағы барды еліне берер кезде жоғалды. Амал қанша? Өмірде өз бағасын ала алмай кеткен, дарынды жанның бірі де бірегейі, қылқалам шебері біз әңгімеге арқау етіп отырған осы Мағауия Аманжолов еді. Пешенеге жазғаны сол болды ма, дарынды суретші айдың, күннің аманында, шеберханасынан шыққан бойда жоғалып кетті. Бұл – 1995 жылдың 15 тамызы еді.

Содан бері оны көрген ешкім жоқ. Үлкен талант иесінің ойда-жоқта жоғалуына кім кінәлі, не әсер етті? Бұл – жұмбақ. Дегенмен болжам жасауға болатын сияқты. Мағауия бір емес бірнеше рет мемлекеттік деңгейдегі сыйлыққа ұсынылды. Біріншісі – Қазақстан комсомолы сыйлығы еді. Бірақ бәзбіреулердің тарапынан тосқауыл қойылды. Сыйлыққа ұсынылғандардың қатарынан оның аты-жөні алынып тасталады. Екіншісі – Мемлекеттік сыйлық болатын. «Дала дидары» атты ұштағаны аламан бәйгеге түскен. Даусыз дүние еді. Оның құдіретті суретімен таныстар «сыйлық сенкі» дескен. Амал қанша, бұл жерде де батыраштар мен қотыраштар табылды. «Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым, Ұстай алмадым, өткізіп алып уақытын. Сансырап, шаршап жүргенде, біреу тап келіп, Қақты да кетті айылы мықты, аты тың…» деп Мұқағали айтпақшы, Мемлекеттік сыйлық бұған емес, өзгеге бұйырды…

Сексенінші жылдардың басында атақты «Ақтабан шұбырынды» картинасын жасады. Іргелі дүние еді. Соның жалғасы ретінде 86-шы жылы «Құйын» деген сурет салды. Сол тұста кейбір көре алмайтын, мұның талантына қызғанышпен қарайтындар Мағауияны «үш әріптің» адамдарына ұстап беру үшін, «әбүйірін құйын ашқан жалаңаш қыздың аяғының астына екі-үш сойыл-шоқпарды тастай сал. Қызыл империя солдаттары зорлаған екен деген түсінік береді. Суреттің маңызын аша түседі» деп кеңес беріп, арандатуға да ұмтылды. Мұндай пасық ойлы достардан жаны нәзік суретші күйзелмеді дейсің бе? Дос көріп, әріптес көріп жүргендердің арам пиғылын байқап, жан жүрегі жылады, әрине. Одан кейін тоқсаныншы жылдардың басында «Түркияға апарып көрме өткіземіз» деп бірнеше түрік мұның он бес шақты картинасын көтеріп Түркияға алып кетті. Содан хабар болмады. Айдың- күннің аманынында қанша уақытын сарп етіп, жүйкесін жеп, ақ тер, көк тер боп салған бір топ туындысынан айрылып қалғаны, суретшіге үлкен соққы болды. Одан тыс, көре алмайтындар мұның көзін ала бере, бірнеше мәрте салып қойған суреттерін тілгілеп кетті. Мұның бәрі жүйкеге, жүрекке салмақ түсірді. Амалсыз, ащы запыранды сыртқа төгу үшін, ащы сумен дос болды. Жұрт «ішіп кетті» десті… Бірақ оның құсалықтан ішкенін кім түсінсін… Сосын бір күні жоғалып кетті… Бәлкім, «қадірімді барымда түсінбегендер, жоқ болған соң талантымды бағалар» деп ойлағанда болар-ау… Кім білсін? Мағауия Аманжолов 1949 жылы Қарақаралы өңірінде дүниеге келді. Әкесі малшы еді. Бәлкім шетсіз-шексіз сағымға оранған далаға, көгілдір аспанға, көз ұшында бұлдыраған тауларға ғашық болу, оны ұғыну сол бала кезден, қой соңында жүрген тұста басталған шығар. Армияда Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) болды. Қолы босай қалса, шапқылап Эрмитажға баратын. Өнер әлемімен сонда кеңінен танысты. Армияда жүріп, «Мәскеуде оқысам» деген оймен бір топ суретін сондағы суретшілер даярлайтын оқу орнына жіберген. Көп ұзамай «сені оқуға қабылдаймыз» деген хат келді. Бірақ дәм-тұз бұйырмады ма, бұл Мәскеуге емес, Алматыға аттанды. Алатаудың етегінде орналасқан шаһарда оқыды, үйленді, бала сүйді…

Осында жүріп республика тұрмақ, Одаққа танылды. Қарымды суретші екенін танытты. Мойындатты. «Шексіз кеңістік, шетсіз кеңістік, біле тұра талай ұрысып, талай керістік. Мен де сендердей ақымақ екем ғой, мұнымыз енді ұлы кемістік» деп достарына, айналасындағыларға ренжігенде өстіп бір-екі шумақ өлең жазып қоятын еді. Ол тауға ғашық болды. «Тауға тоймаймын» деген керемет картинасы бар. Мені ертіп, қыздарын жетелеп ертемен тауға шығып кететін. Күні бойы сурет салады. Ішіндегісін бүкпесіз ақтаратын. Исі қазақтың данышпаны Абайды салды. Және қалай салды дейсіз ғой. Ешкім ұқсамады. Шоқанды да салды. Көп ізденетін. Шоқанның суретін бір мұрағаттан тауып әкеліпті. Дәл сондай етіп салған ешкім жоқ. Мағауияның қайсы картинасын айтайын. Көп қой. Амал қанша осындай асқан дарын иесі барында бағаланбады. Қазірде еске алып айтып жүргендер шамалы. Алда алпыс бес жылдығы келе жатыр. Қолымнан келсе көрмесін ұйымдастырсам, елдің есіне Мағауияның атын жаңғыртсам деймін» дейді жары Гүлбайраш Сүлейменқызы.

Уақыт жылжыр. Әлі-ақ келер ұрпақ өткенін бүтіндер. Сол кезде артына өлмес мол мұра қалдырған Мағауия Аманжоловтың да аты аталар. Үлкен дарын иесі болғанын бағалар.

 

 

 

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы:

Мағауия ерте танылды. КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне де қатарластарының алды болып қабылданды.Мәскеудің көрмелеріне шығармалары бірінен кейін бірі қойылды. Ойлары тосын өнер адамының өрнегі де бөлек болады емес пе. Сондықтан оның айналасында қылқалам шеберлерінен бөлек – артист, ақын-жазушы, журналистер де көп жүретін. Ол әрқайсының тілін тауып, емін-еркін сырласатын. Қай-қайсысын да жан-жақтылығымен тәнті ететін.

Өткен жылы бір басылымда Әлсейіт Ақпанбеттің шағын әңгімесі жарияланды. Онда гу-гуі басылмайтын, думаны еліктіріп тұратын Алматы сыраханаларының біріндегі оқиға баяндалады. Бір-біріне дес бермей отырған жігіттер қысқа өлеңге бақ сынасады. Сонда сөзді әуелі әдеттегідей ақындар алады. Аяқ астынан шығарған шумақтарын жарысып оқиды. Бір кезде араларында отырған суретшінің де делебесі қозып шыдай алмай кетеді де:

Шексіз кеңістік, шетсіз кеңістік,

Біле тұра талай ұрысып, талай керістік.

Мен де сендердей ақын екенмін,

Мұнымыз біздің – ұлы кемістік! – деп салады.

Міне, осылайша ақындардан ой оздырған азамат кім дейсіздер ме? Ол – Мағауия Аманжолов!

Мағауия көз көргендердің бәрінің айтуынша ақын жүректі азамат еді. Керілген кенептегі суреттері қалай сөйлесе, тілі де дәл солай күмбірлейтін. Осы ойымызға жиырма төрт парақтық оқушының көк дәптеріне жазылған мына бір шумағы нақты дәлел:

Туған жер өзіңді мен сағынғанда,

Бір адым жақындаймын ақындарға.

Бейнеңді оймен тартып салғанменен,

Мен бармасам, ол маған жақындар ма?!

Ол елін де, жерін де, қазағын да шынайы көңілмен сүйе білді. Сол сезімін әсіре бояу, өтірік өрнексіз тап-таза, тұнба қалпында, асқан шеберлікпен бейнеледі. Осы ерекшелігін былайғы жұрт қана емес, бейнелеу өнерінің майын езіп, дәмін татқан қас шеберлердің өздері де айрықша бағалады. Және бір баса айтатын жай – әріптестерінің ешқайсының дәті жетіп бара бермейтін тақырыпқа батыл барғандығы. Тоталитарлық жүйенің дегені болып, халықтың кешегі бастан кешкен ауыр тағдырын айттырмай, ауыздықтап отырған жетпісінші жылдардың өзінде «Ақтабан шұбырынды» циклына үндестіріп, қазағымның келешегі қалай болады деп асқан күйзеліспен ғұмыр кешкен аяулы арыстарымыз туралы «Құрылтай съезінің делегеттары Орынборға барар жол үстінде» деген полотно жазуы, оны 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі қасіретіне ұластырып «Құйынды» қиуластыруы, солардағы діттеген ойын асқан нәзіктікпен астарлай жеткізіп, көркемдік кеңес пен тіміскілегіш түртпекшілердің ауыр тезінен орайын тауып өткізе білуі ғажап емес пе?!

Бірақ, осы «ғажаптардың» қай-қайсысы да жүрегіне азап жүгі болып артылғаны күмәнсіз. Мәселен, әлгі көк дәптердің бір парағына: «Көңілді шайтан қылды-ау шайтан өмір…» деп жазыпты. Сол жазбалары бітетін дәптердің соңына салым:

«Мысық қашса тырнағына сеніп,

Жоғары шығар ит жетпейді деп.

Мен неге жоғарыға секірмеймін,

Балағымнан тістер иттерді көріп…» – деген жолдарын оқыдық. Астында мерзімі көрсетілмепті. Өзімізше, бұл шумақ жоғалып кетер кезінің алдында кестеленген ойы болар деп ұқтық.

– Қайран, Мағауия! – дейміз біз бүгін. – Шеңберге сыймай тірлік кешіп, шеберлігің әбден шыңдалған, қай тақырыпқа да именбей бара алатын тәуелсіз уақыттағы таңғажайып дүниелеріңді көрсете алмай араманда кеткенің-ай!..

1996 жылы жарық көрген «Арай» журналының бір санында «Қайдасың, Мағауия?» деп іздеу салған мақала жазып едім. Әлі де сол ниеттемін. Сен өлмегендей көрінесің. Олай болатыны, өлгеніңді көрген, көмілгеніңді көрген пенде жоқ.

Бар бол, Мағауия!

 

Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер, режиссер:

  • Қайсы бір жылдары ҚазПИ -де өнерге жақын, театрды сүйетін студентердің басын құрап үйірме ашып, қосымша жұмыс жасап жүрдім. Мағауиямен сол жерде жүріп таныстым. Оның сөзінен, ісінен бөлек жаратылған жан екенін бірден таныдым. Оның сөз саптауы, көзқарасы, жүріс-тұрысы, азаматтығы ұнады. Бір-бірімізге жақын жүрдік. Ол кезде Мағауия жас. Басын тауға да, тасқа да ұрып, ізденісте жүрген кезі еді. Ол өз қуатын сезетін. Ара-тұра «мен тегін адам емеспін» деп айтыпта қоятын. Өзінің стилі жайында әңгімелегенді ұнататын.Кей кезде «Жалын» журналының мұқабаларына суреттері жарияланады. Жасыратын несі бар, соны бірге жуып жүрген кез де болды. Ол әрбір жарық көрген туындысына балаша қуанушы еді. Әрине мен Мағауиямен қатты араласып кеттім деп айта алмаймын. Онымен жігіт, азамат ретінен гөрі, суреткер ретінде көп араластым, көп ақылдастым.Үнемі өнер жайында әңгіменің тиегін ағытып қойып, отырушы едік. Мен КазПИ-де не істеп жүрмін, оның ода шаруасы болмады. Өнерге деген ортақ бір үндестік болды ма, неге екені қайдам, әйтеуір маған жақын жүруге тырысты. Шеңберге сыймайтын талант еді. Үнемі қайнап жүретін. Ізденісі, ұмтылысы көп-тұғын. Амал қанша? Қазір енді өтен шақпен сөйлеп отырмын. Бірақ ол із-түссіз кетті дегенге көңілім сенбейді. Алыс сапарға кеткендей, қайтып келетіндей көрінеді де тұрады. Жаман айтуға аузым бармайды. Мына жапон елінде суреткерлерге тән бір мінез дейміз бе, дәстүр дейміз бе, бір деңе бар. Кемеліне келіп, барын берген суретшілер кенет жоғалып кетеді де, басқа атпен, басқа стильмен екінші бір жерден жарқырап көрінеді. Бәлкім біздің Мағауияда сондай жолға түсті ме екен? Басқа кеңістікке кетіп қалды ма, құдай біледі. Жұмыс басты болып кеттік. Әркім өзінің тірлігімен шапқылап кеткен бір заман болды. Сүйтіп жүргенде араға он-он бес жыл түсіп кетті. Ұмытпасам, театрға директор кезім бе екен, бірде Мағауия келіп тұр. «Портретіңді салдым» дейді. «Қалай?» деймін таң қалып, суретші кейіпкерін шеберханаға шақырып, бірнеше сағат отырып, байқап, зерттеп барып салушы еді, сен қалай салдың?» -деймін ғой. «Мен сізді білемін ғой» дейді жымиып. Бардым. Көрдім. Ұнады. «Женденттер» деген спектакльдегі образым екен. Тек кейбір жерін жөндеу керектігін айттым. Біраз уақыт салып, тағы шақырды. Тастай қылып жөндеп, салып қойыпты. Терең ойлы, сұғыла түйсікті, сирек талант еді. Қазір ортамызда, Мағауия жоқ дегенге көңілім сенбейді. Бір күні жарқылдап келіп қолымды алып жататын сияқты болып тұрады.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ