Анасы бар адамдар…

Бірінші қаңтар  – аяулы да ардақты анам Сәлиманың туған  күні. «Негізі  өмірге  келген кезім, әкем Құсайынның  айтуы  бойынша, жеміс-жидек  піскен  кез.  Шамасы  тамыз-қыркүйек  айлары  болуы  керек. 

Бірақ  сонау  Қытайдан  бері  өткен  кезде   орысша  білмедік.  Құжат толтырып  отырған   орыс  қатын  «1  қаңтар»  деп  жаза  салыпты. Жалғыз  мен  емес, қаншама  адамның  туған  күні  солай  толтырылып  кетті  ғой. Әйтеуір туған  жылым 1936  екенін  білемін.  Онда  да  әке-шешем «Мүсірәлі  молда  атылған  жыл»  деп  отыратын. Мүсірәлі  молда  қытай  саясатына  қайшы  тірлік  жасаса  керек-ті.  Ауылдағы  жұртты  жинап,  елдің  көзінше  атып  тастапты.  Жыл  санау  бойынша  есептегенде  молданы  атқан жыл   сол  1936  жылға  келеді екен. Сол  жылы Шәуешектің  түбіндегі   Іргейті ауылында  дүниеге келіппін»  деп  отыратын. «Он  алты  жасымда   әкеңе  тұрмысқа  шықтым.   Әкең  жетім жігіт еді.  Қолында  көп  еш  нәрсесі  болмады.   Қалың  мал  ретінде  бір сиыр, бір тері  тон,  бір  кілем берді.   Әке-шешем соған ырза  болысты. Әкең  Әмірбектің  әке-шешесі аштық  жылы  бергі  бетте, кеңес  елінде  қалса  керек-ті.  Сол  32-жылы  көшкен  елмен Қытайға  баласын  жетелеп өткен атам  Ұлықбек   Әмірбекті  бір  ұйғырға  жарты  пұт  бидайға  сатып  кеткен  екен.  Онда да «Кеңес  жерінде  қалған  отбасымды    алып  келгенше   сізде  қалып,   малайлық  жұмыс  істей  тұрсын.   Келген  соң  қайтарып аламын»  деп  аманаттап  кетсе  керек-ті. Бірақ  атам Ұлықбек   арғы  бетке  өтіп  Жарма  маңында тұратын отбасына аман  жеткенімен  қатты  ауырып, бақи болып  кеттіпті.

Содан  әкең  туғандарынан  ажырап  қалған.  Сол  ұйғырдың  малын  бағып,  диірменін  тартып,   ержеткен. Кейіннен  Майтау  деген  жерде  жұмыс  істеп,   қара  танып, Қытай  коммунисі  атанды. Одан  Шәуешекке  келіп, туыстарын  іздеп  тауып, жұмысқа  тұрды.  Сол  кезде Шәуешекте  тұратын  туысқандардың  үйіне қонаққа  барғанда,  мені  көріп,  ұнатып, ақыры   отбасын  құрдық  қой»  деп  отырушы  еді  шешем  өткен  күндерді  еске  алып.  «Ол  кезде  қолда  ештеңе  жоқ. Әкең  екеуіміз  отын шауып Шәуешектің  базарында  сататынбыз. Таң  атпай  өгіз  арбамен   қырға  кетеміз. Түске дейін   арбаны толтырып,   әкең базарға кетеді.  Ол  келгенше   мен   отын  шауып, қол  орақпен  шөп  орып  даярлап  қоямын. Базар  тарқағанша  тағы  бір  арба  отынды   сатып үлгереміз.  Содан тапқан азғантай  нәпақаға  риза  едік. Әкеңнің  қара танып, қытай коммунисі  болғанының пайдасы  тиді. Көп  ұзамай  коммуна  басқарды  ғой.  Сол  кезде  ғана  тұрмысымыз  түзелді. Әкең  еңбекқор  еді,  әділ  еді.  Содан  болар, Шәуешектің  қазағы  да, қытайы да,  ұйғыр-солаңы да  оны  сыйлады» дейтін  шешем  өткен  өмір еске алған  кезде.

Әкем  2005  жылы  79  жасында  дүниеден  өтті. Жыл  сайын  ауылға  барғанда  баяғыдай әкей  болмаған соң,  шешемді айналсоқтап  жанынан  шықпаймын.  Әкем  жайлы,  өткен-кеткен  өмірін  сұраймын. Жанары  жасаурап,  шай  құйып  отырып,  шешем әкем  жөнінде, бірге  өткен   өмірін  еске  алып,  ұзын-сонар  әңгіме айтатын. Сөйткен  шешеміз  де  сексенге  толып  жатыр.   Аз  жас  емес. Шешем айтатын: «62  жылы   сәуірдің  соңында шекараға  жақын  отырған  қазақтар бергі  бетке  өткен  кез  еді. Бір  күні Әмірбек   коммундағы  жұмысшылардың  еңбекақысын алып  келемін  деп Шәуешекке кеткен.  «Шекара ашылды»  дегенді ести  салып,  қазақ  біткен   барын  қолына  алып жапа-тармағай  көшіп  жатыр. Ауылдың  тең  жартысы бірер  күнде  кетіп  қалды. «Келген  соң  көшеміз,  қамданып  отыр»  деген   соң, дүние-мүлікті  жиыстырып,   өгіз  арбаны  майлап, даярлап  отырғанмын. Әмірбек   таңертең  кеткен.  Түс ауа  ауылға  бір  машина  қытай  солдаттары  сау  ете  түсті. Ауыл  басшысы  Әмірбек  болған соң,  бірден  бізге  келді.  Сөйтсем  «ауылға көшіңдер деп іріткі  салған»  деп Әмірбекті  ұстауға  келген екен. Үйді  ары тінітті-бері тінітті.  Олар  кеткен  соң әкеңмен  бірге  жұмыс істейтін бір ұйғыр  келіп, «балаларды  алып  арғы  бетке  өте  берсін. Мен  сол жақтан күтемін»  деп Әмірбек  сәлем  айтты  деген  соң, балаларымды  алып, өгіз арбамен   шекара  қайдасың  деп  тартып  кеттім. Әкең  бізді  шекарада  күтіп  жүр екен.  1962  жылы  Қытайдан   бері  өткен  көп  қазақтың  бірі  болып,  біз де  ата-баба    мекеніне   оралдық».

Бұл шешемнің  өткен-кеткен  өмірі  жөнінде   үзіп-үзіп айтқандары. Егер де  әкем мен  шешемнің   айтқандарының басымен соңын құрастыратын  болса, Қытайдағы  қазақтардың  өмірін  жазған  жазушы Қабдеш  аға  Жұмаділдің  «Соңғы көшіне»  пара-пар   көлемді   шығарма  туар  еді. Кейде  алыста  жүріп  шешемнің   мейрін аңсаған  кезде   мына бір  оқиға  жиі  еске  түседі.

Әлі  есімде  бесінші  сыныпты  бітіріп,  алтыншыға  көшкен  кез. Жаз бойы  ойнап, жаңа  оқу  жылына  жақын  қалғанда  тыпырладық  та  қалдық. Жүгіріп  жүріп  мектеп  формасын,  көйлек-көншек,  аяқ  киім дегендей  бәрін  алдық. Бәрі  дұрыс,  бәрі  су  жаңа.  Тек   мектепке  ұстайтын сөмкем  ғана  ескі. Лақтырып  ойнап, түбі  қақырап жыртылған,  ұстайтын  құлағы  жұлынған.  Бірақ  әкем  кендір  жіппен  тігіп  қойыпты.  Дегенмен   ескінің  аты – ескі,  тігілгеннің  аты  – тігілген.  «Жаңадан  сөмке әперіңдер. Әйтпесе мектепке  бармаймын»  деп шу  шығардым. «Құлыным-ау,   оған  ақша  жетпейді. Дүкенде  арзандары  өтіп  кетіпті.  Тек  қымбаты  қалған.  Алдыңдағы  ағаң  мен әпкеңе,  қарындасыңа  киім-кешек  әпердік. Сөмкені әкеңнің  алдағы айлығынан  әпперейін.  Әзірге  осыны  ұстай  тұр»  деген  шешемнің  сөзін  тыңдағым  келмеді.

Ертесінде  шешем  түс   кезінде  көрші  үйге кеткенде, үйдегі шамадандарды,  шифонерді  ақтарып  жүріп, қаттап  жинап   қойған пұлдардың   арасынан Лениннің  басы  салынған   қызғылт  күрең   5-6  он сомдықты  тауып алдым. Шешем  тығып  қойса  керек-ті. Соның екеуін  қалтама сүңгіте  салып,  орталықтағы  дүкенге жүгірдім. Жанымда досым  Дүйсен  бар. Расында  шешем айтқандай  арзан сөмке  жоқ. Тек  жалғыз  ғана  қолтырауының    терісінен  тігілген  жарқырған қызғылт  аспалы  сөмке  тұр. Әдемі. Дүкеншіден  сұрап арқама асып көрдім.  Жарасып  кеткен  секілді.   Бірақ бағасы удай.  Он  алты  сом. Жетпісінші  жылдардың  ортасында  ол  бірталай  ақша  болатын. «Аламын» дедім. Қалтамдағы   жиырма  сомды дүкеншіге  ұстаттым. Қалған  төрт  сомға  Дүйсен  екеуміз мәмпәси,  печене,  лимонад  алдық. Тойғанша  іштік,  жедік. Жол  бойы  ойнап,  сөмкені асып   үйге  кешке  ғана  оралдым.  Жаңа  сөмкені көріп  шешемнің түрі  бұзылып  кетті. Әкем тек  жымиды да,  қойды.  Дауыс  көтеріп,  ұрса  бастаған шешемді: «жә, қатарынан  қалмасын.  Алсын,  ұстасын»  деп   әкем  басып  тастады. «Ұйбай-ау, мен аяп  отыр  дейсің  бе?  Ана  үлкен  ұлың  велосипед  әпер  деген  соң,  қағыстырып  отырған  ақша  ғой. Оған  не деймін енді?», -деп  шешем  біраз  тызалақтап  барып  басылған. Әкем  болса,  «өйтіп  ұрлық  жасама, үйреніп  кетесің» деп  маңдайымнан  бір  искеп   қойды. Сосын «бәйбіше  ұлыңның алғаш  рет  сауда  жасағанын  жусаңшы.  Аман  болса,  ол ақшаны  бұл  балаң  әлі  талай қайтарады»  деп кеңк-кеңк  күлген. Расында  алтыншы  сыныпты  бітірген жылы жазғы каникулда  оқушылардан  құралған  өндірістік  бригада да   жұмыс істеп,  үйге 32 сомды алып  келгенде, әке-шемнің  қуанғанын  көрсең! Шешем тыққан  жылы  жұмсағының  бәрін  шығарып, алдыма  тосқан. Бұл сол  бір бала күнен  қалған   естелік-тәбәрік.

Одан бері  талай заман  өтті. Есейдік, етек жаптық. Жігіт ағасы  болатын  жасқа  жеттік. Өткен  өмірде  еске алар естеліктер  жеткілікті. «Анасы  бар  адамдар  қартаймайды»  демекші,  әлі  де ауылға  барғанда жасымыз  біразға  келсе де,  еркелеп,  тасыраңдап  қаламын. Өзінің айтуы  бойынша,  шешем Сәлима  он  алты  құрсақ  көтеріпті. Соның сегізі  дін  аман.   Бәрі бір-бір  отбасы  болып  отыр. Бүгінде   он  жеті  немере, он  екі  шөбересі  бар. Сексен  жас аз  емес. Бірақ мұны  құдай  көп  көрмесін. Жүзге  келіп  шөбере,  неменелерінің  ортасында  отырса да   дейміз…

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ