
Үнемі болмаса да аратұра күнделік жүргізетін әдетім бар. Сонау мектеп қабырғасынан қалған дағды. Өткенде он шақты қалың дәптерден тұратын күнделікті ақтарып отырып, сонау 1982 жылы жазылған бір дүниеге көзім түсті. 9 мамыр – Жеңіс күні қарасаңында жазылыпты. «Қарт жауынгердің қасіреті» деп тақырып қойып, майдангер ақсақалдың айтқандарын рет-ретімен күнделікке енгізіппін. Жазбаның соңына «майдангердің өмірі туралы көркем бір әңгіме қалай да жазу керек» деп түртіппін.
Одан бері 32 жыл өтіпті. Бірақ жазылған ештеңе жоқ. Тіпті күнделікте майдан даласында толарсақтан қан кешіп, сол кездің тілімен айтқанда Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ардагер жөнінде жазылған естелік барын да ұмытып кетіппін. Тек өткенде жазған-сызғандарды реттеп отырғанда ғана көзіме түсті. Оқып шықтым. Майдангер қарияның айтқандары жандүниемді езіп жібергендей болды.
Міне, тағыда 9 мамыр келіп қалды. Фашистік Германияны жеңгенімізге 69 жыл толмақ. «Ештен кеш жақсы» демекші, айтылған әңгімеге 32 жыл өтіп кетсе де газет бетіне ұсынуды жөн көрдім.
- жыл. 8 мамыр. Үржар. Аудандық мәдениет үйі.
Аудандық Мәдениет үйінде Ұлы Отан Соғысының ардагерлерімен кездесу сағат 11-де басталып, түскі 1,30-да бітті. Майдангерлер соғыста бастан кешкендерін айтты. Арты мерекелік концертке ұласты. Бұл жерге аудан мектептеріндегі үздік және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан оқушыларды ғана әкелген. Біздің ауылдан мен және бірнеше оқушы бар. Алдыңғы қатардан орын тиді. Өңірі орден-медальге толы, бір қолы жоқ майдангер ақсақалдың жанына отырып қалыппын. Бір реті келгенде, «Ата соғыста бастан кешкендеріңізді айтып бересіз бе, мен аудандық газетке жазайын?» деп сыбырладым. Өйткені аудандық және республикалық балалар басылымдарына мақала-өлеңдерім жиі шығып тұратын. Несі бар, майдангердің өмірі туралы жазып, газет бетінде шығарып жатсам, артық болмас деп ойлағанмын. Бетіме бажырая қараған шал, басын изеді. Салтанатты жиынан кейін, келгендерді жақын маңдағы асханаға апарып тамақтандырды. Майдангер қарт сол жерде бар сырын ақтарып салған. «Үржар – ол кезде кішкентай ғана ауыл еді. Мен он тоғыз жаста үйлендім. Арада үш күн өткен соң соғыс басталды» деп бастады майдангер әңгімесін. Дәл осы жерде мен жақшаның ішінде, Мұқағалидың «Келіннің бетін ашқан-ды, иіліп байқұс жасқан-ды. Жасқанды тағы жас қалды, ертесін соғыс басталды. Алды да кетті жастарды» деген өлеңінен бір шумақ келтіріп, Темірәлі ақсақалдың басындағы трагедияны Мұқағали ақын бір шумақпен келтіріпті-ау деп жазыппын. «Әке-шеше 1932 жылдың аштығы кезінде, жұртпен бірге арғы бетке (Қытайға) өтеміз деп көшкенде шекара маңында болған атыс кезінде оққа ұшты. Шекарашылар қашқан жұртты кері қайтарды. Содан Үржар маңындағы кішкентай бір ауылға келіп тұрақтадық. Әке-шешеден екі ұл едік. Кішісі – мен. Ағам атқа орақ арбаны жегіп, колхоздың шөбін шауып жүріп, ат үріккен кезде байқаусыз ораққа түсіп қалып, бір аяқтан айрылып шойнақ болып қалды. Тұрағымыз ауылдың бір шетіндегі, жар басындағы жаман үй еді. Білім алдық. Сүйтіп 1941 жылдың маусым айының ортасында үйлендім. Бір жарлы-жақпайдың қызы еді. Амал қанша арада екі-үш күн өткен соң соғыс басталды. Жар қызығын дұрыс көре алмай соғысқа аттанғандардың алды болып кете бардым. Аякөзге әкеліп пойызға тиеді. Содан Новосібір деген қаланың түбіндегі Пашино деген елдімекенге әкеліп, соғысқа даярлады. Мылтық атамыз. Қара күзде Мәскеу түбіне тастады. 16 армияның құрамында соғыстым. Қатты қырғын болды. Мұндай қанды қасапты бірінші көруім. Қиын екен. Аңырап келіп төбеңнен құйылған бомбы мен снаряд. Қарша бораған оқ. Бас көтерудің өзі қиын. Кеше ғана бірге жүрген талай боздақ опат болды. Қол қалт еткен шақта, блиндажда отырып, ауылға, арта қалған жарға хат жазамын.
Маржаннан (әйелімнің аты) алғаш хат алғанда, көзіме жас келді. «Ардақты Темірәлі хал-жағдайың қалай? Жауды жеңіп қашан қайтасыңдар? Мындағы таныстарың дін аман. Біз қыз-келіншектер орақты бітіріп, қазір орталыққа өзгіз арбамен астық тасып жатырмыз. Маған алаңдама. Өзіңе сақ бол» деп келетін хатың басы. «Аман есен елге орал. Баласы көп бақытты отбасы боламыз. Сол күнге тез жетейік. Өзіңді сағынушы алыстағы жарың Маржан» деп бітетін хаты.
Желтоқсан айында қарсы шабуылға шығып, немістерді Мәскеу түбінен ығыстырып тастадық. Бұл үлкен қуаныш, үлкен жеңіс еді. Бірақ мен қуана алмадым. Өйткені соғысқа баруға жарамсыз болып ауылда қалған ағамнан хат алғанмын. Онда жарым Маржан және тағы бір келіншек астық тиеп орталыққа апарып, түн ішінде кері қайтқанда қасқыр қамап, талап жеп кеткен екен. Қақаған қыста оларды іздеп артынан ешкім шықпаған. Тек екі-үш күн өткен соң, жоғалғандарды іздеп шыққан халық, астық тиейтін шананы, өгіздің шашылып қалған бас аяғын, екі келіншектің шашын ғана тауыпты. Өлгім келген. Бірақ жан қию оңай емес. «Осының бәріне кінәлі сенсің, зұлмыр неміс» деп өршелене соғыстым.
1942 жылы атақты Ржев маңындағы соғысқа қатыстым. Өте қиын болды. Өлген-тірілгенімізге қарамай алға ұмтылдық. Қан өзен болып ақты. Осы Ржев ендігіндегі соғыста мыңдап, жүз мыңдап сарбаздар қырылды. Бірақ қолбасшылар солдаттардың өлгеніне қарамады. Тек алға ұмтылуға бұйрық берді. Бұл бір ойластырылмаған шабуыл болды. Тек 1943 жылдың наурыз айында ғана Ржев қаласын азат ете алдық. Сол Ржев түбінде қатты жараландым. Есімді дала госпиталінде жидым. Сол жерде жаралыларды емдеп, зыр жүгіріп жүрген бір қазақ қызымен таныстым. Орта бойлы, талдырмаш денелі, аққұба қыз. Есімі – Жазира. Өзге ұлттардың ортасынан көзіме тым жылы ұшырады. Оған да солай болса керек. «Аға, қам жемеңіз. Жараңыз қорқынышты емес.Тез тұрып кетесіз» деп жаныма жиі келіп тұратын. Ол да менің жерлесім Аякөздің маңынан екен. Новосібір қаласында соғысқа дейін дәрігерлік оқу оқып, соғыс басталған соң майданға өзі сұранып келіпті. Ағалы-қарындастай болдық. Бірде жылап отырып, ауылдағы қалған жарымның бастан кешкенін айттым. Ол да көзіне жас алған. Ржевтегі әскери госпитальде үш айдан артық жаттым. Жазираға үйреніп қалғаным сол, ол көрінбей қалса, «майданға сұранып кетіп қалған жоқ па екен?» деп алаңдайтын болдым. Бірде оған деген өзімнің сезімімді ақтардым. «Аға, соғысты бітіріп, елге қол ұстасып қайтатын боламыз» деп еркелеп, көзіне жас алып, басын иығыма сүйеген сәті әлі есімде. Еш уақытта ұмытқан емеспін». Күнделіктің осы тұсына Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз» деген өлеңінен бір шумақ келтіріппін. «Өңімде ме еді, түсімде ме еді, Көріп ем ғой бір армандай қызды… Бір нәзік сәуле күлімдеп еді, Сұрапыл соғыс соқты да бұзды». «Жарам жазылған соң, қайтадан майданға сұрандым. «Еліңе барып демалып қайт» дегенге көнбедім. Соғысты Латвия жерінде – Курляндия шайқасымен аяқтадым. Ол жерде 10 –гвардиялық армияның сапында болдым. Бұл аралықта Жазира екеуміз хат жазысып тұрдық. Кешігіп болса да, майдан даласына хат келіп тұратын. Ол екеуміз соғыс біткен соң елге бірге барып үйленетін болып келіскен едік. 1945 жылы 9 мамырда неміс–фашистер тізе бүккенмен, Курляндияда қанды шайқас жүріп жатты. 14 мамыр күні минаға түстім. Одан ары есімде жоқ». Осы жерге келгенде тағы да Қасым ақынның өлеңінің бір шумағын келтіріппін: «Барамын сөніп, Барамын сөніп. Жұтар ма мені мына сұм соғыс? Арманым бар ма, өлсем бір көріп, Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!» «15 күні Курляндияда немістердің «Сотүстік» деп аталатын тобының қалдығы тізе бүкті. Бұл кезде мен есімді білмейтін едім. Араға оншақты күн салып қана өзіме келдім. Сол қолым түбімен жоқ. Мина жұлып кеткен. Денем шұрқ тесік. Әйтеуір көрер жарығым бар екен. Сол 1945 жылдың сарша тамызына дейін Лиепая қаласындағы әскери госпитальде жаттым. Жазирадан айрылып қалдым. Олай дейтінім, оның Режев қаласындағы госпитальдағы адресі жаралаған кезде жоғалған. Одан кейін ол майданға сұранғанын білемін. Естанды халде шілденің соңына дейін жаттым. Тек тамыздан бастап оңала бастадым. Сол айдың соңында жүруге жараған соң елге қайттым. Көңілім алай-дүлей. Жолай Ржев қласына соқтым.
Осы жерде күнделігіме тағы да Қасым ақынның өлеңін келтіріппін. «Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым, Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс. Келемін қайтып, өлеңді айтып, Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!» «Жазира істеген госпитальді іздедім. Бірақ таппадым. Соғыс біткен соң өзге қалаға қоныс аударса керек. Аякөзге соқтым. Жазираның аты-жөнін айтып іздемеген жерім жоқ. Ең соңында әскери комиссаратқа соғып, сол жерде Жазираның 5-ші екпінді армияның сапында соғысып, Берлин түбінде Зеелов төбесін алу кезінде қаза тапқанын естідім. Елге оралдым. Колхозда еңбек еттім. Бірақ қайтып үйленбедім. Өйткені жарым да, одан кейінгі сүйген қызым да сол қанды соғыстың құрбандары. Солардың аруағын сыйладым. Үнемі Ұлы Жеңіс күні солардың аруағына құран оқимын, есіме аламын. Балам бұл жазуға тұрмайтында шығар. Бірақ менің басымнан өткен қасіретті жағдай осындай» деді майдангер қарт әңгімесіне аяқтап. «Ата, бұл мақаладан гөрі үлкен әңгіме жазуға болатын дүние екен. Бәлкім кейін үлкейтіп жазармын» дедім. Темірәлі ақсақал менің айтқанымды естіді ме, жоқ па, білмеймін. Ойланып отырып қалған. Бәлкім қанды соғыс жылдары жоғалтқан сүйіктілерін есіне алды ма екен?». Күнделік осы жерден бітіпті. Тек соңына «түбі осы майдангер айтқан әңгіменің желісімен көркем әңгіме жазамын» деп жазыппын. Бірақ күні бүгінге дейін ештеңе жазбаппын. Араға 32 жыл салып сол майдангердің айтқанын түсірген күнделіктегі жазбаны газетке ұсынып отырмын.
Осы жазда елге барсам, Темірәлі ақсақалды іздемекпін. Бәлкім әлі тірі болар…
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ