Тілсіз қалған тағдыр

Біз әңгімеге арқау еткелі отырған азамат иісі қазақтың марғасқа ұлы. Құдай берген сазгерлігінің арқасында халықты әнге бөледі. Дара талант екенін танытты. Мойындатты. Амал қанша, сұғанақ көз өтті ме, қорғасыннан ауыр сөз өтті ме, әлде талайына жазылған сол болды ма, гүлденіп тұрған шағында қанаты қырқылған қырандай күй кешті. Оқыс оқиғадан кейін мүгедек атанды. Қазір, елеусіз, ескерусіз өз тағдырымен өзі алысып саяқ күн кешіп жатыр. Елдің көмегіне зәру. Қол үшін берер адам жоқ. Тасбауыр қоғам түсін берер емес. Осындай да «НЕГЕ БІЗ ОСЫ ҚАТЫГЕЗ ДЕ, ҚАСИЕТСІЗ БОЛЫП КЕТТІК… НЕГЕ БІЗ ОСЫ…» дейтін Оралхан Бөкейдің бір кейіпкерінің сөзі көкейге оралады. Расында неге біз осы қатыгез боп барамыз? Қазақтың арыстай азаматы көмекке зәру болып жатқанда, түк білмегендей, ештеңе естімегендей көрсоқыр, таскерең адамның кейпінде жүреміз. Неге? Той-томалақ десе, айдарымыздан жел есіп, айқұлақтана шауып, барды шашып, шабыламыз. Ал қазағым деп күн кешкен арда ұлдың басына күн туса, қарабайлығымыз ұстап, сараңданып қаламыз. Неге біз осы… Төмендегі әңгіме белгілі сазгер Темірәлі Бақтыгереевтің бүгінгі тағдыры жөнінде…

«Барып қайт, балам ауылға» деген әнді естімеген қазақ жоқ. Иә, үлкен сахнада тұрып қазақтың белгілі азаматы Тұңғышбай әл-Тарази талай рет нәшіне келтіре шырқады. Иісі қазақ қосыла айтты, қосыла ыңылдады. «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деп дана Абай айтпақшы, шындығы сол, жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетеді. «Барып қайт, балам ауылға» сондай ән еді. Бірақ жұрт сол әннің авторын біле ме? Әй білмейді-ау. Білсе, үн қатар еді ғой. Жарымжан жанға қол үшін созар еді ғой… Өзге тұрмақ, аман-сауында аралас-құралас бірге жүрген достарының өзі «ол әлі тірі ме?» деп сұрауы ыңғайсыз емес пе? Кешегі дуылдатып бірге жүрген дос-жаран бүгінде халін сұрауға уақыты жоқ. Уақыты бола тұрса да, елегісі келмейді, ескергісі келмейді. Өйткені төсек тартып, сөйлеуге тілі келмей күрмеліп жатқан жан кімге керек? Қасірет пе, қасірет. Басқа сөз жоқ. Әңгімемізді нақтылайтын болсақ, атақты әннің авторы, белгілі сазгер Темірәлі Бақтыгереев тоғыз жылдан бері сырқат, төсек тартып жатыр. Заманында өз ортасының көркі болған, аққұба, ұзын бойлы сымбатты жігіт бүгінде қарыс қадам жасауға зар. Күн ұзақ жұмсақ диваның бір бұрышында отырып, тек радио тыңдаудан артық тірлікке жарамай қалған. Екі жылдан бері теледидар көруді де қойыпты. Тілі де күрмеліп, сөйлеуге икімделер емес. «Осыдан тоғыз жыл бұрын көлік қаққан. Құлағанда басы жолдың қырындағы тасқа соғылса керек. Сүйек сынған. Оқиға кешкілік болған. Маған түнде Қалқамандағы ауруханадан телефон шалды. «Жарылған басқа отаны таңертен жасаймыз» десті. Бәлкім, ота дер кезінде жасалса, бәрі басқаша болар ма еді қайдам? Мен бұл жерде ешкімді кінәламаймын. Енді маңдайына жазғаны сол болар. Бас сүйек шағылып, ортасына қан ұйып қалған екен. Амал қанша, ота кезінде жүйке талшығына зақым келген. Содан дұрыс болмады ғой. Денесінің сол жағы жансыз. Тек оң жағында тіршілік бар. Содан бері төсекке таңулы. Кезінде «Темеке» деп жыртылып –айрылатын достары қазір есіктен қарауды қойды. Іздемейді. Тіпті кезінде жақсы араласқан бір досы бірде біреуден «ол әлі тірі ме, өлмеп пе еді» деп сұрайтын көрінеді. Осыны естігенде өмірден түңіліп кеттім. Әркім қарақан басын күйттеген заман болды ғой. Қайтейін. Кімге барып мұң шағасың, кімге барып өкпе-наз айтасың. Жаны таза Темірәлі ешкімның алдын кеспеп еді. Ешкімнің тұнығын шайқамап еді, ешкімнің алындағы ырысын ішпеп еді. Үлкенін аға деп, кішісін іні деп сыйлап еді».

Сазгердің жары Жамила апай күйіне сөйледі, күрсіне сөйледі. Темірәлі Бақтыгереев көлік оқиғасынан біраз бұрын, яғни 1989 жылы «Бехтерева» деген жұлын ауруына шалдыққан. Екінші топтағы мүгедек-тұғын. Қазір бірінші топтағы мүгедек. «Бәрін де қойшы–дейді жары,-–Мені де, Темірәліні де қинайтыны тән жарасы емес, жан жарасы. Темірәлі 90- жылдары композиторлар одағына мүшелікке өткен. Бірақ кейіннен мүшелік билетін жоғалтып алып еді. Ал композиторлар одағы өзге жаққа қоныс аударды. Сол кезде шашылып қалды ма, мұрағаттан Темірәлінің мүшелікке өткенін таппай қалдық. Жанды қинайтын осы. Кейде «композитор» деген тілдей қағазың да керек болады екен. Біздің қоғам соған қарап адамды бағалайды. Амал қанша? Іздендік. Бірақ композиторлар одағының қазіргі төрайымы Балнұр Қыдырбек «оқымаған әуесқой сазгерді одаққа алмаймыз» деп басын ала қашады. «Кезінде одаққа мүше болды» десек, те мізбақпайды. Қайтерсің, енді?! Бір тілім қағаз ғой. Ауру, жарымжан жанға қуат болсын, жанына дәтке етсін дей салса қайтеді. «Барып қайт, балам ауылға» сияқты әнді екінің бірі жазып жатқан жоқ қой. Темірәлі қырық жылдық шығармашылық өмірінде 250- ден астам ән жазды. Бұл аз ба? Жанымызды алай-дүлей еткен тағы бір нәрсе, сол «Барып қайт, балам ауылға» әніне арманда кеткен қазақтың арысы, таэквондо шебері Мұстафа өз Түрік фильм түсіртті. Ән атамекенін аңсап жеткен азаматтың көңіл-күйін дәл бере біліп еді. Өкініштісі, титрдағы жазуда «сөзі А.Қыдырбаева, әні С. Әбдінұров» деп тұр. Жылайсыз ба, күлесіз бе? Режиссердің бұл қай басынғандығы? Әннің авторы Темірәлі екені алты алашқа мәшһүр емес пе еді?! Тағы бір әнін тағы бір белгілі адам иеленіп жүр. Адамның көзі тірісінде осындай қиянпұрыс тірлік жасап жүргендер, Темірәлі дүниеден озса, бүкіл әнін талапайға салып жібере ме деп қорқамын. Сондықтан оның бүкіл шығармаларын патенттетсем деймін. Темірәлі қырық жыл шығармашылықта жүрсе де жеке үйге қол жеткізе алмады. Екі әннің басын құрағандарға үйіп-төгіп беріп жататын атақ та, арнайы бір сыйлық та бұйырмады. Міне биыл алпыстың екеуіне толып отыр. Қайдам, енді талайына жазылғаны сол шығар.. Шығармаларын жеке кітап етіп шығарсам. Әндеріне іріктеп бір диск жаздырсақ деп ойлаймыз. Аман болса, келер жылы пайғамбар жасына келмек. Бір ән кешін ұйымдастырсақ деген арман бар. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Қолды байлайтыны сол, қайтейін. Темірәлі Батыстың жігіті ғой. Кезінде Оралда оқып жүргенде қазіргі Астана қаласының әкімі, халықтың танымал ұлы Иманғали Тасмағамбетовпен бірге пәтер жалдап тұрды. Алматыға келген соң араласпаған атақты адамдары қалмады. Журналист те болды, телеарна, радио, театрда да жұмыс істеді. Нұрлан Өнербаевқа да гитара үйретіп, әнші болуына қол үшін беріп еді. Тұғышбайға да сахнада тұрғызып («Барып қайт, балам ауылға») ән айтқызды. Тағы бір қырынан танытты. Асанәлі ағамен де жақын болды. Ұлдары қайтыс болғанда «Сағындым баламды» деген ән жазып берді. «Асыл аға» деп Әбіш Кекілбайға да ән арнады. «Заманбек-заман» деп Заманбек Нұрқаділовқа, «Әнім-Шәмші» деп қазақтың ақиық азаматы Шәмші ағаға ән арнады. 250- ден астам ән жазды ғой. Сол әндердің көпшілігі орындалып жүр. Кейбір әндері әлі өз орындаушысын күтіп, шаң басып жатыр. Аман-сауында араласқан, дос болған, бірге жүрген азаматтар қазір араласпайды. Оларға көмек бер деп тұрған жоқпын. Ең құрыса, «Темеке, аман- саусың ба, барсың ба?» деп келе алмаса да бір телефон шалып жатса, соның өзі жарымжан жанға үлкен демеу ғой. Сөне бастаған құштарлығы қайта оянбас па еді…». Сазгердің жары осылай дейді. «Ғашықтар сенімі», «Таңғы тілек», «Кешір мені», «Қазақ елім», «Сағыныш», «Көктөбе», «Ер Махамбет», «Барып қайт, балам, ауылға», сияқты әндерін Нұрлан Өнербаев, Нұржамал Үсенбаева, Тұңғышбай әл Тарази, «МузАрт» тобы, С.Жұмағалиев, Г.Сиқымбаева, Е.Хасанғалиевтер орындап жүр. Осының өзі дәтке қуат. Ән барда, Темірәлі де бар. Өлмейді. Әнмен бірге жасайды. … …Сазгер ағаның үйінде отырмыз. Тілі күрмеліп сөйлеуден қала бастаған ағамен, жары Жамила апаймен өткен күндер жөнінде сыр шертістік. Ескі альбомды ақтардық. Темірәлі ағамен құшақтасып бірге түскен біраз танымал адамдарды көрдік… «Баяғыда «Самал» мөлтек ауданында тұрдық. Қазақтың талай марғасқалары мекендеген жер ғой. Жұрт қалжыңдап «ыдыс-аяқ» ауылы дейтін… Құман (Тастанбеков), Шөмішбай (Сариев), Темірәлі… бәрі де жұрт айтқандай ыдыс-аяқтың атауы емес пе?» Жамила апай жымиды. «Қайран уайым-қайғысыз сол күндер-ай!». Апай көзіне мөлтілдеп келген жасты қолымен сүртті…

«Аға арманың бар ма?» дедім. «Арман ба?– деді сазгер қабырғаның бір бұрышына ойлана қарап.

– «Маған ақша керек емес, композитор деген атағымды қайтарып берсе екен, басқа ештеңе дәметпеймін».

…Тілі күрмеліп әрең сөйледі.

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

(мақала 2012 жылы «Айқын»  газетінде  жарық көрген. Қазір Темірәлі  Бақтыгереев қайтыс  болған).